Ауызашардан кейін ішім кеуіп кетcе не істеу керек?
Сұрақ: Ауызашардан кейін ішім кеуіп кете береді. Оразамды бұзамын ба, не істесем болады?
Жауап: Рамазан айында ауыз бекіткендер асқазан мен ас қорыту жүйесінің проблемаларына жиі тап болып жатады. Ол тек Сізде ғана емес көпшілігімізде кездесетін жағдай. Сондықтан ауызашар кезінде дұрыс тамақтана білу маңызды. Оны сол саланың білікті мамандарымен кеңесу орынды болады.
Мен де өз тарапымнан ауызашардан кейін іш кеуіп кетпеудің алдын алу бойынша диетологтың берген кеңестерін өздеріңізбен бөлісе кетейін.
Диетолог мамандардың пікірінше, Ораза кезінде тамақтану уақытының өзгеруі, бір мезгілде жейтін тамақ түрлерінің көбейуі және тез тамақтану іштің кебуіне және тамақтың дұрыс сіңбеуіне әкеліп соғады. Осы мәселенің, яғни іш кебудің алдын алу үшін диетолог төмендегідей кеңес береді.
Ең алдымен, ас қорыту проблемаларын болдырмас үшін тамақ пен сусындардың тым ыстық болмауына көңіл бөлу керек екен. Сорпа секілді сұйық тағамдарды ыстық кезінде емес, демі басылып жылы күйге ауысқан кезінде ішу дұрыс болады. Сорпаны немесе басқа да сұйық тағамдарды ішіп болғаннан кейін 10-15 минут күтіп барып, басты мәзірдегі тағамға өту де сіңіру мен іштің кебуінің алдын алады.
Тағамдардың аз порцияларда болуы және оны баяу, асықпай шайнап барып жұту керек. Осылайша, асқазанның тойыну сезімі жеңілдейді және тағам оңай сіңіп, қорытылады.
Сондай-ақ, тамақты дұрыс пісіру тәсілі өте маңызды. Тамақты отқа қақтау және қуыру секілді тәсілдерімен пісіруге болмайды. Пісірудің ең дұрыс жолы — қайнатылған немесе бумен пісірілген тағамдар.
Сорпаларға және басқа да сұйық тағамдарға қосылған зире іштің кебуін төмендетеуге өте көмектеседі.
Ауызашардан 1-2 сағаттан кейін 1 стакан аскөк шайын ішетін болсақ, ол да іштің кебуі проблемасын жеңілдетеді. Ромашка шайы, жалбыз шайы және көк шай да іштің кебуіне қарсы пайдалы өсімдік шәйлары болып саналады.
Әсіресе, кардамон шайын ішу немесе кардамонның өзін шайнау асқазанның құрысуы, іштің кебуі, ауыздан иістің шығуы, тіс және тіс етінің проблемаларын жоюда өте пайдалы екен. Бұлар диетолог маманның маған берген кеңестері.
Сіз де диетолог маманмен кеңесе отырып, өзіңіздің мүмкіндіктеріңізге қарай іш кебудің алдын алатын қолжетімді тәсілдерді пайдалануыңызға болады.
Балғабек Мырзаев