Артық салмақ – көптеген аурулардың себепшісі
Артық салмақ – көптеген аурулардың себепшісі. Бүгінде әлем халық осы семіздікпен күрес үстінде.
Семіздік организмде майлардың синтезделу үрдістерінің күшейіп, ағзадағы арнайы орындарда артық мөлшерде жинақтала бастауынынан дамиды. Майлардың ағзадағы энергия қорларының маңызды көзі екені белгілі. Олар тотығып, ыдырағанда көп мөлшерде энергия бөлінеді. Майлар организмнің ерекше май клеткаларында синтезделіп, жинақталады. Қалыпты жағдайда, әрбір адамның тәнінде белгілі мөлшерде майлар қоры болуы керек.
Семіздік пен артық дене салмағының негізгі себебі - организмдегі энергия алмасуында тепе-теңдіктің бұзылуы, яғни тамақпен бірге алатын калорияның жұмсалатын шығындарынан басым болуы. Артық дене салмағының даму себептері әртүрлі болғанымен, сайып келгенде, адамның тамақтанудағы теріс әдеттерімен байланысты. Бұлардың негізгілері: майлы және тәтті тағамды көп мөлшерде қабылдау, аз қимылдау, көңіл күйзелістерін тамақтарды ішіп-ішіп жеумен басу, толық, етжеңді адамның өмір салтын ұстану.
Соңғы жылдары жүргізілген көптеген ғылыми зерттеулер көрсеткендей, денеде майдың артық жинақталуына жоғары калориялы, құндылығы төмен тағамдық өнімдерді көп мөлшерде ішіп-жеу алып келеді. Бұлар қандай тағамдық өнімдер? Бұлар - құрамында жеңіл сіңірілетін көмірсулары мен майлары мол, бірақ тағамдық талшықтары, дәрумендер мен минералдық заттары аз тағамдық өнімдер, яғни рафинадталған өнімдер: қант, кондитерлік өнімдер, ақ нан, жоғары сортты ұннан пісірілген өнімдер, тәтті сусындар, картоп чипсілері, фри картоп, жүгері қауызынан дайын таңертеңгілік астар. Осындай тағамды артық мөлшерде, жиі қабылдау организмде заттар алмасуын бұзады. Мысал ретінде, құрамындағы калориясы бірдей, екі порция тағамды қарастырайық. Біріншісі рафинадталған және құндылығы төмен тағамдық өнімдерден тұрады, яғни майқоспа нан мен газдалған тәтті сусын. Екіншісі – талшықтарға, дәрумендер мен минералдық заттарға бай, тек қана табиғи азық-түліктерден дайындалған, яғни, зәйтүн майы қосылған көкөністік салат. Екеуі мөлшерлік тұрғыдан ұқсас, бірдей калориялы, яғни организмге бірдей мөлшерде энергия береді. Алайда, сапалық тұрғыдан айырмашылықтары көп. Салат жеген адамда тоқтық сезімін тудырып, организмді энергия, дәрумендер, минералдар және басқа биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз етеді. Ал, майқоспа нан мен газдалған тәтті сусын қандағы глюкоза мөлшерінің деңгейін тез жоғарылатқанымен, оны азайтуға инсулинді көбірек бөліп шығару үшін организм өзінің қорын шығындауға мәжбүр болады. Кейіннен, осындай әсер тудыратын тағамды жиі қайталап қабылдау метаболитттік синдромның (инсулинге тұрақтылығы) дамуына соқтырады. Ол инсулиннің қандағы мөлшерінің тұрақты түрде жоғарылауымен сипатталады. Инсулин организмде көптеген қызметтер атқарады: біріншісі – майдың іш пен белдің аумағында жинақталуын жандандырады (ол майлардың синтезделуін күшейтіп, және керісінше, олардың ыдырауын тежейді); екіншісі – асқа тәбетті күшейтеді (әсіресе, тәтті тағамдарға); үшіншісі (соңғысы емес, бірақ кеңінен белгілісі) – қанда глюкозаның мөлшерін азайтады.
Инсулиннің шамадан артық болуы глюкозаның мөлшерін шектімежелік деңгейден төмендетеді де (гипогликемия), адамда үрейлену сезімін тудырады, күші қатты әлсіреп, тағы да ашығу байқалады.
Осымен қатар, артық дене салмағы мен семіздіктің дамуына себепкер болатын басқа да факторлар бар:
• Аз қимылды өмір салты - физиологиялық белсенділіктің төмендеуі (гипокинезия), яғни өндірістің автоматтандырылуы мен көліктің дамуы салдарынан жалпы энергиялық шығындардың азаюы. Аз қимылдау салдарынан организмнің майларды тотықтыру қабілеті төмендейді.
• Кейбір аурулар, атап айтқанда, эндокриндік аурулар (гипогонадизм, гипотиреоз, инсулинома).
• Тағам қабылдау бұзылыстарына апаратын тамақтану дағдысының психологиялық бұзылыстары (мысалы, психогендік артық тамақтану).
• Күйзелістерге бейімділік.
• Ұйқы қанбау.
• Психотропты дәрі-дәрмектер.
Семіздіктің алдын алу:
- фаст-фудтан толықтай бас тарту;
- тамақтану негізінде жармалар, А тобының макарон өнімдері, ірілеп тартылған ұн, көкөністер, бұршақ тұқымдастар, жеміс-жидектер;
- көкөністер қай түрінде болса да пайдалы болып келеді. Оларда көп жасұнық және пайдалы көмірсулар бар;
- ең жақсысы – көкөністі майсыз етпен немесе балықпен бірге тұтыну;
майлылығы аз ірімшіктер де, басқа сүт және ашытқан сүт өнімдері мен көкөністер өте пайдалы. Олар кешкі асқа мінсіз келеді, олармен кешкі асты толықтай ауыстыру керек;
порцияның өлшеміне, сонымен бірге өнімнің құнарлылығына баса назар аудару қажет;
майонез, шұжық өнімдері, кілегей, жаңғақ, шемішке, торт, чипсы және т.б. құрамында майлылығы жоғары өнімдердің тұтынуын азайту керек;
тәтті сусындар, тосаптар, кондитер бұйымдары, қант – жеңіл сіңімді көмірсулар бар өнімдерді тұтынбаған жақсы;
көптеген іс-әрекеттердің аз қозғалысты сипаты, тасымалдау әдістеріндегі өзгерістер және урбанизацияның өсуіне байланысты физикалық белсенділікті арттыру қажет. Артық салмағы бар адамдар тұтынылатын тағамның мөлшерін және физикалық белсенділігінің жүктемесі деңгейін теңестірулері тиіс.
Талғаммен тамақтану – саулық кепілі екенін ұмытпаңыз!