Әлемді мойындатқан Чайковский: Оның өмірі кемшілігін жасырумен өтті
«Менің ең асқақ арманым музыкамды халық жан-тәнімен сүйіп, одан рухани ләззат алып, жан тыныштығын тапса деймін». Бүгінде аңызға айналған бұл сөздердің авторы орыстың атақты композиторы, есімі жаһанға танылған Петр Чайковский. Балет өнерінің шыңы саналатын «Лебединое озеро» шығармасы арқылы әлемді мойындатқан Чайковскийдің музыкасынан шынымен-ақ миллиондаған адамдар жан рахатын тапты. Музыканың құдіреттілігін баршаға сезіндірген Чайковскийдің өзі өмірдің тәттісін сезе алды ма? Өзгелерге оның өмірі бір қарағанда қалыпты әрі алаңсыз өтті деуге болады. Ия, композитор көзі тірісінде-ақ үлкен танымалдылыққа ие болып, бір басына атақ-даңқы жетіп артылды. Жоқшылықтың да қамытын киген жоқ. Ендеше Чайковсийдің жанына маза бермеген не?
Болашақ «жұлдыз» тау инженерінің отбасында дүниеге келгенімен ата-анасы оған шығармашылық ортаны сыйлай алды. Кішкентай музыкант бес жасынан бастап фортепианода ойнап, ноталарды тани бастаған. Музыкаға деген ерекше қабілетін байқаған анасы баласын білікті ұстаздарды үйге шақыртып оқытты. Кейіннен арнайы музыкалық мектептерде білім алды. Жанашыр анасының өмірден мезгілсіз өтуі бала жүрегіне ауыр тиді. Дегенмен ол тағдыр тезіне мойымай, консерваторияға түсті. Дарынды студентті кейіннен 1866 жылы Н.Рубинштейн ашқан консеваторияға дәріс оқуға шақырады. Жұмыс істей жүріп ол шығармашылығын мықтап қолға алды. Орыс музыкасына алғашқылардың бірі болып симфонияға, ішекті квартет, фортепиано, балет, оркестрлі скрипка, виоленчельге арнап шығармалар жаза бастады. Оның атағын дүркіреткен де осы жан-жақтылығы және қайталанбас дүниелері еді. Театрларда оның шығармалары үзілмей қойылып жүрді. Ия, Петрде карьера, атақ-абырой барлығы да өсіп келе жатқан еді. Тек...
Танымал адамдардың артынан жақсы-жаманды сөздің еріп жүретіні заңылық емес пе? Чайковскийдің де артынан жел сөздер есіп жүрді. Бір елі аузына екі елі қақпақ қоя алмайтындар, ұзынқұлақтар, көзімен көргендер және көрмегендер оны гомосексуал екен деген өсек таратты. Мұнысы бекер емес еді. Өйткені Чайковскийдің шынымен де ынтықтығы әйелдерге емес еркектерге ауды. «Лебединое озеро» секілді шедеврдің авторы бұл әлсіздігін қанша жұрттан жасырғанымен шындық су бетіне қалқып шыға берді. Драмматург жақындарымен хат алысқанда аты-жөнін көрсетуді қаламады. Z әріпін жамылып ол ағасы Модестамен жиі хат алмасып тұрды. Жұрттың аузына қақпақ болу үшін ол амалдың жоқтығынан 1877 жылы консерваторияның студенті Антонина Милюковаға үйленеді. Жарына ешқандай сезімі болмаса да өзін-өзі жеңіп, «еркекқұмар» деген жаман аттан құтылуға тырысты. Бұл кезең Петр үшін оңай болған жоқ. Жан, тән қалауымен әбден күрескен оның психикасы сыр бере бастады. Жас қыздың күйеуі атанған ол көп ұзамай отбасылық өмірге шыдай алмады. Күйеуінің осал тұсын білетін Антонина өзге еркектермен әмпей-жәмпей болуды шығара бастады. Тіпті ашыналарынан екі баланы дүниеге әкелді. Бірақ Чайковскийдің жанына батқаны бұл емес еді. Бір шаңырақ астына өмір сүргенімен ерлі-зайыптылардың ортақ әңгімелері болмады. Атақты композитордың әйелі оның тіпті бірде-бір шығармасының атын білмейтін еді. Моральдық қолдау көрмеген ол өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. Күздің қара суығында өзеннің тастай суында сағаттап шомылуды әдетке айналдырды. Ондағы ойы өкпесін суықтату еді. Алайда оның денсаулығы сыр бере қоймады. Антонинаға ол ажырасайық деуге батылы бармады. Себебі опасыз әйел үшін халықтың сүйікті өнер иесінің осал тұсын жария ете салу түкте емес еді. Тығырықтан шығудың басқа жолын таппаған ол ақыры некелі жарына, қоғамға қолын бір сілтеп шетелге аттанып кете барды. (А.Милюкова күйеуінің қазасынан кейін жүйке жүйесімен ауыратындарға арналған ауруханаға түсіп 1917 жылы қайтыс болған). Чайковский екі жылдай жан тыныштығын Швейцария, Италиядан тапқандай болды. Қиындықтардан шаршаған ойы қайтадан шығармашылыққа ойысты. Туған жерінен жырақта жүргенде композитордың өмірінде тағы бір әйел пайда болды. Надежда фон Мекк композитордың табынушыларының бірі болған. Италияда жүргенде хат арқылы танысқан олар 14 жыл бойы бір-бірін көрмей тек қағаз арқылы сөйлесіп отырды. Надежданың байлығы бір басына жететін әрі жесір еді. Ол Чайковскийге материалдық және моральдық жағынан да үлкен көмек беріп отырды. Олардың ұзақ жылдан кейін аяқ астынан қарым-қатынастарының үзілуінің себебін ешкім білмейді. (Қайтыс боларының алдында ол Мектің атын атаумен болыпты). Шетелге қоныс аудару оның шығармашылығына оң әсер етті. Шабытына шабыт қосып, көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Бастысы шетелдің атақты, өз заманының мықтылары, композитор, драмматург, дирижерларымен етене араласып, шығармашылық байланыс орнатты. Оның опералары шетелдік сахналарда қойылып, есімі елге таныла бастады. Сонымен екі жылдық саяхаттан кейін Ресейге қайта оралады. Мұнда мэтрдің артынан ерген баяғы әңгіменің дақпырты басыла қоймаса да орыс халқы туған перзентін ыстық ықыласпен қарсы алды. Шақыртулар, концерттерден қолы босамады. Бір сөзбен айтқанда Ресей оны төбесіне көтерді. Концерттерде автор шығармаларына көбінше өзі дирижерлік жасады. Мұндай жауапты қадамға ол оңайлықпен барған жоқ. Себебі сезімтал Петр өте ұялшақ адам еді. «Дирижерлік іс маған оңай соққан жоқ. Шынымды айтсам одан жүйкем сыр бере бастайды. Бірақ мен табиғаттың берген мінезін жеңіп шықтым» дейді ол бір сөзінде.
Петр Чайковский 1893 жылдың 25 қазанда Петербург қаласында тырысқақ ауруынан қайтыс болады. Алайда оның өлімінің нақты себебін түрліше жорушылар көп. Чайковскийдің қазасы орыс халқы үшін өте ауыр соққы болды. Оның бойында шығармашылық шабыт, талант әлі сарқылмаған еді. 1893 жылдың 10 қазан күні ол Петербургте Алтыншы симфониясына қызу дайындық үстінде еді. 23-не Мәскеуге кетуді жоспарлап жүрген ол уақытша туыстарының пәтерінде қонақ болады. 21 қазан күні достарымен ресторанда тамақтаннан кейін оның жағдайы нашарлай түскен. Асқазаны маза бермегесін ағасы Модеста отбасылық дәрігер В.Бертенсонды шақыртып алады. Нақты диагнозды қоя алмаған дәрігер тәжірибесі мол дәрігер туған ағасын көмекке шақырған. Тексере келе ол Чайковскийден тырысқақ ауруын анықтап, жағдайының нашар екенін жеткізеді. Төрт күн ем-дом жүргізілгенімен науқастың беті бері қараған жоқ. Ақыры бесінші күні оның демі үзілді. Соңғы минуттарда оның жанында екі ағасы, жиені және дәрігер Мамонов бар еді. Жерлеу рәсімінің шығынын үкімет өз мойнына алды. Ұлы композиторды ақтық сапарға шығарып салу үшін Петербургтың алаңына мыңдаған халық жиналды. Марқұм жер қойнына тапсырылған соң өлімге қимаған жұрт оның қазасына кінәлілерді іздей бастады. Бірінші күдік әрине дәрігерге түсті. Тырысқақ диагнозын қойған Бернстонға ел өз ісіне салғырттық танытты деген айып тақты. Жазықсыз дәрігерді жаладан Чайковскийдің ағасы арашалап қалады. Екінші бір топ Чайковский өз-өзіне қол жұмсады деген болжам жасайды. Оған себеп те жоқ емес еді. Біріншісі: жанын жегідей жеген депрессиядан құтылғысы келген ол тырысқақпен ауыру үшін әдейі тазартылмаған су ішіп жүріпті-мыс. Ауруы асқынған кезде дәрігерлердің көмегін қабылдаудан бас тартыпты. Екіншісі: сондай атақты композитор бір күні шынайы бетпердесі ашылып қала ма деген қорқыныштың әсерінен бірнеше жыл бойы ағзасына кері әсер ететін у қабылдап жүріпті-мыс. Орыс пионисі В.Сапельников өзінің естелігінде былай дейді: «Ол жасандылықтан аулақ жаны пәк кісі болатын. Бір жұмбағы онымен соңғы рет кездескенімде ажалының жақындағанын сезгендей болды. Жанып тұрған көздеріндегі ұшқынды байқай алмадым. Сөніп бара жатқандай еді. Қоштасатын сәт келгенде ол менің қолымды қатты қысып «Қош бол, енді қайтып жүздесеріміз белгісіз, мүмкін бұл біздің соңғы кездесуіміз шығар» деді де бұрылып кетті. Жасырғысы келсе де оның көзінен аққан жасты байқадым»,- дейді ол. Қалай десек те зерттеушілер оның тырысқақтың асқынуынан қайтыс болғанын дәлелдеді.
Чайковскийдің музыка әлеміне орыс халқының талай атақты тұлғалары бас иді. Мәселен жазушы Антон Чехов оны ерешке құрмет тұтты. Оны жазушының мына сөзінен байқауға болады: «Мен Петр Чайковский тұратын үйдің есігін күндіз-түні күзетіп тұруға бармын». Музыкант та оның шығармаларын сүйіп оқып, Чеховтан рухани үндестікті іздеді. Көзін көргендер есімі ел аузында жүрген композитордың өте қарапайым болғанын айтады. Неміс өнертапқышы Юлиус Блок бірде Чайковскийден: «Пётр Ильич, шамасы сіз мадақтан әбден шаршап, оған тіпті көңіл бөлмейтін де боларсыз?» - деп сұраған екен. Композитор: «Иә, әлеумет мен жайлы өте жақсы көзқараста, кейде маған лайық құрметтен де зорын көрсетуі мүмкін. Мен залда, жанымда Лев Толстой Андантты тыңдап, көз жасын көлдетіп отырса да есімнен танып, масайрап кеткен емеспін»,- деп жауап берген екен.