Пирофорез . Отты процедура
Кез-келген әйел заты шашының ұзын, қайратты әрі жібектей сусылдап тұрғанын қалайды. Бүгінде шаш күтіміне арналған әдіс-айлалар жеткілікті. Тіпті күн санап жаңа процедуралар шығуда. Солардың бірі – пирофорез әдісі.
Пирофорез шашты күтудің жаңа салондық процедурасы. Оның ерекшелігі шебер шашты ашық жалынмен күйдіреді. Басқаша айтқанда, шашты күйдіру және оларды протеиндер мен кератинмен қанықтыру процессі. Ол сынған және зақымдалған шаш талшықтарын қалпына келтіруге, шашқа табиғи сұлулықты қайтаруға мүмкіндік береді.
Елімізде шаш емдеу процедуралары әйелдер арасында соңғы 5 жылда жоғары сұранысқа ие. Жалғыз біздің елде ғана емес, ғалам әйелдері мен ерлері шаш күтіміне байланысты әртүрлі пікірде. Бірі салонға міндетті түрде үнемі барып тұру қажет деп ойласа, кейінгісі шаш табиғи нәрленеді, қажетін табиғаттан алады деген пікірде. Әйтсе де қаншама қыз-келіншек өз сұлулықтарын шебер қолына тапсырғанды жөн көреді.
Сондай шаш күтіміне ықпал ететін процедуралардың бірі пирофорез – шашты ашық отпен күйдіру арқылы емдеу әдісі. Өзінің қорқынышты атауына қарамастан, шашты күйдіру процедурасы сіздің шашыңыз үшін ешқандай қауіп тудырмайды, сонымен қатар оның сауықтыру әсері бар.
Шашты ашық отта қолдану әдісі ежелгі Египет дәуірінен бастау алады. Сол кездің өзінде фараондар басын ашық отпен қысқартып, шаш үлгісін өзгертіп отырған. Оттың игі қасиеттерін адамзат сол кездерден сұлулық жолында қолдана білген.
Қазақстанға қашан келді?
Пирофорез сондай-ақ Fire Cut деп те аталады. Fire Cut технологиясын халықаралық дәрежедегі ресейлік шебер-стилист Ольга Курбанова 2009 жылдың маусым айында патенттеп алған. Ал оны әзірлеуге стилисттің шамамен 15 жыл кетіпті. Пирофорезбен емдеу әдісі де соңғы бір жылда Қазақстанда кеңінен етек жайып келеді. Қазірге бұл процедура көпшілікке қолжетімсіз болғанымен, болашақта кез келген салон процедуралары қатарына еніп, қолжетімді болуы әбден мүмкін. Шын мәнінде, пирофорезді «отпен шаш қию» деп атау жөнсіз, себебі шаштың ұзындығы бірнеше миллиметрге ғана қысқартылады. Дегенмен атауының түрлілігіне қарамастан орындау техникасы және процедураны өткізу кезеңдері бірдей.
«Ыстық» процедура қала жасалады?
От әсерінің арқасында арнайы таңдалған косметикалық құралдардың белсенді компоненттері шаш өзегіне терең енеді. Тіпті қатты зақымдалған шаш талшықтары да қайта қалпына келеді. Ал бұйра шаштар түзу қалыпқа енеді. От шаш құрылымын жақсартып қана қоймай, ұштанған шаш талшықтарын да біртегіс ететін қасиетке ие. Процедура мүлдем қауіпсіз және қандай да бір алдын ала дайындықты талап етпейді. Отты қию әдісіне небәрі 2-2, 5 минут кетеді. Продура алдында шаш мұқият сусабынмен жуылады.
Сонымен шаш бірінші сусабынмен жуылады да кератинді қорғаныс жасайтын арнайы маска – гель-имплант жағылады. Бұл құрал шашты ылғалдандырып, тегістеп, оларды көлемді және жұмсақ етеді. Гель-имплант зақымдалған шашты мұқият қалпына келтіре отырып, жылтыр және жібектей етеді. Олардың сынуын шектеп, өсу процессін белсендіреді. Шебер аталған масканы 15-20 минутқа жағып, жылы сумен шайып тастайды.
Одан әрі шашқа оның құрылымына байланысты таңдалған "коктейль" қолданылып, шаш отпен күйдіріледі. Шебер ұзын қайшыға мақта орап, оны спиртке малып, онымен шашты күйдіре бастайды. Осы сәтте күйген шаштың иісі шығуы мүмкін, бірақ оттан қорқудың қажеті жоқ, себебі от құрғақ шашты ғана қыздыруы мүмкін. Отты шаш түбіне жақындатуға болмайды. Шамамен бас түбірінен 7-8 сантимер алшақтықты сақтап отты қайшымен шаш тегіс ұзындығы бойымен өнделеді. Шашты бүкіл ұзындығы бойынша күйдірген соң, бірден жаңа күйдірілген шаш ұшына жоғары полимерлі табиғи шайырдан, қоңыр қышқылының күрделі эфирінен тұратын, шаш ұшын ұштанудан сақтайтын арнайы өнім қолданылады. Күйдіру кезінде шаштың ұштары «мөрленеді», ол шаштың ылғалдануына, регенерацияға және сыртқы факторлардан қорғануына ықпал етеді. Осыдан кейін шашқа шектен тыс құрғақтықтың алдын алуға көмектесетін қоспалар жағылып, фенмен кептіріледі.
Шартты түрде кешен екі құрамдас бөлікке бөлінеді: отпен емдеу процедурасы мен күнделікті күтім. «Базалық» процедура 3 айда бір рет шаш қию күні немесе бояудан кейінгі бір ай өткен соң жасалып отыруы қажет.
Процедурадан кейін шашты жоғары температурадан қорғайтын арнайы сусабын мен сарысу қолдануға кеңес беріледі.
Пирофорез кімдерге ұсынылады?
Пирофорезді жылдың кез келген уақытында жасауға болады. Процедура барлық шаш типіне жарамды. Әсіресе, ең күшті әсер қатты әлсіреген, табиғи қалпын жоғалтқан шаш иелерінен байқалады. Тіпті қатты зақымдалған, аққұба шаштар да бір процедурадан кейін де тегіс қалыпқа ие болады. Алайда процедура оттың көмегімен өткізілгендіктен, оттан қоқынышы бар нәзік жандылар барынша аулақ болғаны жөн.
Пирофорезге панецияға секілді қауіппен қараудың қажеті жоқ. Бұл шашқа күтім жасайтын, жақсартатын көптеген процедуралардың бірі. Жақсы әсерге қол жеткізу үшін, бұл процедураны үш айда бір рет қайталаған жөн. Айта кету керек, отпен емдеу әйелдер үшін ғана емес, ерлер үшін де тиімді.
Отпен емдеу процедурасы әсіресе мынадай проблемалар кезінде тиімді:
· «шаршаған», сынғыш және зақымдалған шаш;
· ұштанған шаш;
· құрғақ, кеуекті, түссізденуден, бұйралаудан, бояудан, термоқұралдардан зардап шеккен шаш;
· жарқыл жоғалған шаш;
Пирофорездің артықшылықтары:
· сыртқы (ауа райы) факторлардан жақсы қорғайды;
· косметикалық құралдарды пайдалану кезінде аллергия тудырмайды;
· олардың пайдалы заттармен және дәрумендермен қанығуы арқасында шаш талшықтарының зақымдануын баяулатады.
Кемшіліктері:
· процедураны өз бетінше, үй жағдайында жасауға болмайды;
· нәтижелілік шебердің тәжірибесіне байланысты;
· бір реттік сеансты қолдануға болмайды;
· әдістеменің құны өте жоғары
Егер сіз шаш күтімінде жаңа бір тәсілге жүгінуге шешім қабылдасаңыз, шеберді таңдау кезінде басты назар аударыңыз, ол жөнінде пікірлер оқыңыз, таныстарыңызбен кеңесіңіз. Өйткені, процедураның нәтижесі шеберге әбден байланысты. Шашты күйдіруге тек қана пирофорез әдістемесінің патент иесі Ольга Курбанованың қолы қойылған арнайы сертификаты бар шеберлерге сенім білдіру қажет.
Пирофорездің бір процедурасының құны шамамен 20 000 мен 50 000 теңгенің арасын құрайды. Ол алдымен таңдаған шебер мен салонға байланысты өзгереді. Екіншіден шаштың ұзындығы мен қалыңдығына байланысты да процедура құны өзгеруі мүмкін. Қазақстанда аталмыш процедураны бірнеше салондар ғана жасайды.
Шаш құрылымын отпен емдеу әдісі туралы пікірлер әртүрлі. Бұл процедураны әзірлеушілердің айтуынша, ол емдік қасиеттерге ие. Процедура шаш ұштарын дәнекерлеумен қатар, шаш өзегін тегістейді, сонымен қатар оның құрылымын жақсартады, сол арқылы нәзік жандыларды мазалайтын көптеген шаш мәселелерінен арылтады. Қанша адам, сонша пікір. Біреу шаш қиюдың жаңа әдісі деп санаса, басқасы тек пациенттің қалтасын қармауға жаңа маркетингтік қадам деп санайды.
Десе де, байқап көрмей баға беру қисынсыз...