Әбу Юсуф кім болған?
Ислам тарихында ерекше орын алатын ғұлама ғалым, фикх ғылымының негізін қалаушылардың бірі – имам Әбу Юсуф. Біздің мазхабымыздың негізін қалаушы атақты ғұлама Әбу Ханифаның ең мықты тәлімгері болған Жақып ибн Ясар әл-Ансари Куфа қаласында дүниеге келген. Юсуф деген ұлы болған имамды Юсуфтың ұлы, яғни – Әбу Юсуф деп атап кеткен. Жастайынан көптеген хадис жаттап, «Хадис Хафизы» деген атақ алады. Оның зеректігі мен жаттау қабілеті өте күшті болған. Ибн Әл-Жаузидің айтуы бойынша, Имам Әбу Юсуф бір естігенде елу-алпыс хадис жаттап, соны сәнәдімен (келу жолы) қосып жатқа айтып беретін болған. Хасан ибн Мәликтің айтуына қарағанда, хадистегі бір мәселеге байланысты өзара таласқа түсіп, шешімін білу үшін Әбу Мағауия деген маманға барғанда, әлгі маман: «Сендерде Әбу Юсуф бар емес пе? Әбу Юсуфтан аттап қалайша маған келесіңдер?!», – деп Имамның хадис ғылымына жетік маман екенін меңзеген. Дауд ибн Рашид деген замандасының бірі былай дейді: «Әбу Юсуфтың бір өзі Әбу Ханифаның барлық шәкірттеріне татиды. Ол ғылым үйрете бастағанда, ғылым үйренуші адам өзіне теңізден шелектеп су беріп жатқандай сезінеді. Ол хадис, фиқһ, кәләм (ақида) секілді барлық ғылымды меңгерген еді» (Ислам ғұламалары).
Әбу Юсуф ұстазы Әбу Ханифаға 17 жыл шәкірт болып, бойына құқық жүйесін сіңіреді. Құқық жүйесінің қыр-сырын толықтай меңгерген ол өз алдына бір ғұлама дәрежесіне жетті. Кедей отбасынан шыққан Әбу Юсуф бос уақытында киім жуып, оларды тазартумен қаражат табатын. Ол: «мен хадистер мен фикх ғылымын меңгеруге тырыстым. Бір жолы Әбу Ханифаның жанында отырғанымда анам келіп, мені өзімен ерте: «Әбу Ханифаның қасында көп болуға тырыспа, оның наны ақ (жағдайы жақсы), ал сен бізді асырауға міндеттісің» деді. Анамның сөзіне құлақ салып, ғылым жолымен жүрген әрекетімнен бас тарттым. Әбу Ханифа мені іздестіріп, ғылымға келуімді өтінді. Мен қайтып келдім. Менің бірінші келген күнімде ол менен: «Сені бізден не алыстатты?» деп сұрады. «Отбасыма көмектесу, анамның сөзін екі етпеу» деп, мен жайыма отырдым. Дәрістен кейін барлық бала тарап кеткенде ол маған қолын созып: «Әзірге осыны қажетіңе жарат» деп, кішкене қапшық ұстатты. Мен қапшыққа қарағанымда онда 100 дирхем болды. Ол маған қарап: «Қапшықтағы таусылғанда маған айтып отыр» деді. Мен күн жібермей дәріске баратын болдым. Біраз уақыттан соң ол маған тағы 100 дирхем берді. Осылайша ол менің кедейлікті жеңіп, бай болғаныма дейін көмектесіп тұрды» (Ахмад Шалаби, «Мавсуатул-хазаратил-исламия», 8-том, 199 бет)
Имам Әбу Юсуф имам Әбу Ханифаның дәрістерін үзбей қатысуға үлкен күш салған. Осы келтірілген риуаят соны нақтылай түседі. Мұхаммед ибн Құдама Шұжағ ибн Махладтың имам Әбу Юсуфтың аузынан мынадай бір сөз естігендігін нақыл етеді. «Менің бір балам қайтыс болған еді. Оның жаназасына да, жерлеуіне де қатыса алмадым. Әбу Ханифаның дәрісін өткізіп алсам, қасіреті басылмайды деп қатты қорыққандығымнан баламның жерлеу істерін көршілеріме, жақын туыстарыма тапсырдым».
Айта кетерлік жайт имам Әбу Ханифа да имам Әбу Юсуфтің бұл ыждағаттылын, еңбегін ерекше бағалаған. Төмендегі мына бір риуаят соны дәлелдей түседі. Аббас ибн Хамза Исхақ ибн Әби Исраилден, ол Хассан ибн Ибраһимнің имам Әбу Ханифаның аузынан мынадай сөз естігендігін нақыл етеді. «Ешбір кісі Әбу Юсуфтай менің дәрістеріме қатысқан емес. Егер Дәуіт әт-Таий бойындағы қабілетінің негізінде дәрістерге қатысқанда, адамдар біраз пайдасын көрер еді» (яғни Әбу Юсуфтың алған білімінің қадірін, қасиетін адамдар пайдаланып жүр). Имам Әбу Юсуф ұстаздарына ерекше құрмет көрсететін. Әсіресе ұстазы имам Ибн Әбу Ләйла мен имам Әбу Ханифаны айрықша сыйлайтын. Міне осындай еңбектің, құрметтің нәтижесінде имам Әбу Юсуф ислам әлемінің таңдаулы ғалымдарының біріне айналды. Әбу Ханифа тағы бірде: «Менің шәкірттерімнің арасында тек екеуі ғана – Әбу Юсуф және Зуфар қади дәрежесіне лайық және олар қандай да сауалға шарият заңдары бойынша шешім шығара алады» деген. Харун ар-Рашидтің ел басқарған уақытында Әбу Юсуф үлкен дәреже көтерілді. Ол алғаш болып Ислам әлеміне «Кадул-кузо» (ұлы қади) лауазымын әкелді. Өз мазхабы бойынша алғашқы кітапты жазды. Халликанның бекітуімен қадиларға және ғалымдарға арнап киім үлгісін шығарды. Бұл киім қара «чалма» және «тайласаннан» (киімнің сыртынан жабатын ұзын қара шапан) тұратын. Ахмад Шалабий доктордың пікірінше қазіргі заманғы сот төрағаларының киетін киім үлгілері Әбу Юсуфтың бекіткен үлгісімен сай келеді.
Имам Әбу Юсуф қазилік білімді Әбу Ханифамен қатар Әбу Ләйладан алған. Халиф Рашидтің ұйғаруымен көзі тірісінде баласын батыс аумағына жіберді. Әрі сонымен қатар әлемдегі Ислами Халифат аумақтарына жан жаққа шәкірттері мен асхаптарын жіберіп, әлемнің елдерінде, Ханафи мәзһабының кеңінен таралуына бірден бір себепкер болды.
Әбу Юсуф ең әуелгі «Қадил Құдат» деген атқа ие болған. Яғни «қазилердің қазиі» деген атқа ие. Ахмад ибн Атия: Мұхаммад ибн Саммағаның былай дегенін естідім: Әбу Юсуф қазилік қызмет атқарған соң күн сайын екі жүз ракағат намаз оқитын еді.
Омар ибн Хаммад ибн Әбу Ханифа былай деген: «Маған осы дүниеде Әбу Ханифа мен ибн Әбу Ләйланың мәжлісінен артық мәжіліс жоқ. Фиқһ ғылымында Әбу Ханифадан артық білімді жоқ. Қазилік салада ибн Әбу Ләйладан қайырлы ешкім жоқ», — деп Әбу Юсуфтың айтқанын естідім». Омар ибн Хаммад ибн Әбу Ханифа былай деген: «Бірде Әбу Ханифа отырғанында, оң жағында Әбу Юсуф, сол жағында Зүфәр отырған тұғын. Сол кезде бір мәселеге орай екеуі түскі намазға дейін сөз таластырған болатын. Әбу Юсуф бір нәрсе айтса, Зүфәр оған қарама-қайшылық білдіретін, сол сынды Зүфәр пікірін айтса, Әбу Юсуф оған қарсы пікір білдіретін. Түскі намазға азан айтылған уақытта Имам Әбу Ханифа қолын көтеріп, Зүфәрдің санына ұрып: «Сен Әбу Юсуф тұратын қалада басшылыққа ұрынып жүрме!» - деп үлкен шәкіртінің қазилік салада теңдесі жоқ екендігін білдіріп, ерекшелеген болатын. (islamdag.ru)
Ханафи мәзхабының әлемге жайылуында Имам Әбу Юсуфтың еңбегі орасан зор. Себебі, қазылық қызметінде ханафи мәзхабын негізге алатын. Сондықтан, қазіргі мамандар Имамның берген пәтуалары өміршең, өзектілігін жоғалтпаған, яғни қазіргі күнмен сәйкес келеді дейді.