Мұсылманның бес парызы
Ислам діні бес парызға негізделген. Сол үшін адам баласы оның барлығына иман келтіріп, орындамаса немесе тиісті амал істемесе шынайы мұсылман бола алмайды.
1 - парыз: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беру. Бұл куәлік Ислам дінінің кілті, Ислам дінінің негізі осы болып табылады: "Лә иләһа иллаллаһ" аудармасы "Аллаһтан басқа тәңір жоқ" ал, мағынасы "Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылық қылуға лайықты тәңір жоқ". Яғни, Аллаһ Тағала шынайы Құдай, ал Одан өзге құлшылық қылынатын "құдайлардың" барлығыда бекер немесе жалған деп білу. "Иләһ"-деп араб тілінде құлшылық қылынатынды айтады. "Мұхаммадар-расулул-лаһ" - куәлігінің аудармасы "Мұхаммед Аллаһтың елшісі" ал, мағынасы "оның хабарлағаны рас деп білу, бұйырған нәрселеріне бағынып, қайтарғандарынан аулақ болу және оның көрсеткені бойынша Алаһқа құлшылық-ғибадат ету".
2 - парыз: Намаз оқу. Тәулігіне бес рет оқылатын бес уақыт намазды Аллаһ Тағала Өзінің пенделеріне Өз хақысының өтелуі үшін, берген нығметтеріне шүкірлік қылуы үшін және мұсылманмен Раббысы арасында байланыс болсын деп бекітті. Сонымен қатар намаз - арсыздықпен жамандықты тыюшы. Аллаһ Тағала намаз оқыған адамға дінінің көркемдігімен иманының ізгілігін және сауабын реттейді. Мұсылман адам бес уақыт намаз арқылы бұл дүниеде де, ақыретте де оны бақытты қылатын рухани және дене рахатына ие болады.
3 - парыз: Зекет беру. Зекет дегеніміз - байлығы, мал-дүниесі белгілі нысапқа жеткен дәулетті мұсылманнан кедей, кембағалдарға жылына бір рет беріліп тұратын садақаны айтады. Ал, малы, байлығы зекет берілетін мөлшерге жетпеген пақыр-кембағалдарға зекет беру міндетті емес. Зекет садақасы діндерімен мұсылмандығы толық болуы үшін, халдерімен ахлақтарының дамуы үшін, сол сияқты өздері мен малдарын түрлі апаттардан сақталуымен және күнәларынан тазаланулары үшін беріледі. Сондай-ақ зекет садақасы мұқтаж адамдарға және пақыр, кедейлерге қарайласуларымен олардың жалпы пайдалары үшін демеу ретінде болады. Негізінде зекет садақасы бай, дәулетті адамдарға ғана уәжіп болады.Соған қарамастан Аллаһтың оларға берген малы және рызығымен салыстырар болсақ,бұл дегеніміз дүниелерінің азғантай бөлігі болып табылады.
4 - парыз: Ораза тұту. Барлық мұсылмандар һижра есебімен жылдың тоғызыншы айында ораза тұтады(1). Бұл айда барлық мұсылмандар ішіп-жеу, жыныстық қатынастар жағы сияқты өздерінің табиғи құмарлықтарымен шәһауаттарынан таң атқаннан күн батқанша тиылады. Оның есесіне Аллаһ Тағала Өз пенделерінің дінін толық әрі мықты етіп, оларды Өз рахымына алады және оларға Өзінің құрметімен көптеген сауаптар жазады. Сондай-ақ олардың иман байлықтарын арттырып, күнәларын жарылқайды да, дәрежелерін көтеріп қояды. Және де ораза тұтқандары үшін дүниемен ақыреттің көптеген жақсылықтарынан береді.
5 - парыз: Қажылық қылу. Ислам шариғатында мәлім болғандай қажылық деп - белгіленген уақытта ниет қылып, белгіленген ғибадаттарды орындау үшін Меккедегі Аллаһтың үйі - қасиетті Қағбаны зиярат қылуды атайды. Аллаһ Тағала қажылықты жағдайы келген әрбір мұсылманға өмірінде бір рет орындауын парыз етті. Қажылықты орындау үшін мұсылмандар әлемнің әр түкпірінен жер бетіндегі ең қасиетті мекенге жиналып, бәріне бірдей ортақ, жалғыз Раббылары - Аллаһқа құлшылық қылып, бірдей киім киеді. Сондықтан, қажылықта басшы мен бағынышты, бай мен кедей, ақ пен қараның араларында ешбір айырмашылық болмайды. Олардың барлығы Арафат тауында тұру, мұсылмандардың қыбласы Қағбаны тауаф(2) ету, Сафа мен Маруа арасында жүру тәрізді қажылық амалдарын орындайды. Мұсылмандар үшін, қажылықта екі дүниесінде де пайдалы, санауға ешкімнің есебі жетпейтін көптеген сауаптар жатыр.