Коронавирустың кесірінен жұмысынан айырылған ер адам, миллионер атанды
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жұмысынан айырылған Австралиядағы Аделаида қаласының тұрғыны лотерея ойнап, бірнеше миллион австралиялық доллар ұтып алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz сайты.
Есімін жария етуді қаламаған ұтыс ойынының жеңімпазы бірнеше апта бұрын коронавирус пандемиясының кесірінен қызметінен айырылған көрінеді. Алайда сатып алған лотерея билеті оған миллионер атануға мүмкіндік берген.
Белгілі болғандай 12 сәуір, жексенбі күні ойнатылған ұтыс ойынындағы сандар билетте жазылған сандармен сәйкес келіп, австралиялықтың асығы алшысынан түскен.
Енді ер адам алдағы 20 жылда ай сайын 20 мың австралиялық доллардан (5 млн 400 мың теңге) алып отырады. Ұтыстың жалпы сомасы 5 миллион австралиялық долларды (1 млдр 342 млн теңге) құрайды.
Лотерея жеңімпазының айтуынша, жақында баласы дүниеге келіпті, сондықтан олар бұл ақшаны баспана сатып алуға жұмсамақ екен.
"Кешкісін онлайн шотымды тексердім де, ұтқанымды көрдім. Әйелімді оятып, сүйінші сұрадым, ол қуаныштан айқайға басты. Бұл ғажайып! Ұтқаныма нақ сенімді болу үшін шотымды бірнеше рет тексердім. Бұл ғажап сезім!", – дейді ол.
Ер адам бұл ақшаның оларға өмір бойына жеткілікті екенін де атап өтті.
"Мен жұмысымнан айырлып, күйзеліске түсіп жүр едім. Алайда қазір мен бақыттымын. Бұл ұтыс маған қаржылық еркіндік сыйлады", – дейді миллионер.