Халал ас – Алланың әмірі

Oinet.kz 09-09-2020 907

Ислам дінінде мұсылмандарға қажет өмірдің барлық саласы түгел қамтылған. Алла және оның елшісі рұқсат еткен дүниені «халал» дейміз. Әлбетте халал сөзінің мағынасы ауқымды, оның бір саласы ас-ауқат, күнделікті ішіп-жейтін тағамға қатысты.

image.png

Қазақта «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен артуда. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» («Бақара» сүресі, 168-аят).

Алла Тағала адамзатқа Алланың атымен бауыздалған төрт түлік мал, құс, кейбір жабайы аңдарды халал етті. Ал Алланың аты айтылмай бауыздалған мал, құс, сонымен қатар шошқа еті, қан, өліксе т.б. харам етілді. Әлем жан-жақты дамыған қазіргі уақытта түрлі қоспаларға толы күнделікті тұтынып жатқан тағамдардың құрамы қандай? Көп адамдар оған мән бермей пайдалануда. Әрбір мұсылман харамнан сақтануы міндетті. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астың адал болуы жайында мұсылмандарға былай жеткізеді: «Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті».

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әр кез игі іс істеңдер», - деп бұйырған. («Мүминун» сүресі, 51-аят). «Мәфәтиху әл-ғайб» кітабында Фаһруддин ар-Рази: «Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен мүміндерге де тікелей қатысты. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек деген мағына шығады. Себебі аятта «игі іс істеңдер» деген бұйрықтың алдында «адал, таза ризықты жеңдер» деген нұсқауы бар».

Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты.

Ертеректе сахаба аналарымыз жолдасын жұмысқа шығарып саларда: «Бізге адал нәсібе әкеліңіз, Қияметте арам астың кесірінен өртеніп жүрмейік» дейтін болған. Адал ас жүректе ізгіліктің жалынын жағып, адамды ғибадатқа жігерлендіреді. «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадис адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін білдіреді.

Бірде Сағд (р.а) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Алла менің дұғамды қабыл ету үшін мен қандай амал жасайын?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Ішер асыңды жақсарт (халал ет), Алла дұғаңды қабыл етеді», – деді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір түйір харам ас жесе, оның қырық күн намазы қабыл болмайды», – деген.

Халалға мән бергенде тек асқа ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән беріңіз. Нақтырақ айтсақ, халал  өндірісіне тамақ өнеркәсібі (ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері т.б.), жеңіл өнеркәсіп (тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері т.б.), білім беру (ислам теологиясы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, т.б.), денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, перзентхана, т.б.), қаржы-қаражат (кредит, өсім, банкинг т.б.), мәдени орындар (театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер т.б.),  даяшылық қызмет (асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм т.б.) жатады. Ендеше халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал шариғат – барлық ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін жол.

Иә, халал мен харам Алла Тағаланың әмірімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырған жандарға қатысты Ұлы Құдірет Иесі: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателігін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» деп қатал ескерту жасаған.

Харам-халал мәселесінде қара қылды қақ жаратындай асқан мұқияттылық танытқан Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Халал мен харам белгілі. Алайда осы екеуінің арасында кейбір күдікті нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының аражігін айыра алмайды. Осы күдікті нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады. Күдікті нәрселерге жақын болған адам қорық жағасында мал жайған шопанға ұқсайды. Оның бағып жүрген қойлары кез-келген сәтте қорыққа түсіп кетуі мүмкін. Дәл осы секілді күдікті нәрселерге жақын жүрген жан да кез-келген сәтте харамға бойлауы әбден мүмкін. Жақсылап біліп қойыңдар. Әрбір әміршінің бір қорығы болады. Ал Алланың қорығы – харамдар. Ағзада бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, ағза да сау болады, ол бұзылса, ағза да бүлінеді. Ол – жүрек» деген екен.

Құрметті ағайын, дұғамыздың қабыл болуының ішіп-жеп жатқан асымыға тікелей қатысы бар. Сол себепті асымыз адал болсын!

Бахтияр АМИРЕЕВ,

Һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы

Құранның бөлек-бөлек түсуінің сыры мен даналығы неде?
Намаздың ләззатын cезіну үшін не істеймін?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу