Басқалар үшін өмір сүру принципі
Альтруизм (лат. тілінен alter - өзге) - басқа адамдардың мүддесін бірінші орынға қою принципі. Яғни өзгелерге көмек беріп, оларға жағдай жасауға тырысу. Бұл ұғым эгоизм терминіне қарама-қарсы қолданылады. Альтруист әрдайым басқаларға жақсылық тілеп, шын көңілімен қол ұшын созуға дайын тұрады.
Бұл терминді ұғым ретінде француз философы Конт енгізген. Ол "басқалар үшін өмір сүр" деген тұжырым жасады. Альтруист адам әрдайым таңдау еркіндігіне ие. Себебі оның әрбір әрекеті өз еркімен жасалады. Сонымен қатар альтруист әрқашан "дұрыс" шешім қабылдауға тырысады. Мұндай адамдар өз ішінде "әмбебап" және "өзара" болып бөлінеді. "Әмбебап" альтруист бұл терминді (альтруизм) этикалық заң ретінде қабылдап, оны ұстануды жөн көреді. Ал "өзара" альтруист тек көмекке мұқтаж адамдардың жанынан табылуға ұмтылады. Негізінен альтруизм - мінез-құлық, өзін-өзі тәрбиелеудің нәтижесі.