Нұрғали Орманов: «Халықтың «түбіне жетіп жатқан да» осы қате түсінік»

Oinet.kz 12-07-2019 1717

Screenshot_14.jpg

Нұрғали Орманов, Онкологиялық диспансердің бас дәрігері                 

- Әлемде кеңінен тараған қатерлі ісік ауруларының облыстағы көрсеткіштері қандай?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жер шарында қазіргі уақытта жылына 10 миллионға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Осы қалыппен кете берсе, 2020 жылы аурулар саны екі есеге көбейеді. Қазақстанда қатерлі ісікпен жылына 31-32 мың адам ауырып, 16-17 мың адам өмірден өтеді. Ал біздің облыста жылына 2400-2500 адам осы ауруға ұшырап, 1400-1450 адам қайтыс болады. Қазір диспансерде 11400 науқас есепте тұр. Қатерлі ісік ауруларының ішінде облыста бүгінгі таңда сүт безі қатерлі ісігі өршіп тұр, мұнан соң асқазан, өкпе, тері және өңеш қатерлі ісіктері жиі кездеседі. 

- «Ауруын жасырған өледі» демекші, қатерлі ісік аурулары өте кеш анықталып жатады. Не себептен?

- Аурудың кеш анықталып жататыны рас. Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылы бекітілген  ережесі бойынша облысымызда үш түрлі скринигтік бағдарламалар жүргізілуде. Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін скрининтік тексеруден 50-60 жастағы әйелдер екі жылда бір өтуі тиіс. Ал жатыр мойны қатерлігі ісігіне 35-60 жастағы әйелдер бес жылда бір, сондай-ақ тік және тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтау үшін 50-70 жастағы әйелдер мен еркектер екі жылда бір мәрте тексерілуі қажет. Осы бағдарламаның арқасында жылына 100-120 ауру табылып, оның 85 пайызы I-II сатысында  уақтылы, сапалы ем алып жазылуда. Алайда халық Үкіметтің «жақсылығын» көп жағдайда түсіне бермейді. Аурудың алдын алып, өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету үшін мемлекеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Сонда да тұрғындар уақытылы тексеруден өтпейді, құлық танытпайды. Сөйтіп жүріп денесіне дерттің қалай жабысқанын білмей қалады да әдбен жанына батып, ауруы асқынғанда диспансердің есігін тоздырады. Өкінішке қарай, ісік үшінші сатыға жеткенде дәрігерлер де шарасыз қалады. Скринингтік тексерудің үздіксіз жүріп тұрғанына қарамастан өңірімізде кеселдің I-II сатысында анықтау 50-ақ пайызды құрап отыр. 

- «Жаман ауру» екенін білген науқастың психологиясы бірден өзгеретіні белгілі. Олар көбінесе «бәрі бітті дегендей»  өз-өздеріне үкім шығарып қояды. Мұндай жағдайда не істеу қажет?

- Ел ішінде «онкологиялық ауру жазылмайды» деген түсінік қалыптасып қалған. Халықтың «түбіне жетіп жатқан да» осы қате түсінік. Егер қатерлі ісік адам ағзасынан ерте анықталса, яғни I-II сатысында уақытылы емделсе 85 пайызға жазылып кетуге мүмкіндігі бар. Мұның бәрі ертеңгі күні естен шығып кететін ауру. Тексеру барысында қатерлі ісік анықталса науқастар «жау көргендей» бізден қашады. Ауруханада емделудің орнына үйінде екі-үш ай қымыз ішіп жатып алатындар бар, одан қала берді тәуіп-емшілерді аралап кетеді. Осылай жүргенде ісік ұлғайып кетеді де бәрі кеш болғанда айналып бізге келіп көмек сұрайды. Асқынған кезде аурудың жазылып кету көрсеткіші бар-жоғы 10-15 пайызды құрайды. Кейбір науқастар өзіңіз айтқандай ауру екенін білгенде өз-өзін тастап жібереді. Білесіздер ме, адам «жаман кеселін» білмей жүрсе ауру баяу өседі, ал білген жағдайда өте жылдам меңдеп кетеді. Айтпағым аурумен күресу адамның өзіне, сеніміне байланысты. Жазыламын деп ниеттенсе, бәрін де жеңеді. Анықталған науқастарға психологиялық демеу көрсету үшін екі жылдан бері диспансерде дәрігер-психолог мамандары жұмыс істеп жатыр. Бірақ бір қиындық бар. Еліміздегі мединституттар дәрігер-психологтарды даярламайды, оларды оқытатын пединституттар. Яғни мұғалімдер. Олар анатомиядан, физиологиядан бейхабар болғандықтан науқастармен жұмыс жасау аздап қиындық туғызып отыр.

- Жаңа технология онкологиялық аурумен күресуге қаншалықты септігін тигізіп отыр?

- Бүгінде жаңа технология  қандай кесел болмасын алдын алуға, емдеуге жол ашып отыр. Сол секілді қатерлі ісікті емдеуде диспансерде көптеген аппараттар қолданылуда.  Біз дүниежүзінде жасалып жатқан операциялардың барлығын осы ауруханада жасап жатырмыз. Жылына 1700 операция жасалса оның 70 пайызы күрделі деңгейде. Науқастарды емдеп, ота жасауда әрине, технологияның да көмегіне жүгінеміз. Қуық ісіктеріне TYP аппаратын пайдалансақ, «Рита» радиожиілік термоаббляциялық аппараттың  көмегімен бауырдың және өкпенің метастатикалық және алғашқы ісіктерін емдеп жатырмыз. Жаңадан пайдалануға берілген радиологиялық орталықта сәулелермен емдейтін арнайы аппараттар бар. Олар терең орналасқан ісіктерді емдеуде таптырмайтын құралға айналып отыр.

- Онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратқа қоныс аударатыны рас па? 

- Диспансер қазір ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Науқастарды қабылдап, емдеуге кішкентай болып тұр. Себебі емделушілердің саны артып отыр. Сондай-ақ  150 адам қабылдауға лайықталған емханаға күніне 500-дей адам келеді. Тар жерде адам сапырылысып жатқасын бұл қызметкерлердің жұмысын қиындатуда және науқастарды да әбігерге салатыны анық.  Осы жағдайды түсіндіріп ғимараттың жанындағы бос жатқан жерге қосымша ғимарат салып,  пайдалануға беру үшін биліктен рұқсат сұраған болатынмын. Алайда бұл мәселе бес жылдан бері шешілмей келе жатқан еді. Жақында жұмысына кіріскен облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мекемемізге бас сұққан сәтте осы жағдайды хабарладым. Көп ұзамай өңір басшысы  қиындықтың шешімін тауып, бос жатқан жерге жаңа ғимарат салып беретін болды. Қосымша ғимарат 75 төсек-орынға арналған. Наурыз айында құрылыс жұмыстары басталуы керек. Жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа ғимаратта ауруды емдеуге барлық жағдайлар жасалынбақ. Палатардың барлығы бір, екі кісілік болады деп жоспарлануда. Бұл үшін бюджеттен 898 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ әкімдіктің шешімімен қала маңынан тағы да 10  гектар жер телімі онкологиялық диспансердің иелігіне берілді. Онда 500 төсек орындық және күніне 500 адам қабылдайтын үлкен емхана соғылмақ.     

Мұрағаттан, 2016 ж

Сүт безінің обырын емдеуге болады
Мадина Ермаханбетова: «Медициналық сауаттылық—науқасқа да, ақ халаттыларға да тиімді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу