Кентауда ауданаралық лапароскопиялық орталығы ашылады

Кентау қаласында алдағы уақытта ауданаралық лапароскопиялық орталық ашу жоспарлануда. Кентау қалалық ауруханасының басшысы Асылбек Утебаев айтуынша, бұл жоба өңірлік медицинаның жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек. Аталған орталық күрделі хирургиялық көмекті жергілікті деңгейде көрсетуге, заманауи технологияларды енгізуге, мамандарды оқыту мен тәжірибе алмасуға, жоғары білікті медициналық орталық қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның дамуы – жүйелі еңбектің, кәсіби шеберліктің және жаңашыл көзқарастың нәтижесі. Бүгінде өңірде құрсақ қуысы операцияларының басым бөлігі лапароскопиялық әдіспен орындалып, медициналық көмектің сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ал жоспарланған ауданаралық орталық – осы жетістіктердің заңды жалғасы болмақ.
Ал бірінші дәрежелі мамандар қызмет атқаратын видеоэндоскопиялық жүйеде асқазан, ішек жолдарын көруге мүмкіндік мол. Қазіргі таңда жас баладан, үлкен кісіге дейін асқазан мен ішек жолы аурып ауруханаға түседі. Осы құрылғының көмегімен адамның ауырған дертін тез анықтауға болады.
Кентау қалалық ауруханасы 313 төсек орынға арналған, мұнда 514 маман халыққа қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесіне қала мен оған іргелес елді мекендердің 100 мыңға жуық тұрғыны жүгінеді. Жылына 13-14 мың науқасқа сапалы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.
Медицина мамандарының үйлесімді атқарған жұмыстарының нәтижесінде Кентауда нәрестелердің шетінеу көрсеткіші төмендеп келеді. Мұнда тиімді перинаталдық күтім жасау мақсатында босану бөлімінде 3 төсек орынды жаңа туған нәрестелердің реанимациясын және перзентханада шала туылғандарды тұрақтандыру және неонатологиядағы респираторлық терапия ұйымдастырылған. Жаңа туған нәрестелердің өлімінің негізгі себебіне – перинаталдық кезеңде асфиксия, түрлі геморрагиялық құбылыстар, пневмония мен қан кетулер жатады. Бала неғұрлым ертерек туылған сайын оның жетіліп, дамуы да соғұрлым төмен болып келеді. Сондықтан шала туған сәбидің салмағына емес, неше аптада туылуына қарау керек. Осындай арнайы шала туылған шақалақтарға көмек көрсету жансақтау бөлімі мен білікті дәрігерлердің еңбегі анық.
Ақ халатты абзал жандар – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын және де өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын мамандар. Ауруханаға ем іздеп келген кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл дәрігерлердің еңбектері ерен. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.
Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның дамуы – өңірлік медицинаның қарқынды ілгерілеуінің айқын көрінісі. Соңғы онжылдықтар ішінде бұл бағыт заманауи технологиялармен ұштасып, жоғары сапалы медициналық көмектің негізіне айналды. 2024 жылы Денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруымен лапароскопиялық және видеоэндоскопиялық жүйе сатып алынған болатын. Осы аппараттың көмегімен Кентау дәрігерлері көптеген оталарды жасап, науқастардың тез сауығып кетуіне мүмкіндік жасауда. Лапароскопиялық тәсіл гинекологиялық, урологиялық және жалпы хирургиялық науқастарды диагностикалау және ота жасау барысында кеңінен қолданылады. Бүгінгі таңда ауруханада лапароскопиялық тәсілмен жалпы оталардың 98 пайызы жасалуда. Бұл көрсеткіш – медициналық көмектің сапасы мен заманауи деңгейін айқындайтын маңызды индикатор. Енді бұл әдісті мамандар бұдан да күрделі операцияларда қолдануды қолға алуда. Себебі, кішкентай тілінді арқылы ағзаның ішкі мүшелеріне күрделі ота жасау науқасқа да жеңіл болумен қатар ота жасап тұрған хирургтың да шеберлігін ұштайтыны анық.
Жалпы Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның бастау алуы 1996 жылмен байланысты. Сол кезеңде енгізілген жаңа әдіс біртіндеп дамып, хирургиялық тәжірибеде кеңінен қолданыла бастады. 2000 жылы алғашқы лапароскопиялық холецистэктомия сәтті орындалып, бұл минималды инвазивті хирургияның өңірде кең таралуына жол ашты. Кейінгі жылдары лапароскопиялық технологиялар жүйелі түрде жетілдіріліп отырды.
Кентау хирургтарының ғылыми ізденістері нақты нәтижелерге қол жеткізді. 2012 жылы лапароскопиялық аппендэктомия әдісіне авторлық патент алынуы ұжымның инновациялық әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдейді. Бұл әдіс тәжірибеде тиімділігін көрсетіп, клиникалық практикада кеңінен қолданылып келеді.
Лапароскопиялық әдістің артықшылықтары көп. Атап айтқанда, операциялық жарақатты азайтады, науқастың тез қалпына келуін қамтамасыз етеді, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, стационарда жату мерзімін қысқартады.
Қазіргі уақытта лапароскопиялық әдістер гинекология саласында да кеңінен енгізілген. Түркістан облысындағы көптеген медициналық ұйымдарда гинекологиялық операциялардың басым бөлігі осы тәсілмен орындалып жатыр. Бұл пациенттердің өмір сапасын жақсартуға және ем нәтижелерін арттыруға мүмкіндік береді.


