Гарра Руфа. Балық сізге педикюр жасайды
Қол терісі мен тырнақтарына қандай күтім керек болса аяқ тырнақтары да сондай күтімді қажет етеді. Жаз мезгілі бастала салысымен сылқым қыздар башпайларына педикюр жасатуға көшеді. Қазір кез-келген сән салонында аяқ тырнақтарын сәндеп береді. Әрине, мұны жасайтын педикюр шеберлері. Ал сіз, шебер Гарра Руфа туралы естіп пе едіңіз?
Гарра Руфа – Оңтүстік-Шығыс Азияның теңіздерін мекендейтін ұсақ балық. Олар бүгінде салондарда үлкен сұранысқа ие. Спа-балық атанып кеткен Гарра аяқтарыңызды сәбидікіндей балғын етеді. Теңіз «тұрғынының» адам терісіне әсіресе аяқ терісіне пайдасы мол екені ежелгі жазбалардан белгілі. Қарапайым, кіп-кішкентай балық бьюти-прецедураға қалай келді?
Руфаның емдік қасиетін алғаш байқап, оны медицина әрі сұлулық күтімінде қолданған ежелгі Қытай елі болатын. Кейіннен жапонның кербез сұлулары да Гарраның еңбегін бағалай бастады. Деректерге сүйенсек, Жапоннияда балық-педикюр алғаш рет Хонсю аралында пайда болған екен. Тағы бір аңыз бойынша балықпен алғаш рет ағайынды жігіттер достасқан көрінеді.
Ертеректе ағалы-інілі екі жігіт өмір сүрген екен. Жігіттің үлкені айықпас тері ауруына шалдығыпты. Інісі оны емдеу үшін баспаған тауы, бармаған жері қалмапты. Бір күні екеуі серуендеп, кішкентай бұлақ басында шомылған көрінеді. Сонда олар суда кішкентай, сүйкімді балықтардың жүзіп жүргенін көреді. Әлгі балықтар жігіттерді «сипалап», маңайынан шықпапты. Біраз уақыттан кейін күнге қыздырыну үшін жағалауға шыққан бауырлар өз көздеріне өздері сене алмады. Ағасының қабыршықтанып, түлеп кеткен терісінен түк қалмапты. Керісінше терісі балғынданып, сыздап ауырғаны қойыпты. Бұл аңыздың түбінде шындық бар. Себебі медицина мамандары әлгі емші-балықтардың тері ауруларын, әсіресе тырнақ маңайындағы теріні зақымдайтын псориаз, табан зеңі, экзема ауруларына шипа екенін айтып отыр. Ғылыми тұрғыдан түсіндірсек, Гарра Руфа балықтары адамның зақымданған, іріңдеген, өліп қалған тері клеткаларымен қоректенетін болып шықты. Небәрі 3-5 см құрайтын балықтардың тісі болмайтындықтан, қорегін сорып алады. Олар теріні зақымдамайтындығы да осыдан. Сондай-ақ дәрігерлер спа-балықтардың диатонол ферментін бөлетінін айтады. Диатонол теріні дезинфекциялап, жаңа клеткалардың пайда болуына жол ашады екен.
Балық терапиясы
Жапония, Тайланд секілді Гарра Руфа мекен ететін елдерде процедура ашық теңіз жағалауында өтеді. Яғни, клиент суға аяғын батырып отырса жеткілікті. Балықтар өздігінен келіп башпайларыңызға, табаныңызға жармасып, өз ісіне кіріседі. Балықтардан қорқудың қажеті жоқ. Әрине алғашқыда ыңғайсыздық, қорқыныш сезімі туындауы мүмкін. Кейде балықтардың жанасқаны қытығыңызға тиюі мүмкін. Бірақ бұл уақытша әсер. Процедура шамамен 15-20 минутқа созылады. Аяғыңызды судан алғаннан кейін теріңіздің жұмсарып, тырнақ ұшындағы тілімдерден, қабыршықтардан арылғанын байқайсыз. Мұнан кейін мамандар аяқ саусақтарыңызға жақпа майлар жағып, тырнағыңызды түрлі косметикалық құралдармен нәрлендіріп береді. Ашық теңіз үстіндегі спа кезінде маманның үнемі жаныңызға бақылап отырғанын талап етіңіз. Себебі теңіз болғасын онда тек Гарра Руфа ғана емес өзге де тіршілік иелері жүреді. Олар сіздің денсаулығыңызға қауіп төндіруі бек мүмкін.
Ал педикюр жасайтын балықтары жоқ елдер бұл процедураны салонда жасауға мәжбүр. Яғни, қазір көптеген сән салон иелері аталған балықтарды сатып алады немесе авкариумда қолдан өсіреді. Клиентке биіктеу диван ұсынылады. Ыңғайлап отырған соң бірнеше «тазалықшы-балықтар» жүзген аквариумге аяғыңызды саласыз. Бір жақсысы, сіз авкариумде балықтардың қалай жұмыс істеп жатқанын көре аласыз. Күнге де күймейсіз. Әрі аяғыңыз жылы суға малынып тұрады. Пилингтің нәтижесін көп ұзамай көресіз. Мамандардың айтуынша ұсақ балықтар тек қана проблемалық аймақтарды ғана тазартады, яғни сау теріге, клеткаларға тиіспейді. Соның нәтижесінде емнен кейін қан айналым жүйесі жақсара түседі екен.
Фиш-пилингтің рахатын үйде сезінуге де болады. Бүгінде балықтарды үйде өсіріп, үй жағдайында пилинг жасайтындар көбейген.
Пайдасы мен зияны
Балық педикюрі терісі тым сезімтал, жараланған жағдайда жазылуы қиын адамдарға өте пайдалы. Әсіресе қант диабетіне шалдыққан адамдардың аяқтағы башпайлары тез жарылып, қабыршықтанып кетеді. Міне, осындай жандар құрал-саймандары кейде теріні зақымдайтын классикалық педикюрге қарағанда спа-фишке жүгінгені пайдалырақ. Сонымен қатар, табанда ағзаның бүкіл жұмысына ат салысатын белсенді нүктелер орналасқан. «Дәрігер-балықтар» осы нүктелерді оятып, сіздің сергек, қуатты жүруіңізге көмектеседі.
Жоғарыда айтылған екі жігіттің оқиғасына сенсек, Руфа пилингі тек аяқ терісіне ғана емес, бүкіл денеге шипа. Әсіресе псориазды емдеуде. Ескерте кететін жәйт, егер сіз псориазбен ауырып жүрсеңіз бірден теңізге сүңгіп немесе аквариумде ұзақ отырудың қажеті жоқ. Алдымен дерматолог дәрігерінен кеңес сұраған жөн.
Балық процерудасы табиғи ем болғанымен 100 пайыз сенімді деуге келмейді. Егер экзотикалық терапия жасағыңыз келсе бірнеше сақтық шараларды жадыңызда ұстаған абзал.
Біріншіден: көптеген салон иелері ақша үнемдеу үшін руфаға ұқсас арзан балықтарды сатып алады. «Жалған педикюршілердің» тістері болса, сіздің теріңізді зақымдауы мүмкін. Сондықтан аквариумдегі балықтардың Гарра Руфа екеніне көз жеткізіп алыңыз. Оны тексеру оңай – аузына ашып тісі бар жоғын тексерсеңіз болғаны.
Екіншіден: сұлулық орындарында гигиеналық талап сақтала бермейді. Негізінен әрбір клиенттен кейін аквариумдегі су ауыстырылуы қажет. Себебі алдыңғы адамның түрлі тері аурулары сізге жұғуы мүмкін. Процедураны бастамас бұрын маманнан сіздің көзіңізше суды ауыстыруын талап етіңіз.
Үшіншіден: егер сіздің аяғыңызда қандайда бір жарақат, тілік болса спадан бас тартқан дұрыс. Өйткені ашық жарақат арқылы ішке инфекция түсуі мүмкін. Инфекция түскен жағдайда мұның соңы остиомиелитке, яғни сүйектің шіруіне алып келеді. Тайландтағы салондардың бірінде 2006 жылы спа жасатқан әйел дәл осы дертке шалығып аяқтағы бас бармағынан айырылып қалған екен. Америкалық ғалымдар балық сеансы онихомадезис ауруына шалдықтыруы мүмкін дегенді айтады. Бұл дерт теріге инфекция түскенде аяқ тырнағының өсуін тоқтатады екен.
Балық терапиясын тері онкологиясы және қызыл жегі дертіне шалдыққан адамдарға жасауға мүлдем болмайды.
Дені сау, сұлу болған әрине жақсы. Дегенмен сақтық, тазалық бірінші орында тұру керек. Сол себепті тек сұлулық үшін болса да фиш-пилинг жасатуға бел бусаңыз, дәрігердің алдынан өтіп алғанның артықтығы болмайды.
А.НҰР