Психологиялық тест: «Қай айнаны таңдар едіңіз?»

Oinet.kz 27-10-2020 4732

image.png

1. Айна. Бірінші айна, дәл қазіргі сәтте сіздің мінезіңізде уақытша құбылыстар болып жатқандығын көрсетеді. Әдетте бұл айнаны өз-өзіне көңілі толмайтын және жағдайды жақсы жағына өзгерткісі келетін адамдар таңдайды. «Ол жерде бақытты болу үшін барлығы бар, бірақ мен ол жерде емеспін. Болашақта міндетті түрде сол жерде боламын», - деген бойларына шегелеп қаққан ұраны бар. Бұл адамдардың негізгі қасиеті – дүниені танып-білуге ұмтылу, батылдық және барлық жаңашылдыққа қызығушылық таныту. Өзгерісті жан-тәнімен қалайды. Дәл осы айнаны таңдаған адамдар ұзақ уақыт бойы бұл жағдайда жүре бермейді. Өйткені бұл белгі уақытша дегенді білдіреді. Яғни, уақыт өте келе бұл айнаны таңдаған адамның мінезі басқа сипаттамаға ауысуы мүмкін.

2. Айна. Олар әдетте шыдамды, табанды және өз ісіне адал жандар. Болмаған іске қолын бір сілтеп, «Бәрібір түк шықпайды» деп айту сіздің өмір сүру салтыңызда жоқ. Екінші айнаны таңдаған жандар алға қойған мақсатына ақырын жүріп, анық басып жетеді. Және оған жетпейінше тоқтамайды. Соның арқасында олардың ішінен нағыз кәсіби мамандар шығады. «Соғыс – соғыспен, ал түскі ас уақыт бойынша» деген сөзді осы айнаны таңдайтын адамдар шығарған болуы керек. Өзінің белгілеп қойған жұмысынан өзге іс туындай қалса, бірден қабағы шытылып шыға келеді. Олардың ойынша, өмір тек жоспармен ғана өту керек. Олар барлығының жинақы, өз орнында тұрғанын қалайды. Тосын сыйларды аса ұната бермейді. Ал күтпеген жерден болған өзгерісті мүлдем қаламайды.

3. Айна. Шығармашылықпен айналысатын, өзгеше ойлайтын тұлғалар. Олар жауыры шыққан жолдармен жүргенді, қатып қалған қағидаларды ұстануды ұнатпайды. Керісінше әрдайым өзгеше жолын іздеп, ерекше тәсілін табады. Олардың арасында өте тартымды адамдар өте көп. Оларды ашуландыру оңай. Мінез-құлқы доллардың курсы өскендей әп-сәтте өзгеріп шыға келеді. Жақсы ораторлар, өздерінің ұшқыр ойымен үнемі бөлісіп жүреді. Тыңдаушысы қаласа да, қаламаса да әрдайым идея тастағанды ұнатады. Кейде сабырсыздық пен шыдамсыздық танытатыны тағы бар.

4. Айна. Төртінші айнаны таңдаған жанның жүрегі – нәзік. Олар өзгелер үшін уайымдап жүреді. Өзін өзгелердің орнына қоя біледі. Басқалардың көңіл-күйіне қарай құбыла алады. Өте қайырымды, жүрегінен мейірім төгіліп тұратын жандар. Олар тек өздері ғана бақытты болғанды қаламайды. Достарының, туыстарының, жақындарының да жақсы өмір сүруі үшін барын салады. Өзгелермен жанжалдасқысы келмейді, керісінше даудың басын шешуге ұмтылады. Кейде олар үшін татулық – ақиқаттан да жоғары. Бұл жандардың 99 пайызы бірінші болып мәмілеге келеді.

Психологиялық тест: «Терезенің бірін таңдаңыз!?»
Адам неге оятқыш қоңырау соғылуына сәл уақыт қалғанда өзі оянады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу