Темекіні тастаса не болады?
Темекіні тұтатқаннан кейін оның құрамындағы улы заттар шылым шегу арқылы өкпеге енгеннен кейін денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Ол улы заттар, ауыз және өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл улы заттар үш топқа бөлінеді: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар.
Темекі тартудың зиянды әсерлерінің негізінде оған адамның денесі тез үйреніп кетіп, одан арылу өте қиын. Тіпті арылу мүлде мүмкін емес жағдайға душар етіп, бүгінгі таңда үлкен қасіретті мәселелерді тудырып жатыр.
Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да айлап, жылдап, ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай, өздеріне сай зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптарынан әсіресе полоний – 210 мен қорғасын – 210-ның қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар болып табылып отыр. Бұл заттар темекі шегушілердің генетикасын зақымдайтын ең негізгі себептер.
Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Ал, Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгісек, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді.
Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады. Қазір темекінің мыңнан артық зияны бар екені мәлім болып отыр. Сондықтан, темекі шекпейтіндер оған жоламай-ақ қойсын, шылымқорлар одан құтылудың жолын қарастырғаны абзал.
Шылым шегудің зияны:
- Темекінің түтіні автомобильдердің шығаратын зиянды заттарынан да 4-есе көп;
- Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн. ыстың бөлшектерін құрайды;
- Әрбір сигарет денедегі 25 мг С витаминін нейтрализдейді, бұл дегеніміз бір апелсиннің құрамындағы С витаминіне тең болады;
- Германия ғалымдарының зерттеуінше бір сигарет адам өмірін 12 минутқа кемітеді;
- 20 сигар тарту арқылы, адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе артық кір ауамен дем алғандай болады;
- Темекі тартатын адамның өкпесі темекінің түтінінен смолаға ұқсап кетеді. Бір жылда темекі тартқыш адамның өкпесіне 800 г. темекі смоласы жиналады;
- Егерде адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы 8 жылға қысқарады. 15 жасында темекі тарта бастаған адамдар 5 есе көп өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады.
Егер темекіні тастасаңыз:
- 24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды;
- 2 күннен кейін дәм мен иіс сезу жағдайы әдеттегі адамдармен теңеседі;
- 3 күннен кейін тыныс алу қалыпты жағдайға жетеді;
- 3 айдан кейін өкпе әдеттегіден 30 пайыз артық жұмыс жасайды;
- 1 жылдан кейін жүрек ауыру қаупі 50 пайызға азаяды;
- 10 жылдан кейін өкпе рагіне шалдығу қаупі темекі шекпеген адамдікмен теңеседі;
- 15 жылдан кейін жүрек пен қан қысымы ешқашан темекі шекпеген адамдармен бірдей болады.
Темекі – адам денсаулығына қауіптілігімен қатар өзіне тәуелді ететін өнім. Ашығында темекіні тастау адамның ниетіне, ерік-жігеріне, сабыр-төзіміне көп байланысты. Әсілінде, адамдардың нәпсісіне тыйым сала білетін ең тамаша уақыт – ораза ұстайтын қасиетті рамазан айы. Ораза ұстаған адамның күні бойы темекі тартпағанына қарағанда, біраз сабыр көрсетіп, басқа кездерде де осы күйін жалғастырса, бір ай ішінде темекі дертінен құтылуға болады.
Ғазиз МЕЙРАМОВ,
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері