«Қан құю ағза алмастырумен тең» - трансфузиолог

Oinet.kz 23-08-2018 1378

Жер шарының әр үшінші тұрғыны өмірінде бір рет донор қанға мұқтаж болады екен. Орта есеппен күніне 300 адамға шұғыл түрде қан құйылады. Жалпы, әлемнің көптеген елдері қан донорлығына зәру. Қуаныштысы сол, Қазақстанда ондай тапшылық жоқ. Алайда жауапкершілігі мол, қызметі аса қажетті трансфузиолог мамандардың тапшылығы сезіледі. Әрбір аурухана, клиника бұл мамансыз төрт құбыласы тең болмасы анық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысы бойынша 30 трансфузиолог маман қызмет етеді екен. Өңірдің демографиялық өсімі мен медицина мекемелерінің санын ескерсек, әлі де бұл маманның қажеттілігі сөзсіз. Бойымызда тулап жатқан қанмен тығыз жұмыс істейтін мамандықтың қыр-сырын Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының реанимаатолог, трансфузиолог маманы Исатай Иманаевтан сұрап көрген едік.  

Screenshot_7.jpg

– Исатай Баханұлы, трансфузиологтың арқалаған жүгі қандай?

– Трансфузиолог медицинадағы маңызды мамандықтың бірі. Қазіргі таңда трансфузиология да медицинаның қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып табылады. Қанды құю (гемотрансфузия) – науқастың тамырына қанды және оның компоненттерін емдік мақсатта енгізу. Арқалаған жүгі ағза ауыстырушы маман трансплантологпен тең деуге болады. Негізгі міндеті – адамға қан құю. Қан құю тарихы сонау Гомердің заманынан бастау алады. Десе де  1616 жылы ағылшын медигі Уильям Гарвейдің қан айналымы заңын ашуы сұйықтықты тамыр ішіне, оның ішінде қанды құюдың алғышарты болды. Гарвей қан айналым жүйесіне деген өз қөзқарасын алғаш рет 1616 жылы Лондонда оқыған дәріс үстінде мазмұндады. 1628 жылы ол «Жануарларда жүрек пен қанның жылжуы туралы анатомиялық зерттеу» деген жұмысын жариялады. Мұнда ол 1500 жыл бойы болған Гален ілімін жоққа шығарып, қан айналым жүйесіне жаңа анықтама берді. Алайда, Гаврей ілімінде бір осал жер болды – ол қан артериядан көктамырға қалай баратынын көрсете алмады. Бұл сұраққа 1661 жылы капиллярлық қан айналымын ашып, италиялық биолог және дәрігер Марчелло Мальпиги жауап берді. 

– Қан құюға кімдер мұқтаж?

– Қан құю әдетте жатырдан тыс жүктілік және тууға дейінгі және одан кейінгі қан кету сияқты жүктілік асқынулары кезінде әйелдерге, безгек ауруы немесе жеткіліксіз тамақтанудың нәтижесінде дамитын күрделі анемияға шалдыққан балаларға, жосықсыз жағдайда күрделі жарақат алған адамдарға, хирургиялық операциялар жүргізілетін және онкологиялық аурулармен ауыратын көптеген науқастарға құйылады. Әсіресе босануда көп қан кету кезінде және күрделі жарақат алған кезде науқастың өмірін құтқару үшін әрбір минут қымбат.  Адам бойында қалыпты жағдайда 4 және  4,5 литр қан болады. Егер пациент 20-дан 50 пайызға дейін қан жоғалтса трансфузиологияға жүгінеді. Қан жоғалту дәрежесіне қарай бір құйғанда екі-үш литр құюымыз мүмкін. Қан құю – әртүрлі ауруларды емдеудің басты құралы. Әсіресе  ол анемия, есеңгіреу, үлкен хирургиялық операциялар сияқты жағдайлар туындағанда аурулардың өмірін сақтайтын баламасы жоқ бірден-бір әдіс екенін айтқым келеді. Біздің ауруханада айына шамамен 15-18 адамға қан құйылады. 

– Трансфузиология кезінде ең қиыны не?

– Барлық емдік шара, ота секілді трансфузиологияның да өзіндік қиындықтары кездеседі. Соның бірі – науқастың жалпы жағдайын жақсарту. Жоғарыда атап өткенімдей қан құю ағза ауыстырумен бірдей. Яғни біреудің қанын екінші біреуге құйғанда гемоглабин, тромбоцит, эротроцидттер секілді элементтер бөтен ағзадаға үйренісу керек, оны бөтен ағза қабылдау керек.  Қан құйылғаннан кейін кейбір адамдарда асқынулар пайда болады. Мәселен бөртпе, ентікпе  болып, бас ауыруы мүмкін. Осындай асқынуларды болдырмау үшін реципиент дәрігердің қадағалауында болады. Жалпы, қан құю адам өмірін сақтап қана қоймай жалпы денсаулығына оң әсер етеді. Құйылған қан организмнің әртүрлі функцияларына қолдау көрсетеді. Ең алдымен орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, зат алмасу процестерінің белсенділігін арттырады, қан тамыр жүйесінің жүйке қабылдағыштарына жақсы әсерін тигізеді. 

– Құйылып жатқан қанның сапасына қаншалықты сенуге болады?

– Қазіргі уақытта қанның сапасына талдау жасау өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Себебі қанның қауіпсіздігі мен сапасы – қанға мұқтаж болып отырған әрбір пациенттің өмірі.  Өздеріңізге белгілі Шымкентте қан орталығы бар. Онда донорларға өте қатал талап қойылады. Тек 50 келі салмақтан жоғарылардан қан алынады. Қан алар кезде ВИЧ, гепатит секілді көптеген ауруларға тексеріледі. Қан алынғаннан кейін ол әбден тексеріліп, өңделеді және сонда сақталады. Сондықтан қан компоненттерінің қауіпсіздігіне толығымен сенуге болады деп нақты айта аламын. Жоғары технологиялар мен қанды дайындаудың аппараттық әдістерін енгізумен бірге жаңа алынған қанды құюдың орнына оның компоненттеріне дифференцияланған терапия келді. Осылайша, жаңа алынған қанның бір порциясынан бірнеше қан компоненттерін алуға болады – эритроциттер, тромбоциттер, плазма, лейкоциттер, сондықтан донор қанды бүгін бір рет тапсырып, бірнеше науқасқа көмектесе алады. Қазіргі таңда біз «Infoblood» деп аталатын жаңа бағдарламамен жұмыс істейміз. Бағдарлама арқылы біз электронды түрде қан орталығымен байланысқа шығып, қажетті қанға тапсырыс бере аламыз. Ол жерде қан кімге, қашан, қанша құйылғандығы барлығы жазылып тұрады және жылдар бойы сақталады. Бағдарламаның тиімді тұсы – ешқандай қателікке жол берілмейді. 

– Қажетті қан табылмай қалатын келеңсіз жағдайлар бола ма?

– Ол мүмкін емес. Себебі қан орталығында  барлығы жоспарланған. Онда күніне қаншама донор қан тапсырып жатады. Ал сирек кездесетін қан тобының иегерлері әр үш айда қан тапсырып тұрады. Сондықтан қан жетіспеушілігі проблемасы жоқ.  

– Қазақ «қанға сіңген қасиет», «қанмен келген мінез» деп қанның адам өмірі үшін соншалықты маңызды екенін айтып өткен. Айтыңызшы донордың қаны реципиенттің мінез-құлқына әсер етеді ме? 

– Бұл сұрақ науқастарды көп мазалайды. Пацинеттер «қан құю кезінде немесе құйғаннан кейін бөтен адамның қаны менің мінезімді өзгертіп жібермей ме? Егер ол адам темекі шексе мен де темекіге әуес болып кетпеймін бе?» деп сұрап жатады. Қан адамның мінезіне ешқандай әсер етпейді. Донордың әдеті, қылықтары реципиентке «жұғуы» мүмкін емес.

– Елімізде трансфузиолог мамандарына деген сұраныс жоғары. Кадр жетіспеушілігінің сыры неде?

– Медициналық жоғары оқу орындарында жеке трансфузиолог мамандарын оқытпайды. Тек  емдеу ісі,  хирургия,  акушерлік ісі секілді мамандар даярланады. Кейбір  мамандар  трансфузиологияны қатар алып жүре алады. Алада олардың трансфузиолог деген сертификаты болмайды. Ал ол сертификатты жеті жылдық оқудан кейін қосымша жарты жыл оқып алу керек.

– Қазір медицина бір орында тұрмай, қарыштап дамуда. Сол себепті дәрігер біліктілігін әрдайым  арттырып отыруы маңызды. Өз біліміңізді қаншалықты қамшылап отырасыз?

– Дұрыс айтасыз. Дәрігер болу – инемен құдық қазғандай. Әрдайым ізденіп үстінде жүру керек. Өз басым өңірде, республикада өтіп жатқан семинар, жиындарға қатысып тұрамын. Қаладағы қан орталығында дәл осы тақырыпқа байланысты түрлі іс-шаралар өтіп тұрады. Онда трансфузиологияның жаңа техникасы, емдеу тәсілдері, сондай-ақ жаңа қондырғыларды таныстырып, үйретеді. Осындай жиындардан қалмай білімімді жетілдіріп тұрамын.    

– Сұхбатыңызға рахмет!

Болезнь Паркинсона – не приговор!
Кене шақса, дәрігерге қаралыңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу