Жапон медицинасының артықшылығы неде?

Oinet.kz 17-01-2020 961

Әлемдегі ең үздік медициналық технология

Жапон медицинасы жаңаша технологияларымен танымал. Медициналық орталықтар заманауи техникалармен жабдықталған. Технологиялық көрсеткіші жөнінен әлемде бірінші орында тұрған Жапонияға ауруханалар мен емханалардағы  магниттік-резонанстық томографиялық аппараттар саны жөнінен теңдесер мемлекет әлемде кездеспейді. Жапон ауруханаларындағы жаңаша әрі теңдессіз компьютерлік технологиялар емделушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуде. Жапонияның медициналық технологиясы әлемдегі ең ұтымды технология деп танылған.

Күншығыс еліндегі емханалардың 80 пайызы жекеменшік санатында. Бірақ емделу ақысының барлық түрлері мемлекет тарапынан белгіленетіндіктен емделушілер үшін мемлекеттік пен жеке меншік емхана арасында аса бір айырмашылық жоқ деуге болады. Яғни, бұл елде медициналық қызмет ақысын мемлекет бақылауда ұстайды. Жапониядағы емделу ақысы негізінен Еуропа елдеріндегі емделу ақысымен деңгейлес. Және медицинасының құны мен сапасының теңдесуі тұрғысынан Жапония әлемдегі жетекші ел саналады.

412804eaf2c328d40478615e53ee45eb.jpg

Жүз жасағандар 1 миллионнан асады

Бүгінде Жапония медициналық қызмет көрсету сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған мемлекет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Жапония медициналық жетістіктері жөнінен Швейцария, Израиль сияқты мемлекеттердің  алдында тұр. Жапониядағы денсаулық сақтау жүйесінің жоғары деңгейде екенін өмір жас ұзақтығынан да көруге болады. Қазіргі таңда жапондардың орташа өмір жас ұзақтығы  79,19 (ерлер) және 85,99 (әйелдер). Бұл дүниежүзі бойынша бірінші орын деген сөз. Соңғы 25 жылда жапон әйелдері жас ұзақтығы бойынша әлемдік реитингте бірінші орыннан түспей келеді.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша 2050 жылы Жапонияда жасы 100-ден асқан адам саны 1 миллионнан асады деп болжануда. Жапонияда нәрестенің шетінеуі дүниежүзі бойынша ең төменгі көрсеткішке ие: 1000 жағдайда 2,8. Ал бұл көрсеткіш Германияда  4,0,  АҚШ-та  6,3,  Ресейде  10,5.

Емделу демалумен ұштасып жатады

Жапон медицинасының тағы бір ерекшелігі, бұнда мемлекеттік емханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер жалақы алады. Ал жеке меншік емхана қызметкерлеріне мемлекет тарапынан гонорар төленеді. Гонорар мөлшерін үкімет белгілейді. Жапон медициналық жүйесінің жетілгендігі сонша, бұнда қариялар санының шектен тыс көптігіне қарамастан науқастар басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте аз. Халықтың денсаулыққа жұмсайтын шығыны бүкіл мемлекеттік шығынның 12 пайызын құрайды. Төрт адамнан құралған бір отбасының медициналық сақтандыруға жұмсайтын қаржысы  4 пайыз деңгейінде.

Жапонияда медициналық орталықтар мен емханалар шипажайлы қалашықтарда, бальнеологиялық демалыс орындарына жақын орналасқан. Сондықтан Жапонияда емделу демалумен ұштасып жатады.

Жапонияда ғылыми медицина жоғары деңгейде дамыған. Мысалы, диагностика, онкология, кардиология, кардиохирургия, нейрохирургия, эстетикалық  медицина, репродуктивті медицина, гастроэнтерология, т.б. салалардағы зерттеулер жүргізген жапон ғалымдарының еңбектері әлемде мойындалған.

Жапонияда қазіргі таңда 140 мың емдеу орталығы бар. Оның ішінде 80 мың емхана, 10 мың аурухана, префектура әкімшілігіне бағынатын 850 медициналық орталық және 50 стоматологиялық клиника. Науқастың емделу орталығында жату ұзақтығы әлем бойынша бірінші орында тұр. Ауру кісі толығымен 19 күн жатып ем қабылдауына болады. Әйелдердің босанған соң перзентханада 5 тәулік қалуына мүмкіндігі бар. Ал АҚШ, Ресей, т.б. елдерде әйелдер босанған соң  перзентханада  1-2 күн ғана болады. 

Дәрігерлерге талап қатал

Жапонияда дәрігерлерге қойылатын талап өте жоғары. Отбасылық дәрігер  болып қызмет ету үшін мамандар медицналық жоғары оқу орнын бітірумен қатар қиын емтихандар тапсыруы керек. Жас дәрігерлер терапия, педиатрия, жедел медициналық көмек, хирургия, психиатрия сияқты медицина салаларында үш жыл тәжірибе жинауға міндетті. Бұдан бөлек арнайы дайындық курсынан өтеді.

Жапонияның  қырық жастан асқан тұрғындары тегін кешенді тексеруге жазылады. Ал әйелдер тегін гинекологиялық, балалар болса тұрақты профилактикалық тексерістен өтеді. Үкімет компаниялардың өз қызметкерлерінің медициналық тексерісіне жыл сайын ақы төлеуін қадағалайды.

Жапония тұрғындары толығымен мемлекет тарапынан және жұмыс берушінің қамқорлығымен медициналық сақтандырумен қамтылған. Қазіргі таңда Жапонияның жалпы ішкі өнімінің 8,1 пайызы денсаулық сақтауға жұмсалады. Осы орайда Жапониядағы медициналық қызмет көрсету жүйесіндегі көрсеткіштердің сақтандыруға екі есе артық қаржы жұмсайтын АҚШ-пен салыстырғанда анағұрлым жақсы екендігін айта кету керек. Жапония бұндай жетістікке дәрігерлер емделушінің қалтасына көз сүзіп, көлденең табыс табуына апарар жолды жауып тастау  арқылы қол жеткізді. 

Жапония жоғары оқу орындарының жанынан ашылған 80 медициналық мектепте 6 жыл бойы дәрігерлерді даярлайды. Бұндай оқу орындарына жылына 8 мың студент қабылданады.

Дәрігерлердің жалақысы, емделу қызметтерінің ақысы, дәрі-дәрмек құны мен медициналық тауарлардың бағасын Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету Кеңесі белгілейді. Сондықтан бұл елде медицина саласында алаяқтар кездеспейді.

Жапонияда медицина саласында зерттеулер жүргізетін 137 ғылыми институт  бар. Бұл ғылыми институттардың базасында ашылған жаңалықтар жапон ғалымдарын әлемге танытқан.

Шарафат Жылқыбаева,

жапонтанушы

Ақ қан деген қандай ауру? Одан қалай емделуге болады?
Шығыс медицинасының құнды кеңестері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу