Алла сүйген күнәһар құл
Алла Тағала Мұса пайғамбарға: «Әй, Мұса! Пәлен деген жерде Менің сүйген құлдарымның бірі қайтыс болды. Сен соған барып, қызметін жаса», – деп пәрмен етті.
Мұса Пайғамбар тез арада айтылған жерге жетті. Сөйтіп алдынан кезіккен жұрттан сұрастыра бастады:
- Осы түнде осы елде Алланың бір әулие құлы қайтыс болды ма?
- Уа, Алланың елшісі! Әулие құлдардан ешкім қайтыс болған жоқ. Ал, бірақ күнаға белшесінен батқан бір жас жігіт көз жұмды, – деді жолыққандар. Тағы бір кісі: «Оның азғын болғаны сонша, оны көмуге ешкім бармай отыр» – дегенді айтты. Мұса Пайғамбар: «Менің іздеп жүргенім сол жігіт. Маған жол көрсетіңдер», - деді.
Сөйтіп әлгі жігіт қайтыс болған үйге кірді. Кірсе, үйдің іші рақым періштелеріне толы екен. Өлген жігітке Алланың мейірімін жаудырып жатыр. Мұса Пайғамбар таң қалып, Аллаға дұға етті: «Уа, Алла Тағалам! Сен бұл жігітті «сүйген құлым» дейсің. Ал, халық болса, оның күнәһар, азғындығына куәлік етіп жүр. Осының хикметін, даналығын білдірші», – деді.
Сонда Жаратушы иеміз былай деп уахи етті: «Әй, Мұса! Ол жігітті халықтың жаман дейтіндей жөні бар. Өйткені, олар бұл жігіттің күнәларын көрді, бірақ тәубесін көрген жоқ. Бұл құлым таң сәріде тұрып тәубе етті. Көз жасын көл етіп, өткен өміріне қатты өкінді. Менің рақым-мейіріміме сыйынды. Ал, Мен оның тәубесін қабыл еттім. Рақымымды төктім».
Иә, шынайы тәубе адамды осындай дәрежеге көтереді.