Малик ибн Әнас кім?

Oinet.kz 10-08-2020 651

Малик ибн Әнас – Исламның негізін қалаушы, Мәлики мазхабын құрушы, ірі ғұлама ғалым. Ол Мәдина қаласында 712 жылы (Хижри жыл санағы бойынша 93 жылы) дүниеге келген. Атасы ірі табиғин, білімді кісі болған. Жастайынан исламды үйренуге талпынған имам Малик бірнеше ғалымнан білім алды. Бірінен Құран үйренсе, келесі ғалымнан  Құранды зерттеуді, ал үшінші ғалымнан Пайғамбардың (ﷺ) хадистерін естіп, білген.  

Многоликий ислам

Имам Маликтің ұстаздары ретінде бірнеше сахаба, ғалымдарды айтуға болады. Фикһ ғылымын Рабиа ибн Абу Абдуррахманнан үйренді. Малик ибн Әнасты анасы ілім мен қатар тәрбие үйренуге тәрбиелеген. «Рабиадан білім үйренерден бұрын, оның бойынан жақсы қасиеттерін меңгер» деп, перзентіне көркем мінез бен адами қасиеттерді бойына сіңірткен. Ибн Хурмуздың жанында болып, 13 жыл үзбей сабақ алып, ислам туралы мол білім алды. Тариқатшы Жафар ас-Садик ұстаздарының бірі болып, имам Маликтің ғұлама ғалым болуына септігін тигізді.

Оның тәлімгерлері арасында танымал ғалымдар көп.  Құранды қағазға түсірушілердің бірі болған Ибн Шиһаб аз-Зухри,  хадистер мен ислам заңдылықтарының негізін қалаушы Нафии, табиғиндардан кейінгі фикһ ғылымының негізін қалаған атақты ғалым Рабиа аль-Раи мен өзінің жеке мазхабын қалаушы имам Шафиғилар имам Маликтің сүйікті оқушыларының қатарынан табылды.

Имам Маликті ерте жасынан Пайғамбар жайлы хадистер қатты қызықтырды. Тәлім алған жылдарында өз қатарластарына естіген хадистерін жеткізіп, үйрете бастайды. Кейіннен мешітке барып, дәріс жүргізеді. Ол хадис жеткізу үшін сабаққа шыққанда, ең алдымен дәрет алып, ең жақсы аппақ киімін киіп, басына бас киім киіп шығатын болған. Неге бұлай істейді деп сұрақ қойылғанда, ол: «Алла елшісінің (ﷺ) сөзіне құрмет көрсетемін»,-деп жауап берді. Алла елшісінің (ﷺ) сөзіне деген құрметін мына оқиғадан да білеміз. Хадис оқып отырғанда имам Маликті шаян шағып алады. Имамның жүзі солғын тартып, қиналғандай болыпты. Бірақ оқып отырған хадисін үзбейді. Хадисті бітірген соң, тыңдап отырған жамағаттың ішінен біреуі: «Уа, Имам! Жүзіңіз солғын тартып кетті. Мазаңыз болмай тұр ма?», – деп сұрайды. Сонда имам: «Хадис оқып отырған кезде шаян шағып алды. Пайғамбарымызға құрметсіздік болмасын деп, орнымнан қозғалмастан хадисті жалғастыра бердім», – деп жауап берген екен. Шәкірттеріне ілім мен білім жолын үйретуді мақсат тұтқан ғұлама хадистерді жеткізу үшін қаладан ешқайда кетпеген. Тек қажылық уақытында ғана Меккеге сапарлайтын болды. Тәлімгерлер оған құрмет көрсетіп «Имаму Дариль Хиджра» («Мәдинаның рухани үздігі» кей жерлерде «пайғамбар (ﷺ) мен сахабалар көшкен жердің имамы») деп атап кеткен. 17 жасынан басталған тәлім жолы, 21 жасында дәріс берумен жалғасып, өмірінің соңына дейін ұласты. Атақты сахабалар мен өзіне сабақ берген ғалымдар да оның сабағына қатысатын болған. Әбу Ханифаның өзі имам Маликтен хадис тыңдап, одан хадис риуаят еткен. Мешітке барғанда Әбу Ханифа қатардағылардың алдыңғы жағында отырып, имам Маликтің дәрістеріне мұқият зер сала ұйып тыңдайтын болған. Ол қажылық уақытында имам Мәлікпен фиқһ мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасатын. Әр қаладан білім іздегендер сол уақытта тек имам Мәлікке баратын. Дау-жанжал туғанда мәселені шешу үшін ғалымдар адамдарды соған жіберіп отырған. Дәріс жүргізгенде екі тәсілді қолданған, біріншісі – хадистерді айтып, өмірде болған оқиғалармен сабақтастырып, хадисті ашып түсіндірсе, екінші тәсілі – оқушыларды мазалайтын сұрақ немесе бастарында болып жатқан оқиғаларды сұрап, соған орай хадистер келтірген. Малик ибн Әнас сол кездегі атақты ғұламалардың біріне айналады. Дәріс барысында оқушылардың сұраған сауалдарына хадиске сүйеніп жауап қатқан. Омар, Али (р.а.) сынды сахабалар ешқашан білмейтін нәрсесін білемін деп немесе жобалап айтпаған. Солар секілді Малик ибн Әнаста  өз білмейтін нәрсесін еш қысылмастан білмеймін деген. Ол «Біреуге қандайда жауап айтар алдында, адам өзін жұмақ пен тозақтың ортасында тұрғандай етіп елестетсін. Сол айтқан сөзі үшін Аллаға не деп жауап беретінін ойлансын» деген. Имам Маликке Мағрибтан бір сауалға жауап іздеп, арнайы бір кісі жіберіледі. Сауалды естіп болған соң имам: «Мен жауабын білмеймін. Мәдинада бұл секілді оқиға болған жоқ. Біз ешқандай имамның бұл турасында айтқан пәтуасын естімедік» деп, келген кісіні қайтарған екен. Малик ибн Әнасқа тағы бірде бір кісі сауал қояды. Сонда имам бұл сауалға жауап бермес бұрын ойлануға уақыт беруін сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Сауал өте оңай ғой» дейді таңырқай. Сонда имам Малик: «Исламда оңай нәрсе жоқ! Сен Алланың: «Құранды өте анықтап оқы» дегенін естімедің бе?»,-деп кейіген екен («Музәммил» сүресі, 4-аят).

Малик ибн Әнас Әбу Ханифа хадистері әлі толықтай жинастырылып, жазылып, жүйеленбеген уақытта өсіп-жетілді. Ол өз аймағында ғана ілім алумен шектеліп қалмай, Ислам әлемінің әр түрлі орталықтарындағы білгір ғалымдармен кездесіп, солардан ілім алуға тырысқан. Имам Малик ибн Әнас – ең алғаш жинақталып, хадисшілердің сенімінен  шығып, жоғары бағаланған «Муатта» атты хадис кітабын жинастырған ғалым. Оның хадис ілімінде, Құран мен хадистерден үкім шығарудағы білгірлігін замандас ғұламалары түгел мойындаған. Ол кітапқа түсер әрбір хадисті зерттеп, мән мағынасын терең зерттеп барып жазған. 1700 ден аса хадистерді түсірген. Әрбір хадисті толық зерттегені соншалық әкесі Әнастың айтқан хадистерінің кейбірін кіргізбеген. Өз мазхабын қалаушы, мықты ғалым, имам Маликтің шәкірті Шафиғи ол кітап туралы: «Алланың кітабынан кейінгі ең мықты, өте нақты дәлелдермен жеткізілген Маликтіңкінен басқа кітап өмірге келген жоқ» деген. Ол кезде имам Бұхари мен имам Муслим секілді ғұламалардың кітаптары әле жарыққа шықпаған болатын.

Имам Маликтің «Муатта» атты кітабын оқып шыққан халифа Жағфар Мансур (754–775) оның біліміне ризашылық білдіріп: «Өте құнды еңбек жазыпсыз. Келіңіз, мұсылмандарға ислам дінін тек осы кітап бойынша амал еткізейік», - дегеніне, имам: «Жоқ, олай етуге болмайды. Расулулланың сахабалары жан-жаққа тарады, олардың барлығы да өздерімен жақсылықты ала барды», - деген екен. Сахабалардың кезінде түрлі діни көзқарастар пайда болды. Соның салдарынан исламды әртүрлі талдайтын, түрлі-түрлі мазһабтар (діни құқықтық мектеп, жол) көбейді. Уақыт өте фиқһ (мұсылман заңы) саласы бойынша Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші Әбу Ханифа (699–767), имам Малик (717–795), имам Шафиғи (767–820), Ахмад ибн Ханбал (780–855) секілді ислам ғұламаларының мазһабтары дүниеге келді. Имам Малик мазһабын Африканың бірқатар елі, Египет, Судан секілді елдердің халықтары ұстанады. Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз оларға: «Сахабаларым аспандағы жолшы жұлдыздар іспетті. Олардың қайбіріне ілессеңдер, хақ жолын табасыңдар», - деп сипат берген.  

Пайғамбардың түр-келбеті қандай болды?
Әбу Юсуф кім болған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу