Бес уақыт намаздың шығу тарихы
Мәлике: Таң намазы кімнен қалды?
Әбілда: Адам ата мен Хауа анадан қалды. Екеуі пейіште жүргенде қараңғы дегенді білмейтін. Себебі пейіште үнемі жарық болып тұрады. Пейіштен қуылып, жерге түскенде айнала қара түнек еді. Екеуі «жер бетінде жарық болмайды екен» деп қайғырып, қорықты. Уақыт айналып, таң қылаң бергенде қуанып кетті. Шаттықтан Тәңірге шүкірлік айтып, екі мәрте сәждеге бас қойды.
Мәлике: Бесін намазы кімнен қалды?
Әбілда: Ыбырайым пайғамбардан қалды. Тәңірсі оны сынап, жалғыз ұлы Смағұлды құрбандыққа шал деп бұйырды. Ыбырайым баласын ертіп, тауға шыққанда күн шақырайып төбеге көтерілген еді. Ыбырайым сыннан сүрінбей өтті. Соңғы сәтте Алланың әмірімен көктен көк қошқар түсті. Ұлының аман қалғанына қуанған Ыбырай Тәңірге шүкірлік етіп, төрт мәрте сәждеге бас қойды.
Мәлике: Екінті намазы кімнен қалды?
Әбілда: Жүніс пайғамбардан қалды. Бірде Жүніс пайғамбардың еліне жұқпалы індет келді. Жүніс кемеге мініп, қаладан қашып бара жанқанда теңізде дауыл тұрып кеме батуға айналды. Қиындықпен күресудің орнына қаладан қашып кеткен Жүністі Рахман Иесі жазаламақшы болды. Алланың әмірімен Жүніс кемеден секірсе ғана кеме жұрты апаттан аман қалатын болды. Жолаушылар жабылып жүріп Жүністі теңізге атты. Сол сәтте оны дәу жайың балық жұтып қояды. Пайғамбар балықтың ішінде қырық күн жатты. Қырық бірінші күні балық Жүністі қарнынан шығарды. Ол қырық күнде тәубеге келіп, биік рухани дәреже тапқан еді. Аспанға қараса күн еңкейген шақ екен. Жүніс Тәңірге шүкірлік етіп, төрт мәрте сәждеге бас қояды.
Мәлике: Шам намазы кімнен қалды?
Әбілда: Ғайса пайғамбардан қалды. Дұшпандары оны зыңданға тастап, азаптың түр-түрін көрсетті. Оны ағашқа керіп өлтірмек болды. Сол сәтте Аршы-Күрсі қозғалып, бүкіл періште дұшпанға қарғыс айтып, өлім тіледі. Бірақ Ғайсаның жүрегінде кек жоқ еді. Ол Аршы-Күрсі мен періштелерді сабырға шақыру үшіп жауына рақым тілеп, Тәңірге сәжде етті. Үш рет сәжде етіп, төртінші мәрте жығыла бергенде жендеттер келіп, Ғайсаны өлтіруге алып кетті. Содан бастап шам намазында үш қана намаз оқылатын болды.
Мәлике: Құптан намазы кімнен қалды?
Әбілда: Мұса пайғамбардан қалды. Ол көшіп келе жатқанда әйелі Сапураның толғағы келді. Қырсыққанда қымыран еридінің кері келіп, беймезгіл уақытта қойына қасқыр шапты. Шақпақ жағып, отпен қуалайын десе от тұтанбай қойды. Жалғыз иті қасқырмен айқаса кетті. Әйелін қатты толғақ қысып жатты. Не істерін білмей Мұса қатты састы. Сол сәтте көз ұшында от көрінді. Жүгіріп барса жерге шаншылып тұрған аса таяқ екен. Асасының басы от сияқты жанып тұрды. Мұса оны жұлып алып қасқырларға қарсы шапты. Қорқаулар қашып кетті. Иті жеңіл жараланып аман қалды. Лашығына келсе әйелі аяқ-қолын бауырына алып, аман-есен босанған екен. Қауіп пен қатерден аман қалғанына шүкірлік етіп, Мұса төрт мәрте сәждеге бас қойды.
Мәлике: Үтір намазы кімнен қалды?
Әбілда: Әзірет Мұхаммед пайғамбардан қалды. Алланың расулі миғражға ұшқанда сегіз пейішті аралады. Сайраған құстардың үніне, тәтті жемістердің иісіне мас болып, бір сәт есінен айырылғандай болды. Жұмақтың нығметтеріне шүкірлік етіп, төрт бас намаз оқымақ болды. Алғашқы екі басында сәждеге басын тигізген соң, үшінші бас намазын өтеуге қиямға тұрды. Бір кезде пейіштің әсем нығметтерін тағы бер мәрте көргісі келіп көзін ашып қалғаны сол еді, тамұқта күйіп жатқан Әбужәһілді көріп, шошып кетті. Намазда ұстаған қолы түсіп кетті. Намазын бұзып алмайын деп қайтадан тәкбір айтып, «Құныт» дұғасын оқи жөнелді. Кейін осы оқиғаны серіктеріне айтып берді. Үтір намазы осылайша намазға енді.
Дерекөз: Отбасы хрестоматиясы. «Мың сұрақ» кітабынан үзінді