Емізулі әйелдер қант диабетіне шалдықпайды

Oinet.kz 01-01-2020 1599

Жаңа туылған нәресте ана сүтінен нәр алып, өседі. Ата-әжелеріміздің емшек сүтін емген бала мықты болып келеді деуі бекер емес. Ана сүтінің балаға пайдасы ғылыми түрде әлдеқашан дәлелденген. Статистикалық мәліметтерге қарағанда Қазақстанда жаңа босанған аналардың 98 пайызы сәбиін кеудесіне басып, бірден емізеді екен. Бірақ нәресте бір жасқа толғанда бұл көрсеткіш небәрі 15 пайыз болып азаяды. 

Screenshot_4.jpg

Бала емізу сәбидің денсаулығына пайдасы мол екені анық. Ал оның ана денсаулығына қаншалықты әсері бар? Көптеген әйелдер дене бітімін ойлап, баланы емшектен ерте шығарып жіберді. Құрметті аналар, сәбиіңізді омыраудан ажыратуға асықпаңыз, себебі мамандар емізулі әйелдердің көптеген кеселден аулақ болып, түрлі ауруға төтеп бере алатынын айтуда. Соның ішінде әйелдер бала емізе отырып өзін қант диабетінен қорғайды екен. Жақында АҚШ ғалымдары осындай тұжырымдама жасады. Олар бала емізетін әйелдердің денсаулығын он жылдай бақылауға алыпты.  Зерттеушілердің пікірі бойынша әйелдер шақалақтарын кем дегенде алты ай көкірек сүтімен қоректендірсе, диабетті соғұрлым өзіне жақындатпайды екен. Соның ішінде ғалымдар диабеттің екінші түрін ерекше атап өткен. Бала емізу сондай-ақ ананы жүрек ауруынан да қорғайтынын медицина мамандары дәлелдеп отыр. Қазір әлем әйелдері жасанды сүт қоспасынан бас тартуда. Бала денсаулығынан гөрі өз сымбатын көбірек ойлайтын аналардың қатары сиреп келе жатқан секілді. Бұл әрине, өз кезегінде ана мен бала аурушаңдығын, өлім-жітімді азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. 

Шетелдік ғалымдардың тұжырымдамасын шымкенттік эндокринолог Гүлбану Сраилова да растайды. Оның айтуынша, баланы ана сүтімен қоректендіру тек қана әйелде ғана емес сонымен қатар балада да семіздік, метаболикалық синдром мен қант диабетінің дамуының алдын алады. Зерттеулер нәтижесінде баласын ең болмағанда бір ай емізген әйелдерге қарағанда, мүлдем емізбеген әйелдерде қант диабеті екі есеге жиі кездесетіні анықталған. Баланы емізу кезінде анасы қосымша энергия, яғни күніне 300-500 ккал жұмсайды. Соның нәтижесінде семіздіктің алдын алады. Өздеріңіз білетіндей семіздік адамды қант диабетіне жетелейтін жол. Баланы емізу тіпті қант диабетіне шалдыққан әйелдерге де жақсы әсер етеді. Себебі ана сүтінің біраз бөлігі көмірсулардан, яғни қанттан тұратындықтан, баланы «тамақтандырған» соң ананың қанындағы қант, яғни глюкоза деңгейі біршама төмендейді. Нәтижесінде егер әйел инсулин қабылдап жүрген болса оның әдеттегі мөлшері біршама (20-30 %) төмендетіледі. Кейде тіпті глюкоза қатты төмендеп кетіп, қосымша қантты көтеретін тағамдар қабылдауға тура келетін жағдайлар болады. Сондықтан қант диабетіне шалдыққан әйелдер бала емізу кезінде міндетті түрде қант деңгейін жиі тексеріп отырғаны дұрыс. 

– Ана сүтін емген балалар келешекте семіздік пен қант диабетінің екінші типіне сирек шалдығады. Өйткені ана сүтінің құрамы табиғи, баланың ұйқы безіне және ағзасына ешқандай күш түсірмей, иммунитетін қалыптастырады, – дейді дәрігер. 

Қант диабетінің 2 типінің алдын алу шаралары мыналар болып табылады:

- Дұрыс тамақтану. Тәтті тағамдар, ақ ұннан әзірленген ас пен қаныққан майларды  өте аз мөлшерде қабылдау. Қуырылған тағамдарды буға пісірілген тағамдарға ауыстыру қажет. Көбіне құстың ақ етін, майсыз балық пен көкөністерді жеп,  қантсыз компотты ішкен жөн. Егер денсаулығыңызға қамқорлық жасағыңыз келсе онда газды сусын, фаст-фуд, кептірілген, қақталған, тұзды тағамдардан бас тартыңыз. Және күніне аз-аздан 5 рет тамақтансаңыз, нұр үстіне нұр. 

- Қимыл-қозғалысты арттыру. Физикалық белсенділік зат алмасу процесін жақсартып, инсулинге сезімталдықты арттырады.

Дәрігерден жасыруға болмайтын 8 факті
Дұрыс тамақтанбаудан болатын аурулар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу