Пластикалық хирургтардың алдына ай сайын 4-5 еркек барады
Қазақстандық еркектер лазерлік эпиляция, массаж, СПА процедуралардан басқа эстетикалық медицинаның көмегіне де жүгінуді сәнге айналдырған. Олар шаштарын өсіртіп, ботокс салғызып, инелер арқылы әжімдерін тартқызып, әйелдер жүгінетін көптеген пластикалық операция түрлерін де жасайды.
Мамандардың айтуынша, бұрын ота арқылы келбетін түзететін ер адам аз болған. Қазір пластикалық хирургтің алдына ай сайын 4-5 еркекке дейін келеді екен. Сұлу болуға шамадан тыс берілгендер бір жасалған отаға қанағаттанбай бет-бейнесін өзгертуге шектен тыс құмартатын кездері де болатын көрінеді. Содан бірнеше рет пышаққа түсуге дайын.
Ер адамдар пластикалық операцияның мына түрлерін көп жасатады:
- Блефаропластика (көз пішінін өзгерту, қабақтың кем-кетігін жою);
- Бет терісінің әжімдерін тарту;
- Платизма (мойынның майын алу);
- Ринопластика (мұрын түзету);
- Отопластика (құлақ түзету).
– Пластикалық операция жасауға 40-тан асқан ер адамдар көп келеді. Олар әжімдерін тартқызып, әдемі және тартымды кейпін ұзақ уақыт сақтап қалғысы келеді. Әрине бет-әлпетіне көңілі толмайтын жастар да ота жасатады. Еркектер де әдемі болып көрінгісі келеді, сондықтан олардың өзгеріске бет бұрып, өздеріне күтім жасағанында ешқандай әбестік жоқ, – дейді пластикалық хирург Данияр Байбосынов.
Метросексуалдар сұлулығының сырын құпия ұстайды
Мамандардың мәліметінше, еркектер косметолог және пластикалық хирургтың қызметіне жүгінгенін жариялағысы келмейді. Сондықтан олар сұлулығының сырын құпия ұстайды. Ал өзгеріске бел буғандардың дені іскер адамдар, беделді топ-менеджерлер екен. Сондай-ақ сырт келбетін табыс көзі ретінде пайдаланатын түрлі саланың адамдары да бар.
Әділхан Ермеков 41 жаста, көзіне блефаропластика жасатып, бетіндегі әжімдерін жайғызып, тегістеткен.
– Сот орындаушысымын, жасым 41-де. Бұрын-соңды өзіме күтім жасаған емеспін. Соның салдарынан болар ерте қартайып, бетімді әжім басып кетті. Ойлана келе көзіме блефаропластика жасатып, беттегі әжімдерді кетірдім. Бұдан былай өзімді күтіп, осы кейпімді сақтап қалуға тырысамын. Болашақта мойнымдағы майды алғызу жоспарда бар, – деді Әділхан Ермеков.
Психикасы бұзылғандар жасанды сұлулыққа құмар келеді
Психологтар қартайған немесе зақымдалған дене мүшесін отамен жақсарту дұрыс дейді. Ал жас бола тұра түрін пышақтың көмегімен өзгертетіндердің психикасы басқаша жетілгенін айтты. Олар кішкентайынан сырт келбетіне байланысты сын естіп, жүйкесіне әсер еткен болуы мүмкін. Мұндай адамдар табиғи болмысына көңілі толмағандықтан жасанды сұлулық жасатуға мәжбүр болады екен.
– Пластикалық операция жасатқан жас жігіттердің жан жарасы болуы мүмкін. Оларға кішкентай кезінде ата-анасы, ұстаздары немесе достары күліп, түрін сынаған болса, өзін қоғамда жайсыз сезінеді. Сондықтан мұндай жігіттер отаға мәжбүрлі түрде барады. Қазір заман өзгерді, ер адамдар да заманға сай сәнді киініп ұқыпты жүргісі келеді. Бұл бір жағынан табыстың кілті. Метросексуалдардың жандары нәзік болады. Олар сұлулықты жақсы көреді, сондықтан үйлерінің де, айналасындағы адамдардың да әдемі болғанын қалайды. Сұлулықты жақсы көретін еркектер әйелдерінің де көркіне мән береді. Олар жанында ертіп жүргенге ұялмайтындай әдемі жар таңдауға тырысады, – деп пікір білдірді психолог Наталья Санарова.
Социологтардың пайымдауынша, еркектердің сұлулыққа бет бұрып ерекше киінуі еуропалықтардан келген. Қазір қазақстандық еркектер кәріс пен түрік телехикаяларындағы, сондай-ақ жарнамадағы көрікті жігіттерге қарап еліктейді. Қалай дегенмен де заман көшінен қалмай, «сыртқы сымбатын сақтап, мінсіз көріну айып емес» дейді мамандар.