Жасөспірімдер неге күйзеледі?

Oinet.kz 13-03-2018 819

Қоғамда белең алып отырған өзекті мәселе – күйзеліске түскен жастардың саны күн санап артуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, депрессия 10-19 жас аралығындағы жеткіншектерде кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Баланың депрессияға ұшырауына ата-анасының ажырасуы я бөлек тұруы, отбасында жеткілікті көңіл бөлмеуі, жақын адамының қайтыс болуы, біреуден физикалық не жыныстық қорлық көруі, күтпеген ауыр жағдайға тап болуы, науқастануы және оқу-үйренуде қиындықтарының болуы әсер етуі мүмкін. Осындай қиындықтарының бірі басында бар баланы басқалар шеттететін болса, бұл оған ауыр тиеді. Сондай-ақ ата-ананың тым көп нәрсе күтуі, мысалы оқуда жетістіктерге жетуін талап етуі. Сондай-ақ түңілу, үмітсіздік, мұңаю және өзін түкке тұрғысыз  сезіну сияқты белгілер де байқалуы ғажап емес.

Screenshot_2.jpg

Жанайқаймен зарлаған бала өзіне көмек көрсететін адамнан жауап күтетіндігіне күмән келтірмеген дұрыс. Өйткені, оның жалғыздық дағдарысына одан басқа ешкімнің араласуға мүмкіндігі жоқ. Жасөспірімдердің жабығуын алдын алуда ата-ана маңызды роль атқарады. Бала көңіл-күйінің төмендеуі және жабығудың басқа белгілері байқала бастағанда-ақ аталған күйден шығару бойынша жедел шаралар жасаған жөн.

Ата –анаға кеңес

Біріншіден, баламен әңгімелесу, оның көңіл-күйі туралы сұрақтар қою, болашағы туралы әңгіме өткізу және келешегін жоспарлау қажет. Балаға дұрыс бағытта ұстаным «қондыру», сенімділігіне көз жеткізу және оның алдына қойған мақсаттарына қол жеткізуге қабілетті екендігін көрсету керек. Баланың «барлық уақыт жаман мінез көрсеткендігі» немесе «тоңқылдақтығы» үшін сөкпей, жақсы жақтары мен жеке басының мүмкіндіктерін көрсеткен дұрыс. Баланы одан да көңілді, күшті, жетістікке көбірек жеткен балалармен салыстыруға болмайды. Мұндай салыстырулар баланың онсыз да әлсіреген өзін-өзі бағалау дәрежесін төмендетеді. Кешегі жасөспірім мен бүгінгі жасөспірімді ғана салыстыруға және ертеңгі жасөсіпірімді дұрыс өмір сүруге бағыттауға болады.

Екіншіден, баламен бірге жаңа істермен айналысу қажет. Күн сайын жаңа нәрселермен танысып, бұрын жасамаған істермен айналысқан жөн. Үйреншікті тіршілік сарынында өзгертулер енгізген дұрыс. Жаттығу залына жазылу немесе ол болмаса, таңғы жаттығулар жасау әдетін енгізу, жаңа серуендер маршруттарын жасау, демалыс күндері қызықты экскурсияға бару, үй жұмыстарын орындаудың жаңа тәсілдерін табу, үйірмелерге бару, үйді тазалап шығу қажет. Үй жануарларын – ит, мысық, балықтар ұстауды бастауға болады. Қорғансыз жануарды күту балаға жақсы әсерін тигізеді және дұрыс өмірлік сарынға бағыттайды.

Үшіншіден, баланың күн тәртібін сақтағаны жөн. Оның ұйқысының қанғандығын, жақсы тамақтанғандығын, таза ауамен қажетті уақыт демалған-дығын, қимыл, спорт түрімен айналысатындығын бақылап отыру қажет.

Төртіншіден Балаңыздың бойынан қандайда бір мінез-құлқының өзгергендігін, тұйықталып  кеңес алу үшін мекен жайы бойынша емхана  психологы, мектеп психологы, психотерапевт, сынып жетекшілері мамандарымен хабарласу қажет. Осындай күйзеліске душар болған жасөспірімдерге емхана тарапынан мынандай көмектер көрсетілуде:

1. Психолог пен жасөспірім арасында сенім қалыптастыру;

2. Жасөспірім отбасымен үнемі тығыз байланыста болуы;

3. Баланың балалық шағын қорғау үрдістерін іске қосу;

4. Жасөспірімге жеке кеңес беру (құпия түрде көмек көрсету);

5. Психодиагностикалық жұмыстар жүргізу (суицидтік әрекеттерді, көңіл-күйді, ойды анықтай мақсатында);

6. «Мен жарқын өмірді қалаймын» және «Мен өмірді сүйемін» т.б тренингтер жүргізу:

7.  «Сенім телефон» немесе «сенім жәшігінің» жұмыс істеуі.

Әрбір отбасы аталған әдістерді қолдана отырып, баланың бойына идеал бейнесін қалыптастырса, яғни отбасында идеал бала қалыптасса, мемлекеттің болашағы жарқын болмақ.

Ақжарқын ӘБІШОВА, 

№6 Шымкент қалалық емханасының психологы

Жүкті әйелдерге вакцина егіле ме?
Үйленбей жыныстық қатынас жасау – қауіпті!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу