Бильярд ойыны туралы қызықты деректер
Бильярд ойынының қашан және қайда пайда болғанын ешкім нақты айта алмайды. Болжам бойынша отаны Азия деп саналады, ал Еуропада ол кейіннен пайда болған. 1469 жылы Анри де Винем атты шебердің француз королі Людовик ХІ арнап бильярд үстелін жасағаны туралы құжаттар сақталған.
«Шар» деген мағынаны білдіретін «Бильярд» сөзі бізге Франциядан келген. 1812 жылғы Отан соғысы кезеңінде бір орыс ол сөзді «шарокат» деген орыс сөзіне ауыстыруды ұсынған. Алайда бұл идея қолдау таппаған соң, ойын атауы сол күйінде қалған.
Барлық спорт түрлерінің ішінде ең алғаш бильярдтан әлем чемпионаты ұйымдастырылған. Әлемнің барлық мықты ойыншылары АҚШ-та жиналып, тегі Гарнье деп аталатын франциялық бильярдшы чемпион атанған. Ол кездері француздар бильярдтан көшбасшы саналған. Бір жыл өткен соң Нью-Йоркте «Америка шебері» деп аталатын турнир өтеді. Алайда атауы солай болғанымен, американдық емес, ХХ ғасырдың басында Париж бильярд академиясына басшылық еткен париждік Виньо жеңіске жетеді.
Бильярдты кез келген жастағы адамдар ойнай береді. Мысалы, 1980 жылы әлем чемпионатында 67 жастағы Фрэд Дэвис атты ағылшын жеңіске жеткен. Ал оның отандасы 17 жастағы Джимми Уайт 1979 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған.
Ал Стиви Стар бильярд ойнаудан жеңіске жетпегенімен, бильярд шарымен жасаған таңқаларлық трюгі үшін Гиннес рекордтар кітабына енген. Стиви шарды жұтып, қайта шығара алатын болған. Сол қасиеті үшін оны «адам-шаңсорғыш» атап кеткен.
Сапалы бильярд үстелі көп жылдар бойы қызмет етуге жарайды. Жақсылап күткен жағдайда, әрине. Аздаған уақыт бұрын өткен аукционға жүздеген жылдар бұрын белгілі америка жазушысы Марк Твен бильярд үстелі қойылған. Ол осы ойынның нағыз жанкүйері болған және оның періштедей мінезін бильярдтың құртқаны туралы да жазған.
Бильярд ойыны шығармашылық адамдары арасында да аса танымалдылыққа ие болған. Мысалы, белгілі орыс классигі А. С. Пушкиннің де өз бильярд үстелі болған. Л. Н. Толстой да бұл ойынға қатты құмар болған. Ал В. В. Маяковский осы ойыннан әжептәуір сома ұттырған.
Бильярд ойынын Америкада 1801-1809 жылдары билік еткен Президент Том Джефферсон да өте қатты жақсы көрген. Жақсы көргені соншалық, штат аумағында бұл ойынға тыйым салынса да, тыйымды бұзған адам екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса да, өзінің жекежайында бильярд үстелін орнатпақ болған. Бильярдтан бөлек Джефферсон шарап жасаумен және аспаздықпен әуестенген.
КСРО-да бильярд өте танымал болған. Құмар ойындарға тыйым салынғанымен, бильярдты ақшаға ойнаған. Бір қызығы, Кеңес Одағында бұл ойынның үстелін темірбетоннан жасамақ та болған, алайда соңында бұл идеядан бас тартқан.
Бильярд бұрын үстел үстінде ойналмаған. Ұзақ уақыт бойы бұл ойын таза ауада, көгалда ойналған. Үстел бетін жасыл түсті ету содан қалса керек. Басқа да түстер қолданылғанымен, арасындағы ең көзге жақыны да, танымалы да – жасыл түс.
Партия кезінде ойыншы кий таяғын борға ұқсас затпен ысқылайды. Ол шын мәнінде де бор, бірақ мектептегі оқушылар мен мұғалімдер қолданатын бордан айырмашылығы бар. Бильярдқа арналған бор үстел бетіне жағылмайды. Оның құрамы 1897 жылы патенттелген. Мұндай борды жасаумен кәсіпқой бильярдшы Уильям Спинкс және химик Уильям Хоскинс бірнеше жылдар бойы айналысқан.