Дұрыс тамақтану – үздік білім алудың жолы!

Oinet.kz 26-05-2022 1760

Screenshot_10.jpg

Дұрыс тамақтану – үздік білім алудың жолы. Сондықтан дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға баса назар аударуымыз керек. Балалық шақ қимыл-қозғалысқа толы, белсенділік пен шапшаңдықты талап ететін, жүйке жүйесінің қозуы жоғары деңгейде болатын кезең. 

Оқушы күніне 6-8 сағат білім нәрімен сусындайды. Сол кезде оның жүйке жүйесі айтарлықтай ауыртпалыққа тап болады. Емтихан маусымында мұндай ауыртпалық 2 еселенеді. Өзіне деген сенімділік, жақсы оқу, назар аудару мен есте сақтау қабілеті тамақтану рационына тікелей байланысты. Мектеп жасындағы балалардың физикалық және ақыл-ой қабілетінің  қалыпты дамуы, олардың еңбекке қабілеттілігі мен төзімділігін  арттыру, түрлі ауруларға, оның ішінде жұқпалы емес ауруларға қарсы тұруын жақсарту үшін күнделікті басты нәрлі заттектерді қабылдау маңызды. Оқушының тамақтануы дұрыс және үйлесімді болуы тиіс, себебі осы уақытта оның ағзасының  дамуы  қалыптасады. 

 Дұрыс тамақтану – дәмді, құнарлы, организмнің тіршілігіне қажетті тағамдық заттектердің үйлесімді мөлшерде, организмді дер кезінде, уақытылы, дұрыс тамақпен қамтамасыз ету. Бастысы – уақытылы тамақтану! Дені сау болу үшін жас өскелең ағзаға көптеген қоректік зат қажет. Ағза қалыпты өсу үшін ақуыз, майлар, көмірсулар, дәрумендер мен микроэлементтер қажет. Дұрыс тамақтану  үшін қажетті  азық-түліктер ақуыздарға, микроэлементтерге, кальциге, дәрумендерге   бай болуы тиіс.

Ақуыздарды пластикалық «құрылыс материалдары» деп атауға болады. Олар бұлшық, ет, сіңір, байламдар, сүйек, шеміршек, қан және барлық ішкі ағзалар-бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, көкбауыр, асқазан, ішек т.б құрлымдарына қатысады. Ақуыздардың ағзаға жеткіліксіз түсуі салдарынан бойдың өсуі, ақыл ойдың дамуы, қанның түзілуі бәсеңдейді, ағзаның ауруларға қарсы тұруы төмендейді.

Майлар – энергияның, майда еритін дәрумендердің көзі, жасушалар мен тіндерді қорғайды. Энергия көзі пластикалық қызмет атқарады. Ағзаға майдың жеткіліксіз түсуі орталық жүйке жүйесінің қызметіне кері әсер етеді, әлсіздік, ашушаңдық байқалады. Керісінше, майлар мөлшерінің шамадан тыс түсуі семіздікке, жүрек-қантамыр ауруларына әкеледі.

Көмірсулар – ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді, май алмасуына, амин қышқылдары және су алмасуына қатысады. Көмірсулардың ағзаға жеткіліксіз түсуі орталық жүйке жүйесі мен бұлшық ет қызметінің бұзылуына әкеледі.  

Дәрумендер – барлық тіршілік ету үрдістерін реттеуге қатысады, заттектер алмасуын жақсартады, бос радикалдар мен канцерогендерді залалсыздандырады, ағзаның қалыпты жағдайын қамтамасыз етеді, сергектік пен оқу үлгерімін арттырады.

Қант қосылған кондитерлік өнімдер, кәмпиттер, тәтті газдалған сусындар, шырындар, концентратталған жеміс шырындарын, фаст-фудттарды тұтыну артық салмақ және семіздіктің қаупін арттырып, жұқпалы емес аурулардың (семіздік, асқазан ішек жолдарының аурулары, жүрек қантамыр аурулары, эндокриндік жүйе аурулары, қант диабеті, аллергия, қатерлі  ісіктер) дамуына қолайлы жағдайды  туғызуға ықпал етеді.Дұрыс тамақтана білейік.

Нүркен ОРАЗОВ,

Отырар аудандық орталық ауруханасы,

«Жас ұя» жастар денсаулық орталығы меңгерушісі 

Атеросклероздың алдын алуға болады
Туберкулез қалай емделеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу