Баланы қай жаста сүндетке отырғызған дұрыс?
21-01-2022
Сүндеттеу – мұсылмандық парыздардың бірі. Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір дәстүрді бүгінгі дамыған медицина да қолдап, пайдалы екендігін алға тартуда. Ал, сүндеттелмегендердің жыныс мүшесінің басында инфекцияның пайда болу қаупі жоғары екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бұл рәсім медицинада «циркумцизия», яғни дөңгелете кесу деп аталады.
Жалпы сүндетке отырғызу салты сонау Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді мемлекеттерде де қалыпты үрдіске айналған. АҚШ-тың педиатрлық академиясының ғалымдары 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыда пайдалы екенін жариялады. Оның несеп-қуық жолдарын жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтынын мәлімдеді.
Дүние жүзі халықтары арасында қызу талқыға түскен рәсімнің пайда болу тарихына тоқталып өтсек. Сүндеттеу біздің заманымызға дейінгі екі мың бес жүз жылдықта ежелгі Мысыр елінде қолданылған. Сүндеттелген перғауын бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғандығы осының дәлелі бола алады. Сонымен қатар, бұл дәстүр еврейлерде де қалыптасқан. Баланың туылғанына жеті күн толғаннан кейін сүндеттеу рәсімі жасалған. Ал, мұсылман халықтары үшін баланы сүндетке отырғызу басты парыз саналады. Осы міндетті орындайтын сәт қырық күн шілде біткеннен кейін тамыз, қыркүйек айларына тура келеді. Арнайы белгіленген уақытта ата-аналар балаларын хирургиялық отаға әкеліп жатса, енді бірі қожа-молдалардың көмегіне жүгінеді. Бұрындары баланы ауыл молдалары сүндеттегені белгілі. Қазіргі таңда, қазақстандық ата-аналардың көбі хирургиялық әдіске жүгінуде. Біреулері хирургиялық тәсілді қауіпсіз деп жатса, енді бірі ота арқылы бала ауырсынуды сезінбейді дейді. Көпшілік көкейіндегі осы бір сауал төңірегінде Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Әбдішүкір Егізбаевпен сөйлескен едік...
Әбдішүкір ЕГІЗБАЕВ, хирург:
Сүндеттеу тазалық үшін жасалады
– Әбдішүкір Қазыбайұлы, елімізде тамыз айында жыл сайын балаларды сүндеттеу жүргізіледі. Жалпы сүндеттеу не үшін керек?
– Сүндеттеу мұсылман халықтарында бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр түрі. Сүндеттелгенннен кейін бала нағыз мұсылман болды деп есептеледі. Баласы 3, 4, 5 жасқа толғаннан бастап барлық мұсылмандар балаларын сүндетке отырғызып жатады. Тіпті кейбір елдерде бала туылғаннан бір аптадан кейін немеесе бір айдың ішінде сүндеттейді. Біз өзіміз үйренгеніміз бойынша үш жастан бес жасқа қарай сүндеттейміз. Бұл біздің салт-дәстүріміз, екінші жағынан сүндеттелгеннен кейін, бала таза болады. Сол үшін де керек деп ойлаймын.
– Түркістан облысында тегін сүндеттеу жүргізіліп жатқанын естідік. Өзіңіз жетекшілік ететін облыстық балалар ауруханасында бүгінге дейін қанша бала сүндеттелді?
– Күнделікті қанша бала келіп, кетіп жатқанынан хабарымыз жоқ. Мұнда сүндеттеуді кез-келген хирург жасай береді. Күніне шамамен 20-30 балаға жасалады. Бұл тамыз айының бесінен бастап жасалған сүндеттеудің көрсеткіші. Осы айдың ішінде он күн, екі аптаға созылатын белгіленген уақыт аралығы болады.
– Дәрігерлерден бөлек балаларды ауылдарды, тіпті аудан орталықтары былай тұрсын, қалаларда да молдалардың сүндеттеп жүргені әлі де кездеседі. Негізі кімге сүндеттеткен дұрыс, дәрігерге ме, молдаға ма? Жалпы дәрігерлердің үйлерді аралап сүндеттеуіне рұқсат етіле ме?
– Ауылды жерлерде көбіне молдалар жасап жатады. Олар жасағаннан кейін бізге келетіндер бар. Көбісі, қан тоқтамаған жағдайларда келеді. Ол кезде барлығын қарап, тексеріп, шығарып салып отырамыз. Негізінен дәрігерге жасатқан дұрыс. Себебі, ауруханада бар жағдай жасалған. Тіпті, сүндеттеуге еш қарсылық жоқ. Үйде жасатқан дұрыс емес деп есептеймін. Негізінен кез келген xирургиялық манипуляция медицина мекемесінде жасалуы керек. Себебі, емханада бүкіл құрал-жабдықтар, материалдар бар. Бұл жерде тексеру жұмыстары да жүргізіліп отырады. Қанын тоқтатып, ауруды басатын ине салынады. Үйде ауруханадағыдай жағдай жасалмаған. Дәрігерлердің өздеріне де үйде емес емхана ішінде жасаған ыңғайлы.
– Баланың жанын қинап, екі әурелегенше молдалардың сүндеттеуіне қарсы заң жүзінде тиым салу керек шығар?
– Иә, солай етпесе, біз баласын үйінде молда шақырып сүндеттетемін деген ата-анаға түсіндіріп айтқанымыз болмаса, ешқандай қарсылық білдіре алмаймыз. Негізі дәрігерлер үшін емес, балалардың болашағын ойлап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында молдалардың сүндеттеуіне заңмен тыйым салу өте қажет.
– Ауруханада сүндеттелген бала қанша күн жатуы тиіс?
– Жалпы бұл жерде баланың организміне байланысты. Негізінен 7-8 күнде жазылуға тиіс. Сүндеттелгеннен кейін бала бірден жүріп кете алады. Ешбір ауру сезімдері болмайды. Сүндеттелгеннен кейін артынша үйіне қайта беруіне болады.
– Сүндеттеу дұрыс жүргізілмеген жағдайда, ол баланың болашақтағы потенциалына кедергі келтірмейді ме?
– Сүндеттегеннен кейін асқынулар болып жатады. Мысалы, қанауы мүмкін. Бір қантамырлары байланбай немесе қан тоқтамай қалатын жағдайлар болады. Сосын, жазылып кеткеннен кейін болатын асқынулар. Егер дұрыс істелмеген болса үрпісі жазылған кезде баланың зәр шығару жолдары жабылып қалады. Мұндай жағдайлар молдалар, қолы үйренбеген жас дәрігерлер жасағанда орын алады. Бір жағынан алып қарасаңыз өте оңай ота сияқты. Бірақ, шындығына келгенде дұрыс жасамасаң қиын жағдайға алып келетін кездері де бар. Мысалы, былтыр бір ауданның ауруханасында жұмыс жасайтын хирург баланы сүндеттеймін деп жыныс мүшесінің басын кесіп кеткен. Ол бала әлі күнге дейін әуреленіп жүр. Себебі, тесік үнемі жабылып қалады. Біздің емханаға екі аптада, бір айда келіп тұрады. Біз ол тесікті ашып береміз. Мұндай жағдайда баланың зәр шығаруы қиындайды. Ол бала Алматыға да, Ресейге да барды. Құдайдың өзі жасаған жыныс мүшесінің басы орнына қайтып келмейді. Сондықтан сүндеттеуді кез-келген адам істей беруге болмайды. Арнайы білімі бар дәрігерге немесе қолы үйренген, бұрын көзбен көрген адамға тапсырған дұрыс.
– Сүндеттеудің қанша түрі бар? Лазермен сүндеттейді деп естіп жатамыз, бірақ ол электрлі пышақ болса керек. Бірақ, «қан шығармай сүндеттеу дұрыс емес» дейтін әңгіме де бар ел ішінде. Қайсысы дұрыс? Лазермен сүндеттеу зиян емес пе?
– Лазермен сүндеттеу деген нәрсе халықтың құлағына сіңісті болып қалған ұғым. Лазерлі скальпельмен жасау біздің Түркістан облысында, Шымкентте мүлде жоқ нәрсе. Ол Алматыда бір-екі үлкен клиникаларда ғана бар. Лазерлі скальпельмен ешкім сүндет жасамайды. Ал енді қазіргі лазермен істеп жатыр деген нәрсенің бәрі электрлі коагулятор. Әрине, онымен жасағанда қан шықпайды. Себебі, ол кезде қантамырларының бәрі күйіп қалады. Ол лазерлі сүндеттеу болып есептелмейді. Қайшымен, скальпельмен, электрлі коагулятормен кестіңіз не, баланың жыныс мүшесіне, оның келешектегі функциясына ешқандай әсер етпейді. Бұлардың ешбірі болашақта баланың ұрпақ жасауына ешқандай зиянын келтірмейді. Айырмашылық жоқ. Қайшымен кескеннен кейін 4-5 қан тамыр қанайды, оны тоқтатамыз. Ал, электрлі коагулятормен кессеңіз майда-майда, кішкентай қан тамырлары бірден жабылып қалады. Сол себепті қанамайды.
– Соңғы жылдары ел ішінде «сүндеттеліп туылыпты» деген әңгімені көп еститін болдық. Бұл қаншалықты рас? Жалпы, сүндеттеліп туылған баланы қайта сүндеттейді ме?
– Сүндеттеліп туылған баланы медицина тілінде «гипоспадия» деп атайды. Мұндай белгімен дүниеге келген балаларды дәрігерлерге көрсеткен жөн. Егер мамандар баланы көріп, барлығы дұрыс, баланың мүшесінің дамуы қалыпты жағдайда деп шешсе, оған қайта пышақ тигізіп, сүндеттеу шарт емес. Егер дамуы дұрыс емес деп шешсе, онда қайта сүндеттейді. Біздің қазақтар, өзбектер сол аурумен туылған баланы «сүндеттеліп туылды» деп айтып жатады. Ол ауру түріне тап болған балаға ота жасату керек. Ота жасалып жатқан кезде бала сүндеттеледі.
– Сүндеттеу мұсылман балаларға жасалатын кішігірім ота. Дегенмен, оның бала денсаулығына пайдалы екенін естіп білген соң перзентін сүндеттеуге әкеліп жатқан басқа дін өкілдері бар ма? Тәжірибеңізде ондай жағдай кездесті ме?
– Орыстарға, кәрістерге істеп жатырмыз. Олар мұсылман боламын деп жасатпайды, гигиена жағынан таза болғысы келеді. Жылына бес-алты басқа ұлт өкілдеріне жасаймын. Олардың ата-анасы баласының тазалығы үшін сүндеттетіп жатады.
– Сүндеттеу тегін медициналық көмекке жата ма, әлде ақылы ма? Тегін сүндеттеу акциясынан басқа уақытта сүндеттеу құны қанша тұрады?
– Сүндеттеуді жыл бойы істей береміз. Кейбір балаларда шап жарығы, водянкасы болып қалады, біреуінде аталық безі ұмасына түспей қалады сол оталарды жасаған кезде ата-аналардың сұранысы бойынша, бір наркозбен сүндеттеуді де істей береміз. Ол ешқандай ақылы емес, тегін жүргізіледі. Ешкім сүндеттегенге осынша ақша бересің деп айтпайды. Басқа ауруханаларда акция жүргізіліп жатыр екен дейді. Біз оны қолға алмадық. Бірақ, көп балалар біздің ауруханаға келіп, сүндеттеліп кетіп жатыр.
Сұқбаттасқан
Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ