Атеросклероздың алдын алуға болады

Oinet.kz 26-05-2022 1655

Screenshot_9.jpg

Атеросклероз – созылмалы өршіп отыратын, артерияларды зақымдайтын аурудың түрі.  Олардың қабырғаларына майға ұқсас заттар, ең алдымен холестерин кіреді. Біртіндеп май мен холестериннен тұратын атеросклеротикалық бляшкалар пайда болады. Атеросклеротикалық бляшкалар артерия саңылауларын бітейді. Артериялардың саңылаулары тарыла бастайды да, ол арқылы қан аз жүріп тіндері оттегі мен қоректік заттарды аз қабылдайды.

Егер осы артериялар өмірге маңызды ағзалар – жүрек, миға баратын болса, атеросклероз жүректің ишемиялық ауруын, миокард инфаргін, гипертонияны, инсульт пен шет тамырлары ауруларын тудыра алады. 

Атеросклероз көптеген адамдарда кездеседі, бұл ретте бұзылыстың дамуы адамдарда ерте жасында басталады. Бала жасынан бастап-ақ қолқаның ішкі қабырғасында кейде холестерині бар липидті жолақтар байқалады. Аурудың дамуын жеделдететін және олардың симптомдары мен асқынуларының жылдам пайда болуына әкелетін атеросклероздың қауіп факторлары бар. Егер олардың алдын алып, емделетін болсақ, жүрек-тамыр ауруларының дамуына жол берілмейді. Аурудың ағымының еш симптомсыз болуына байланысты, атеросклероздың профилактикасын асқынуларға дейін ертерек бастаған дұрыс.

Еңбек пен демалысты, сонымен қатар дене қимылының белсенділігін дұрыс ұйымдастырылуының маңызы зор, себебі атеросклероз аз қимылдайтын адамдарда байқалады. Сондай-ақ дұрыс тамақтанудың да зор маңызы бар. Тағам әртүрлі болып және ол жеміс-жидектер, көкөністерге мол болуы тиіс. Темекі шегу, алкоголь ішімдіктерін ішу секілді зиянды әдеттермен күресу қажет.

Атеросклероздың алдын алу шараларында ең алдымен тамырлардың зақымдануына бейім болатын артериялық гипертензия мен қант диабетін дер кезінде анықтау және олардың жүйелі емделуін бақылаудың маңызы зор.

Бүгінде елімізде Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) жүргізілуде. АББ-да артериалды гипертензия, қант диабеті және жүрек жетіспеушілігі сырқаттары бар пациенттер бақылауда болады. АББ Тегін медициналық көмектік кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі. Аталмыш бағдарламаға қатысатын пациенттердің әр 3 ай сайын тиісті мамандардың бақылауында болу мүмкіндігі бар. Ендеше, мүмкіндігіңізді пайдаланыңыз. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!

Динара АБУБАКИРОВА,

Түркістан қалалық орталық емханасының кардиолог дәрігері

Нұр-Сұлтанда медицинадағы жемқорлық өршіп тұр
Дұрыс тамақтану – үздік білім алудың жолы!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу