Жылан тілді жандар

Oinet.kz 13-08-2019 1690

67289.jpg

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсап, жерұйық іздеген Асан қайғы «аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?» деген екен. Су мен құрлықты да жатсынбайтын жыландардың басты қаруы – тілі екен. Жер бетінде өзге тіршілік иелерінен жыланды ерекшелеп тұратын да осы айыр тілі. Қазақта «Жыланның тілі айыр, жылан мінезді адамның сөзі айыр» деген мақал бар. Бүгінде адамдардың мінезі ғана емес, тілі де айыр болып барады. Ия, ия жанама емес, тура мағынасында айтып тұрмыз. Он күнәнің 9-ы тілден дейміз-ау. Ал сол бүтін тілді кесіп, айыр қылғандардың күнәсі одан ауыр болса керек-ті. Жә, қазіргі адамдардың қалауына қарсы келе алмайсың. Талғамда талас жоқ демей ме?

Сонымен, бүгінгі  қозғайтын мәселе – сән үшін тілін кескендер жайлы.  Тату салонындағы мамандардың айтуынша тілін кесуге көп жағдайда денесі татуировка мен пирсингке толған, бет-аузында темір-терсек тағуға бос орын қалмаған, қысқаша айтқанда сәннің шегіне жеткен адамдар жүгінеді екен.  Яғни, оларға енді пирсинг пен сурет салдыру қызық емес. «Атың шықпаса жер өрте» деген қағиданы ұстанатындар  жұрттың назарын аудару үшін тілді екіге бөлуді сәнге айналдырды. Жылан тілділер алғаш рет Америка мен Еуропа жастары арасында пайда болды. 

 068.jpg

Майялықтар бастап берген

Жалпақ тілді кесу біз ойлағандай ХХІ ғасырда пайда болмапты. Оның тарихы әріректе екен. Тіл кесу Мексика мен Орталық Азияның үндіс халықтарының тобы – майя тайпасында қалыптасқан. Жоғары лауазымды абыздар тайпа адамы екенін айғақтау үшін тілдерін екіге, кейде үшке, төртке бөлген. Өткеннің діни сарыншағын кейінірек йоганың «ғалымдары» өздеріне енгізіп алды. Яғни йогамен айналысатын адамдарға айыр тіл арнайы жаттығуларды жасауға және «құдаймен» тілдесуге қажет болған. Христиан дінінде айыр тілділерді сайтанның құлы деп есептеген. Ал қазір тілді ортасынан екіге бөлу – сәнге айналды. 

 

Тіл қалай кесіледі?

Бүтін тілін тілуге шешім қабылдағандар алдымен кәсіби хирургты таңдап алғаны дұрыс. Операция кезінде тіл дәл ортасынан кесіліп, кесілген аймақтары жіппен тігіледі. Тігу – көптеген қауіптің алдын алады. Біріншіден қанның кетуін тоқтатса, екіншіден тілдің ішкі аймағына тамақ қалдықтарының кіріп кетпеуін қамтамасыз етеді. Егер тілдің ішіне ас бөлшектері кіріп кетсе ол жер іріңдеп, түрлі инфекциялардың туындауына себеп болады.

Медицинаның мүмкіншілігіне қарай тіл кесудің бүгінде үш түрлі тәсілі бар. Олар: байлау, скальпелинг және лазерлі. Байлау әдісінде тілдің ортасына ине арқылы жіп немесе қармақ бау (леска) өткізіліп, мықтап түйінделеді. Әлгі жіпті тілдің ұшына әкеліп, осып түсетіндей етіп қатты тартып қалу керек. Бұл өте ауыр процедура. Сабыр танытпаған адамдар жіпті тарту кезінде тыпыршып кетеді де, тілі қисық кесіліп жатады. Ота кезінде таңдай бездері ісініп кетеді де, сөйлеуге мұрша бермейді. Ең қиыны – тамақты шайнау мен жұту. Жалпы алғанда мұндай ыңғайсыздықтар бір айға дейін созылуы мүмкін.

Екінші әдісте пациенттің тілі ортасынан алмаспен тілінеді. Әдетте аталған проецедура кезінде қан көп кетеді. Сондықтан хирург операциядан кейін қанды тоқтататын химиялық және шөптік дәрілерді қолданып жатады. Дәрігер іске кіріспес бұрын жергілікті анестезия салғанымен ауырсыну бәрібір болады. Сол себепті бұл әдіске тек жүрек жұтқандар барады деуге болады.

Ал лазерлі тәсілден қорқудың қажеті жоқ. Лазер маманы анестезия еккен соң лазердің көмегімен тілді «күйдіреді» және кеседі. Бар болғаны 15 минут уақыт кетеді. Пациент қан жоғалпайды. Алайда егер тілде пирсинг болса оның орны қанауы мүмкін. Себебі пирсинг тағылған аймақтағы тіндер күйдірілмейді.

Бет-жақ хирургтары мұндай процедура үшін 500-ден 1000 АҚШ доллларына дейін ақы алады. Баға анестезияның күштілігіне байланысты. Ал медицинадан тыс тәжірибе жинағандар (тату, пирсинг мамандары) бұл жұмысы үшін 100-ден 500 АҚШ долларына дейін сұрайды.

 maxresdefault-26-1024x576.jpg

Отадан кейінгі күтім

Ауыз қуысы үнемі суланып тұратындықтан жараның орны жазылуы қиын деген қате пікір дейді мамандар. Ауыз қуысындағы тіндер біз ойлағаннан де тез қалпына келеді дейді дәрігерлер. Сонда да мамандар жылан тілді пациенттерге мынадай кеңес береді: тіліктің орнын көп жағдайда ашық ұстау керек. Әрине ұзақ уақыт ауызды ашып тұру мүмкін емес. Сондықтан ең қолайлысы гемостатикалық сорғышты (губка) тілдің кесілген аймағына қою. Сорғышты тамақтанған соң, дұрысы тәулігіне 2 рет ауыстырып тұрған жөн. Осы ретте мынадай сұрақтар туындауы мүмкін. Айыр болған тіл қайта бітіп кетуі мүмкін бе? Мамандардың айтуынша мұндай жағдайда тіл жартысына дейін ал кейде 2/3 бөлікке дейін бітіп кетуі мүмкін екен.

Процедурадан кейін алкогольге жоламаған жөн. Кәмпит немесе шылым шексеңіз артынан аузыңызды хлоргексидинмен шайып тұрған жақсы. Дәрігерлер айыр тілдің екеуін де еркін қимылдатып, басқаруға болады дейді. Себебі олардың бұлшықеттері бөлек екен. 

 

Айыр тілдің дәм мен дауысқа әсері

Тілі кесілген жандар «д», «т» әріптерін айтқанда кішкене күрмелеуі мүмкін. Сондай-ақ олар ысқырып сөйлейтін болады. Егер отаны тәжірибесіз маман жасаған болса невр клеткалары зақымдануы мүмкін. Ал зақымдалған болса дәм сезу қабілетіңіз төмендеуі немесе мүлдем жоғалуы әбден мүмкін.  

 

Тілмен ойнамаңыз! 

Сәннің соңынан қуудың ақыры көп жағдайда жақсылықпен аяқталмайды. Сол секілді жыланның тіліне қызығу да сізге біраз қиындықтарды «сыйлайды». Біріншіден, процедура өте ауыр болғандықтан наркозды көтере алмауыңыз мүмкін немесе аллергия пайда болады.  Екіншіден, операцияны қанша жерден кәсіби хирург жүргізсе де қанның кетпеуі мүмкін емес. Себебі тілдің ішінде көптеген қантамырлары орналасқан. Үшіншіден, ісіне шала қарайтын маман тіліңіздің нерв клеткалары мен таңдай бездерін кесіп жіберуі ғажап емес. Сондай-ақ медицина ғалымдары тілмен ойнағанның тістері мен қызыл еттері жиі ауырып, мазалайтынын айтады. Ә

детте тілді кесу онкология, ЖИТС, түрлі инфекциялық аурулар, қан айналым жүйесінде бұзылыстары бар жалпы алғанда әлсіз, аурушаң адамдарға жасауға мүлдем болмайды. Мүмкіндігінге ата-аналар 18 жасқа толмаған балаларына жасатпаған дұрыс. 

А.НҰР

Суреттер ашық дереккөзден алынды


Шашыңнан иіскейін...
Әжім неден пайда болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу