Балалар «қорқынышты» ойыншыққа неліктен әуестеніп кетті – Мамандар негізгі себебін айтты

Oinet.kz 01-02-2023 1013

Хаги-ваги, киси-миси, кили-вилли. Балалар арасында болмысы не адамға, не жануарға ұқсамайтын ойыншықтарға сұраныс артқан. Ересектің зәресін ұшыратын үрейлі ойыншықтарға балақайлардың неліктен үйір болатынын мамандар түсіндіріп берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Screenshot_12.jpg

Сатушылар мұндай ойыншықтар сұранысқа ие болғаннан кейін, амал жоқ алып келеміз дейді. Сөреде самсап тұрған сүйкімді, жұқсақ ойыншықтан гөрі, ойын баласы кейінгі кезде осындай құбыжықтарға үйір боп барады. Дүкен иесі Таңшолпан Жасыбаева «мультфильмнің жағымды кейіпкерлерін көптеп ұсынсақ да, қорқынышты ойыншықтарды аттай қалайды» дейді.  

«Тіпті «Көзінен қан ағып жатқан ойыншық бар ма, тісі жаман ойыншықтар бар ма?» деп өздері келіп сұрап, тапсырыс беріп кететін ата-аналар болады», - дейді кәсіпкер Таңшолпан Жасыбаева.

Еуразиялық экономикалық Одақ елдері балалардың жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізетін ойыншықтардың сатылымына тыйым салмақ. Жуырда одақ мүшелері регламентті қарастыруға кіріседі. Таңшолпан Жасыбаева бұл бастаманы құптайды, «бірақ адам зәресін алатын ойыншыққа тыйым салмас бұрын, сол ойыншықты жарнамалайтын ойындарға тоқтау салу керек» дейді. 

«Соник Экзе – ойыннан алынған ойыншық. Негізі қорқынышты ойыншықтардың бәрі – ойыннан алынған персонаждар. Ең бірінші, меніңше, ойынды тоқтату керек сияқты. Содан кейін ойыншықтар сатылымға шықпайтын болады», - дейді Таңшолпан Жасыбаева.

Кейіпкерлері қорқынышты ойындарға көбіне Youtube желісіндегі мультфильмдер арқау болады. Астаналық Әсел Қонысбаева жеті жастағы баласының мұндай контентті сағаттап қарағанын айтады. Уақыт өте келе, ұлының мінез-құлқы өзгере бастаған. 

«Көбіне қазіргі балалардың көретін мультфильмдары түсініксіз ғой. Түсініксіз атаулар, «сиреноголовый», «хагги-вагги» деген неше түрлі шығып жатыр. Не адам емес, не жануар емес, түсініксіз. Олардың дыбысталуы сапалы болғандықтан ба, балалар соған қызығады. Мсәелен, мен баламның психикасына әсер ете бастағанын мінезінен байқадым. Аздап қорқақтау бола бастады, түнде шошып оянады. Тек агрессиямен жауап беретін болды. Оның бәрі аспаннан түскен жоқ. Бірнәрсе себеп болып тұр. Әрине, сол мультфильмдер себеп болады», - дейді қала тұрғыны Әсел Қонысбаева. 

Күмәнді контентке тоқтау салу үшін Әсел баласының планшетіне арнайы қосымша жүктеп алған. Қауіпсіздік қосымшасы баланың Youtube-та қандай каналға жазылғанынан хабардар етеді. Әселдің пікірінше, үрей тудыратын мультфильмге шектеу қоюдың таптырмас жолы – осы. Ал анимациялық фильмдердің режиссер-продюсері Ділшат Рахматуллин «ата-ана ең алдымен контенттің көркемдік мағынасына мән берсе» дейді.

«Балаларға жамандық пен жақсылық туралы ертегілер қызық. Бұл драмматургияның классикалық үлгісі. Онсыз тіпті ересектерді қызықтыратын контент жасау қиын. Дегенмен жағымсыз кейіпкердің бейнесін салғанның өзінде, біз оның түрін тартымды етіп салуға тырысамыз. Әрине, мультфильмдерде жақсылық қашан да жамандықты жеңеді. Осылайша балалар жағымды кейіпкерді үлгі тұтып, отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиеленеді. Ал жамандық жақсылықтан басым түссе, онда бұл контент балалардың жүйке-жүйесін зақымдайды», - дейді анимациялық фильмдердің режиссер-продюсері Ділшат Рахматуллин.

Балалар қорқынышты, біртүрлі ойыншықтардың есімдерін жатқа біледі. Ал мейірімді кейіпкерді өкінішке қарай, танымайды.

YouTube сияқты тегін платформада көрсетілетін мультфильмнің кейіпкерлерін ойыншыққа айналдырып сату – кәнігі маркетологтардың айласы. Бүлдіршіндердің әр кейіпкердің атын атап, түсін түстеуі де сондықтан. Отбасылық психологтың айтуынша, негізі мұндай ойыншықтар өздігінен қауіп тудырмайды. 

«Балалар үрейді жеңу арқылы дамиды. Белгілі бір кезеңде тіпті мұндай ойыншықтардың көмегі тиюі мүмкін. Алайда бала бұл ойыншықпен жарты, не бір жыл көлемде ойнауын жалғастырса – онда оған қосымша диагностика жүргізіп, неге олай екенін анықтаған жөн. Бойын үнемі үрей билегені, жақсылықтың нышаны емес. Дей тұрғанмен, өзіміз қалай өскенімізді еске алайықшы? Біз де балалық шақта осы кезеңдерден өткенбіз», - дейді отбасылық психолог Любовь Фёдорова. 

«Бала бойындағы ашу-ызасын шығару үшін осындай ойыншықтармен ойнауы – қалыпты жағдай. Бірақ мұндай ойын ұзаққа созылмауы тиіс» дейді психолог. Ал мұнысы үйреншікті жағдайға айналса, онда дабыл қағу керек. Сондықтан психологтар «хаги-ваги» болсын, басқасы болсын, баланың ойыншықпен қалай ойнатынын бақылауға кеңес береді.   

Украинадағы соғыс туралы жазған қазақстандық басылым Ресейдің сотына шақырылды
Түркістан облысында 80 жастан асқан қария шаңырақ көтерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу