Аюдың майы, қарғаның жүні, ешкінің еті, тауықтың жұмыртқасы және арақтың пайдасы

Oinet.kz 11-05-2021 7887

Қазақтың дәстүрлі халық емшілігінде жиі қолданған дәрі-дәрмектер адал және арам дәрілер болып, екі топқа бөлінеді. Адал дәрілерге  өсімдіктен жасалатын, еті жеуге келетін жануарлардың еті, сүті, майы, терісі, жалы, минералды және химиялық заттардан жасалатын дәрілер жатады. Ал арам дәрі деп еті жеуге жарамайтын жануарлардың еті, сүті майы мен терісі, тағы да басқа бөліктері саналады. Бұлардың қай-қайсысы да денсаулық жағдайына байланысты қолданылған. Соның бірқатары мынадай:

Screenshot_4.jpg

Айранды жылан шаққан жерге жаққан. Ішек ауруларына да ішкен.

Ақ қаз (гусь) өтін ішек ауруларына, құрт ауруға, яғни туберкулезге ішкен.

Ақбөкеннің мүйізі бойға қуат беретін дәрі ретінде пайдаланылған.

Арақты мерезге, оташылар ауыр сынықты саларда ішкізетін болған.

Ара балын қызылшаға, жөтелге, терлету үшін пайдаланады.

Аюдың майын буын ауруларына қыздырып жақса жәрдемі жақсы.

Көз ауырғанда, қызарып, қышып, жиі ісіп кете берген жағдайда әйелдің емшек сүтімен шайған.

Балықтың майын көзге ақ түскенде және мешел ауруына қарсы ішсе көмегі бар. Көздің нұрын жақсартады деп оны көзге де тамызған.

Бидай ұнын, яғни қамырды күбіртке, шиқанға жылыдай таңатын болған.

Бұғы мүйізінің қанын дене әлсізденгенде, бас айналғанда, жүйке ауруларында ішкен. Ал оның сорпасын ұзаққа созылған аурудан әлсіз тартқан науқасқа берсе, тез күш-қуат жинайды. Аяқ-қолы сырқырып, бел шойырылғанда ішсе тез жазылуға жәрдем болады.

Борсық майын туберкулезге, көк жөтелге ерітіп ішкізетін болған.

Ешкінің еті жеңіл, сорпасы асыл, тез сіңеді, қуат береді деп, ертеде сырқат адамды ешкінің етімен тамақтандыратын болған.

Денедегі күйік шалған жердің жарасына ешкінің еріген тоң майын шүберекке малып, ораса, тез жазылады. Бұл күйген жердің суын тез сорып, жаралы жерге тез өң береді.

Жарқанаттың еті, сорпасы, құмалағы, әрине, арам дәрі. Дегенмен денсаулық үшін кейде оны да емге қолдануға тура келген жағдайлар кездескен. Мысалы, ертеде оны сүйек сырқырағанда, әртүрлі жарақатқа, көз, безгек ауруына қарсы қолданған.

Керосинді ісікке, тіс ауруына, безгекке, сыздауыққа қарсы қолданған.

Тіс ауырып, қақсағанда жыланның түлеген терісін ауырған тіске басса, көп ұзамай басылады.

Күйген жерге жылқының жалынан азырақ алып, өртеп, күлін сепсе, тыртық қалмайды.

Қазанның қара күйесін тамақ ауырғанда саусаққа жағып алып, басқан.

Шашы түсіп, айнатаз болған кісінің шашын қайта өсіру үшін қарғаның жүнін қайнатып, басына бүркіген.

Құтырған ит қапқан адамға қасқырдың бауырын жегізетін болған.

Құлақ бітеліп қалғанда қойдың өтін тамызатын болған. Ал қойдың қанын шиқан мен сыздауық шыққан кезде жылыдай таңған.

Талма ауруына барларға ертеректе қоянның миын қуырып жегізген, көмегі бар деседі.

Қолға күбіртке шыққанда қуырылған пиязды жылыдай таңып тастау керек.

Құмырсқаның илеуін суға қайнатып, жылан шаққан жерге қоймалжың түрінде таңған.

Қуықтағы тасты ерітуге, қышыма, қызылшаға, безгекке қарсы кептердің етін жесе көмегі бар деп саналады.

Күкіртті тері ауруларына, яғни қотыр, қышыма, денедегі бөртпе, есекжем шыққанда қолданған.

Мал омыртқасының жұлынын сыздауықтың аузын шығару үшін жылыдай тамызса жақсы көмектеседі.

Сауысқанның етін сүйек сынғанда, мерез ауруына  қарсы жегізген. Сауысқанның миын қуық тұтылғанда несеп жолын ашу үшін берген. Бір қызығы, қазірде надандық саналатын бұл ем ертеде кәдімгідей нәтиже берген көрінеді.

Сиырдың өтін көкжөтелге ішкізген.

Ертеректе халық емінде суырдың етін асқазаны ауыратын адамға жегізген. Ал қуыған кептіріп, несебі тұтылған кісіге жегізетін болған. Майын денеге сарысу жиналғанда, буын сырқырағанда жаққан. Қуық аууруларына шүберекпен  малып, таңуға болады. Терісін буынға сарысу жиналғанда жылыдай таңатын болған.

Асқазан ауырса, тауешкінің еті мен сорпасын ішкізудің жәрдемі бар.

Тауықтың жұмыртқасын күйікке жаққан. Ал терісін жараға таңады.

Көз ауырғанда түйенің өкпесін пісіріп, жылы күйінде таңатын болған.

Бел ауырғанда кәдімгі сусыма құмды қыздырып, ыстықтай басатын болған.

"Замана" газеті

Аз ұйықтаған адам тез семіреді
Құрттың біз білмейтін 7 түрлі пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу