Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ертеректе Құдайға деген құлшылық қаза қылмаған, тірі жанға зияны жоқ тақуа бір жігіт өмір сүріпті. Жігіт ер жеткенде әкесі үйлену туралы сөз көтерсе, ол қашқалақтай береді екен. Себебі ол еркектік қуаттан мақұрым болатын. Бұл жағдайдан мүлде хабары жоқ әкесі баласының қарсылығына көнбей, бір қызды тауып, некелестіріп, үйлендіріп қояды. Той өтіп, екі жас жеке қалған шағында әлгі жігіт қалыңдығына: «Сен мені кешір, сені бақытты ете алмаймын, саған тең жар емеспін», – деп ағынан жарылып, айыбын айтады. Қаласа, ертең-ақ кетуіне рұқсат береді. Ата-анасына себебін өзі түсіндіретінін білдіреді. Сонда әлгі жас келін: «Ортамызда неке оқылды, мен сіздің шариғи әйеліңіз болдым, енді арамызда бір-бірімізден ешқандай сыр болмауы тиіс. Сіздің сырыңыз – менің сырым, күйеуінің сырын әшкере еткен әйелдің екі дүниесі де қараң болады, ол әртүрлі азап-қиыншылықтарға душар болады. Мен ондай әйелдерден емеспін, сіздің сырыңызды ашып, еш пенденің алдында масқара етпеймін», – деп сол үйде қызметін істеп қала береді.
Арадан жеті жыл өтіп, «бедеу» деген жаман атқа қалса да, күйеуінің сырын ашпайды. Барлық қиыншылықтарға сабыр етіп, күйеуімен өмір сүре береді. Бір күні немере сүйгісі келген жігіттің әкесі, баласын шақырып алып: «Қашанғы бұл тумас келінмен өмір сүріп, жастық шағыңды өткізе бересің? Сен әке, мен ата болуым керек емес пе? Жетер енді, бұл келіннің рұқсатын беріп жібер, мен саған басқа келін алып беремін», – дейді. Жігіт өте қиын жағдайға түседі. Өзін жанынан жақсы көрген, кемшілігіне көз жұма қараған әйеліне қалайша кет деп айтпақ? Міне, сондай әрі-сәрі күндерінің бірінде әйелі: «Бекзадам, соңғы күндері жүріс-тұрысыңыз өзгеріп, қиналып жүрсіз, менен бірдеңені жасыратын сияқтысыз. Айтыңыз, сізді қинап жүрген мәселені бірге шешерміз», – деп айтпасына қоймапты. Соңында жігіт әкесінің сөздерін әйеліне айтуға мәжбүр болады.
Өзіне қатысты қаншалықты ащы сөздерді есіткенде көздеріне жас толып тұрып, күйеуіне ашуланбай нәзік дауыспен: «Жарайды, мен разымын! Бірақ, бір өтінішім бар: мен кеткен күннен бастап қырық күн өткізіп барып үйленіңіз», – дейді де, ата-анасының үйіне жол тартады. Өз әке-шешесінің үйіне келген соң оларға: «Мен қырық күн бойы өз бөлмемде отырып, Аллаға ғибадат-құлшылық жасаймын, маған ешкім кедергі жасамасын», – дейді. Ол қырық күн бойы Аллаға жалынып-жалбарынып, күйеуінің ақысына дұға етіп, оны айыбы ашылуынан, масқара болуынан сақтауын сұрайды. Бұл арада жігіт үйленіп, басқа әйелімен некесі қиылыпты. Екі от арасында қалған жігіт қатты қайғырады. Бір жағынан бірінші халал пәк болған әйелін ойласа, екінші жағынан айыбының баршаға аян болатынын ойлап күйінеді. Сонда ол өзі үшін соңғы шара өлімді абзал көріп, у ішіп жанына қастандық жасайды. Жаңадан келген жас келін бөлмесіне кіргенде, жігіт есінен танып қалады. Сонда Алланың кереметімен қырық күннен бері күйеуінің тілеуін тілеген бірінші жұбайының дұғасы қабыл болып, жігіт ішкен у шипаға айналады. Көп жылдан бері еркектік қуатсыз болған жігітке Алла Тағала еркектік қуат беріп, масқаралықтан сақтайды. Ертеңгі күні жаңа келін күйеуінің бір топ әйел туыстарымен төркініне бара жатып, жолда кенеттен дүние салады. Марқұм болған келіннің жаназасы шығарылып, жерленгеннен екі-үш күн өткен соң, жігітті әкесі шақырып алып: «Балам, бұл да маңдайыңа жазылған екен, көп қайғырма, біраз уақыт өтсін, тағы да үйлендіреміз», – дейді. Сонда жігіт әкесіне көптен бері жасырып жүрген дерті болғанын айтып, одан қалай айыққаны туралы баяндап жатқанында, әкесі сөзін соңына дейін тыңдауға шыдамай бұрынғы келінінің үйіне беттейді. Үйіне кіргенде алдынан келіні шығып қарсы алады. Сонда жігіттің әкесі келінінің маңдайынан сүйіп, көзіне жас алып, үйіне ертіп келген екен.
Нұрсейіт ОМАРОВ