Дельфиннің денсаулыққа пайдасы
Су асты әлемінің ең ақылды тіршілік иесі дельфин екі аяқты пендемен дос бола алатын жалғыз балық. Ол адамға дос болып қана қоймай дертіне шипа беретін көрінеді.
Дельфинотерапия суда дельфинмен бірге жүзе отырып орындалатын емдік шара. Сал ауруы, дауна, аутизммен ауыратын балаларға «теңіз емшісінің» пайдасы көп дейді мамандар. Делфиндер балалардың есте сақтау, зейін қойып тыңдау және еңбекке деген қабілетін арттырады. Дельфинотерапия науқастардың нашар есту және сөйлеу қабілеттерін дамытады, жан күйзелісін азайтып, неврологиялық жағдайын тыныш¬тандырады. Дельфин үстінде отырып жузу, оларды сипап, түрлі ойындарын көріп тамашалау науқас балалардың көңілдерін сергітіп, психологиялық күйзелістен арылтып, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі.
Дельфин – адаммен тез тіл табысып кететін су жануары. Ал мейірімді балықпен достасқан адамдар шаршағанын ұмытып, көтеріңкі көңіл-күйге қол жеткізеді екен. Зерттеушілердің пікірінше дельфиндер науқаспен суда бірге жүзіп, түрлі ойын ойнаған соң, таңбалы ақпаратпен алмасады. Нәтижесінде ол әсері өте күшті деген дәрілерді алмастырады.
Дельфиндердің емдік сырының басты құпиясы – дауысында. Оның шығаратын ультрадыбысы қан айналым жүйесін қалпына келтіріп, орталық жүйке жүйесіне оң ықпал етіп, адамның қорғаныс реакцияларын арттырады. Ол ғана емес, медицинада қырық жылдан бері кеңінен қолданылып келе жатқан ултрадыбыс ауыруды басып, қабынуға қарсы әрекет етеді. Аппараттық ультрадыбысқа қарағанда суда билегенді ұнататын жүзгіштердің табиғи дауысы адамға әлдеқайда пайдалы дейді дельфинотерапевтер.
Ғажайып терапиямен айналысатын орталық әлем елдерінде көптеп кездессе, өкінішке қарай елімізде әзірге Алматы қаласында ғана бар.
Бәрін айт та бірін айт, пет-терапияның әлі айтылмаған түрі мен сыры көп. Дәрігерлер жан-жануарлар тән мен жан жарасын толығымен жазып бермейді дейді. Тек қосымша ем үшін жылқы, ит пен мысық, дельфин және өзге де «емшілердің» «қабылдауына» жазылуға болатынын естен шығармаған жөн.