Үйленбей жыныстық қатынас жасау – қауіпті!
Жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекциялар (ЖЖЖА) – бір адамнан екінші адамға жыныс қатынасы арқылы берілетін аурулар тобы. Қазіргі таңда жыныс жолдары арқылы берілетін мұндай инфекциялардың 20-дан астам түрі белгілі. Олардың ішінде жиі кездесетіндері – мерез, соз, хламидиоз, трихомоноз, ұшық, кандидоз тағы басқалары. Бұл аурулардың бәрі адам ағзасында қауіпті және ауыр асқынулар туындатуы мүмкін. Жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялар кезінде өзін-өзі емдеуге болмайды, емді дәрігер белгілеу керек.
Мерез ауруының қоздырғышы – бозғылт трепанема. Мерез ауруы бірнеше ауыспалы сатылармен сипатталады. Ауруды жұқтырғаннан кейін алғашқы 3 аптаға дейін адамда аурудың белгілері байқалмайды. Бірінші сатысы (бастапқы мерез) жасырын кезеңнен кейін басталады. Бұл кезде трипонеманың ағзаға енген жерінде (шырышты қабықта немесе зақымдалған тінде) қызыл дақ пайда болады. Одан әрі ол дақ үлкейіп, ауырмайтын жараға немесе пішіні дөңгелек, шеттері қызыл эрозияға айналады, оны «қатты шанкр» деп атайды. Шанкр көбіне жыныс мүшелерінде пайда болады. Бірнеше аптадан кейін аурудың екінші сатысы (екінші мерез) басталады. Бұл кезде адамның денесінің қызуы көтеріліп, дімкәстік пайда болады, басы аурады, тәбеті нашарлайды, салмағын жоғалтады, денесінде дақ түріндегі бөртпелер пайда болады және т.б. Аурудың үшінші сатысы бірнеше жылдан кейін пайда болады.
Ауру адам емделмеген жағдайда кесел бүкіл ғұмырына созылып, мүгедектікке әкеліп соқтырады. Ем тері-венерологиялық диспансерде дәрігердің қадағалауымен жүргізіледі.
Соз – венерологиялық аурулардың ішіндегі ең кең тарағаны. Қоздырғышы – гонококк. Соз жыныстық қатынас арқылы жұғады. Ауру белгілері мүлдем байқалмауы немесе әлсіз байқалуы мүмкін. Ерлерде сарғыш заттың бөлінуі, кіші дәрет кезінде ауырсыну және зәрдің қиналып шығуы, ал әйелдерде еттеккір кезінде қан кетудің күшеюі байқалады. Аяғы ауыр әйелдер үшін соз өте қауіпті болып саналады. Өйткені ауру іштегі балаға жұғуы мүмкін. Ауруды уақтылы емдемеген жағдайда, адамда бедеуліктің пайда болу қауіпі туындайды. Қазіргі таңда созды емдеуге болады. Ем арнайы емханада және дәрігердің қадағалауымен жүргізіледі.
Хламидиоз – қоздырғышы хламидия. Ару жыныстық қатынас арқылы жұғады. Сонымен қатар көздің шырышты қабығына да инфекция жұғуы мүмкін. Бұл ауру өзінің ұзақтығымен және белгілерінің анық еместігі мен сипатталады. Жыныс мүшелерінің қышып, дуылдауы байқалуы мүмкін, жиі кіші дәретке шығу және зәр шығару кезінде ауырсыну байқалады. Сонымен қатар бұлдыр заттың бөлінуі байқалады. Бір уақытта екі төсектес серіктесті де емдеу қажет.
Трихомоноз (трихомониаза) – қоздырғышы трихомонада. Бұл ауру жыныстық қатынас жолдары арқылы берілетін аурулардың ішіндегі ең кең көп тарағаны. Аурудың белгілері: жағымсыз иісі бар сарғыш, сұртүсті, ақ заттың бөлінуі, сыртқы жыныс мүшелерінің қышып, дуылдауы және дызылдауы байқалады. Бір уақытта екі төсектес серіктесті де емдеу қажет. Емді тек дәрігер белгілейді.
Герпес (ұшық) – кең тараған аурулардың бірі. Ол кез келген жыныстық қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Қоздырғышы – герпес вирусы. Аурудың белгілері әдетте жұқтырғаннан кейін 3-7 күннен кейін пайда болады. Жыныс мүшелерінің шырышты қабығында жанға бататын көпіршіктер пайда болады. Арада 2-4 күн өткенде бұл бұлыңғыр көпіршіктер жарылып, іріңді жараға айналады және жарылады (кепкен соң қабыршақтанады). Емді тек дәрігердің қадағалауымен жүргізу қажет. Аурудың қайталану қауіпі бар.
Жыныстық жолдар арқылы берілетін жұқпалы аурулардан қалай сақтануға болады? Жыныстық жолдар арқылы берілетін жұқпалы аурулардан сақтанудың ең тиімдісі – үйленгенше жыныстық қатынастан тартыну. Егер адам жыныстық қатынасқа бәрібір түсетін болса, тұрақты, адал, бір серігімен ғана жақындасақаны жөн. Одан бөлек мынадай ережені ұстанғаны дұрыс:
- Жыныстық қатынас кезінде мүшеқап қолдану;
- Жылына бір рет тексеруден өтіп тұру;
- «Ауруды жұқтырып алдым» деген күдік туындаса, дереу тексеруден өту.
Жыныстық жолдар арқылы берілетін жұқпалы аурулардың белгілерін білу қажет, оларды байқаған жағдайда дәрігерге көрінген ең алдымен өзіңіге жақсы. Егер диагноз расталған жағдайда, төсектес серігіңіз де ем қабылдауы тиіс. Ауру анықталған жағдайда, толық емделгенше жыныстық қатынасқа түсуге болмайды.
Өзіңізді сақтаңыз және әрдайым деніңіз сау болсын.
Г.СЕЙІТҚАЗЫҚЫЗЫ,
ОҚО СПИД орталығының тері-венеролог дәрігері