Косметика өнімдері халал ма?

Oinet.kz 09-09-2020 1162

Өткен жылдың желтоқсан айында muftyat.kz cайтында «Косметика өнімдері халал ма?» деген мақала жариялап, косметика өнімдері құрамында кездесетін харам және күмәнді қоспалар жайында кеңінен баяндаған болатынбыз. Бұл жолы сол тақырыпты жалғаймыз. Біз немен жуынып жүрміз? Тері, шаш күтімінде қандай заттар пайдаланамыз? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Мұндай сауал қойып отырған себебіміз, қазіргі таңда көптеген косметика өнімдері құрамында біз білмейтін зиянды қоспалардан бөлек харам, күмәнді қоспалар да бар. Сол үшін косметика құрамына зер салып мұқият қарау керек.

image.png

Косметиканың экзотикалық ингредиенттері

Қазіргі таңда косметика өнімдері құрамында әртүрлі қоспалардың көптігі сонша, жеке-жеке талдауды талап етеді. Біз солардың бірнешеуін қарастыруды жөн көрдік.

1) Көптеген косметика құрамына ұлу шырышы (муцин) қосылады. Ұлу шырышы бетті ылғалдандырып, әжімге қарсы әсер етеді. Ал бұны қолдану шариғат бойынша қалай? Ханафи, шафиғи мен ханбали мәзхабында ұлуды жеу харам, мәлики мәзхабында – халал. Еті харам болған жәндіктің шырышын да қолдану дұрыс емес.

2) Жылан уын (Syn-Ake) беттегі әжімдерді тартып тұру, ботокс эффектісін беру үшін косметика құрамына қосады. Жылан еті барлық мәзхаб бойынша харам. Егер де косметикаға жыланның өзінен алынатын у қосылса, онда рұқсат етілмейді. Алайда оны өндірісте синтетикалық жолмен өндіреді, сол себепті қолдануға рұқсат етіледі.

image.png

3) Құс экскременті (нәжісі) немесе құс ұясының экстрактысы. Яғни нәжіс, құс сілекейі болғандықтан, бұл заттарды қолдануға болмайды. Харам құстардың өзі де сілекейі де рұқсат етілмейді.

4) Жылқы майы адам майының құрамына ұқсас, тері қабатына оңай сіңетіндіктен оны косметологияда қолданады. Осы уақытқа дейін біз косметика құрамында аю, борсық, қаракүзен майларының болғанын білеміз. Жылқы майын косметологияда жылқыны соймай-ақ, липосакция тәсілі арқылы, яғни жылқының май жиналған жерінен майды сүзгі құрылғы, вакумды аспиратор арқылы алады. Сөйтіп жинақталған майды косметика өнімдеріне қосады. Егер де косметикаға осы тәсілмен өндірілген май қосылса, онда рұқсат етіледі. Ал арам өлген немесе шариғат жолымен сойылмаған жылқылардан өндірілген май қосылса, онда рұқсат етілмейді.

5) Есек сүті құрамында «эпидермалды өсу факторы» деп аталатын ақуыз болады. Есек сүті құрғақ ұнтақ ретінде косметика өнімдеріне қосылады. Есектің еті мен сүті харам болғандықтан, есек сүті қосылған косметика да халалға жатпайды.

Косметика құрамында болатын күмәнді қоспалар

1) Аллантоин (allantoin — C4Н6О3N4). + 400C-тан аспайтын жылы суда оңай еритін және салқын суда нашар еритін түссіз кристалды химиялық зат. Аллантоин – пурин метаболизмінің негізгі өнімі. Табиғатта жануар ағзасынан және өсімдіктер құрамынан кездестіруге болады.

Жануар текті аллантоин:

- сүтқоректілер ағзасында (адамдар мен приматтардан бөлек)

- құстардың эмбрионалды ұлпасында

- моллюска шырышында

Өсімдік текті аллантоин:

- майтамыр шөбінің тамырында

- өнген бидай өсінділерінде

- соя бұршақтарында

- күріш қабығында болады.

Косметика өнімдерінің құрамына көбіне майтамыр шөбінің тамырынан өндірілген аллантоинды қолданады. Мұндай жағдайда қосылған аллантоин рұқсат етіледі. Ал егерде аллантоин жануар текті болса, онда күмәнді қоспаға айналады.

2) Аденозин. ДНК құрамында болатын азотты қосылысты нуклеотид. Аденозиннің ағзадағы негізгі қызметі – биохимиялық реакцияларға белсенді қатысып, энергия тарату. Косметика өнімдеріне аденозинді қосу себебі коллагеннің өндірісіне әсер етеді, клеткалардың қышқылдануын болдырмайды. Аденозин биохимиялық синтез жолымен өндіріледі. Мұндай жолмен өндірілген аденозин рұқсат етіледі. Егер де табиғи жануар текті шикізаттан өндірілген жағдайда күмәнді болады.

3) Аминқышқылдары, пептидтер. Бұл заттардың бәрі де – ағзаның құрылыс материалы болып есептелетін ақуыздың кіші бөлшектері. Бұл заттардың көмегімен, ағзадағы клетка бөліну жұмысы реттеледі. Бұларды косметикаға қосатын себебі қартаюды, әжім түсуді бәсеңдетіп, бос радикалдардан қорғайды. Өздерінің өлшемдері бойынша, бұл молекулярлы қосылыстар кіші болғандықтан, терінің терең қабатына ене алады. Бұл заттардың барлығы да жануар ағзасында да, өсімдіктерде де кездесуі мүмкін болғандықтан күмәнді. Ал егер де пептидтер химиялық синтез жолымен өндірілсе, пайдалануға рұқсат етіледі.

4) Глицерин. Түссіз, тұтқыр сұйық массалы қоспа. Оны өндіру үшін жануар майлары, өсімдік майлары қолданылады. Сондай-ақ химиялық синтез тәсілімен де өндіреді. Егер қаптамада глицериннің неден өндірілгені жазылмаса, онда глицерин синтетикалық жолмен өндірілген болып есептелінеді. Мұндай жолмен және өсімдіктерден өндірілген глицерин рұқсат етіледі. Жануардан өндірілген глицерин күмәнді.

image.png

5) Қызыл шарап немесе жүзім ашу процесіндегі қосалқы заттар. Көптеген косметика құрамында теріні барынша сұлуландырып, жастығын арттыру мақсатында табиғи шарап қолданады. Сондай-ақ жүзім сүйегінен өндірілетін май, шарап қышқылы, шарап экстракты сияқты қоспалар қолданылады. Бұл қоспалар – шарап өндірісінің қосалқы өнімдері. Дінімізде арақ-шарап харам етілгендіктен, табиғи шарап, шарап экстракты, шарап қышқылы сынды заттарды косметика өнімдеріне қолдануға болмайды. Ал жүзім сүйегінен өндірілетін майға келетін болсақ, оны әртүрлі тәсілдермен өндіреді. Престеу арқылы және органикалық еріткішпен экстракциялау тәсілдері бойынша өндіреді. Престеу тәсілінде жүзім дәнектерін қоспалардан тазартып, кептіріп, бұдыр және тегіс машинада ұнтақтап, шыққан мезганы механикалық жолмен престеу арқылы дәнектен май шығарады. Мұндай тәсілмен өндірілген май биологиялық белсенді заттарға бай болады. Бірақ май шығымы өте аз болғандықтан, мұндай тәсілмен өндіру тиімсіз. Еріткіштермен өндіру тәсілінде престеу тәсіліне қарағанда біршама көбірек май өндіріледі. Яғни жүзім дәнектерін тазалап, ары қарай оған еріткішпен әсер ету арқылы май алады. Еріткіш ретінде петролейді эфир, гексан, хладон-32, СО2 қолданылады. Бұл еріткіштердің бәрі де рұқсат етіледі. Рұқсат етілмейтін еріткіштер тек этил спирті (этанол). Яғни этанолмен әсер еткен жағдайда рұқсат етілмейді.

6) Өсімдік текті жеміс-жидекті экстракттар. Барлық косметика құрамынан кездестіруге болатын косметиканың негізгі компоненттері. Косметология өндірісі ежелден пайдалы шөптер мен өсімдіктердің бөліктерін пайдаланып келген. Қазіргі таңда ғылым өсімдік текті косметиканың емдік қасиетке ие екенін растауда.

Өсімдік текті экстракттар дегеніміз – органикалық еріткіштер (су, спирт, глицерин және т.б) арқылы өсімдіктерден алынатын емдік сүзінді химиялық заттар. Еріткішке байланысты экстракттардың 3 типі белгілі: спирттік, эфирлі, сулы. Экстракттардың негізгі шикізаты – өсімдік сабағы, жапырағы, жемісі, тұқымы, бүршіктері, тамыры. Косметика өндірісінде танымал өсімдік экстракттары алоэ, календула, женшень, көк шәй, шәй ағашы экстракттары және т.б түрлері қолданылады.

Көріп отырғанымыздай, өсімдік экстрактын алу еріткішпен әсер ету технологиясына негізделген. Сондықтан да еріткіштің халал болуы маңызды. Еріткіш ретінде этанол спирт рұқсат етілмейді. Глицерин де күмәнді, себебі жануар майынан өндірілген болуы мүмкін. Рұқсат етілетін еріткіштер – этил спиртінен басқа кез-кезген спирт және су.

Эфир майлары дегеніміз – өсімдіктерден өндірілетін түссіз, тұнық, мөлдір, кішкене боялған ұшқыш, майлы хош иісті сұйықтықтар. Өзінің құрамына байланысты ол ауада тез ұшып, киімде із қалдырмайды. Олар қандай өсімдіктен жасалса, сол өсімдіктің иісіне қаныққан болады. Эфир, смола, спирт, сүт, кілегейде оңай еріп, суда қиын ериді.  Эфир майлары рұқсат етіледі. Суда ерітілген экстракттар рұқсат етіледі.

Альфа-гидрофильді қышқылдар (АНА). Қышқылдар қатарына жеміс-жидекпен қоса, сүт өнімдерінен өндірілетін органикалық қышқылдар жатады.

- гликоль қышқылы қант қамысынан өндіріледі.

- сүт қышқылы сүт өнімдерінен дайындалады. Сүт қышқылын жануар шикізатынан алуы да мүмкін. Бұл жағдайда ол күмәнді болады. Косметика өнімдеріне қосылатын сүт қышқылы көбіне жүгері ферментациясымен өндіреді. Бұл тәсілмен алынған сүт қышқылын пайдалануға рұқсат етіледі.

- алма және лимон қышқылы алма және цитрустардан өндіріледі. Немесе химиялық синтез арқылы алынады. Мықты антиоксиданттар.

- шарап қышқылы жүзімнен, шарап өндірісіндегі қалдықтардан дайындалады. Бұл – күмәнді қоспа. Себебі жүзім ашытылғаннан кейін құрамында спирт мөлшері болатындықтан, ол спирт қалдығы шарап қышқылында да болуы мүмкін.

Айжан ОМАРОВА,

ҚМДБ Халал өнімдерін  стандарттау бөлімінің бас маманы

Исламды сүюдің 6 себебі
Балаға пайдалы 7 қарапайым әдет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу