Дұрыс тамақтанбаудан болатын аурулар
Қазіргі таңда екінің бірі семіздікпен немесе асқазанның түрлі ауруларымен күресуде. Өкінішке орай науқастардың қатарында жастардың көп болуы алаңдатушылық тудыруда. Еліміздің ертеңі саналатын жасөспірімдердің дұрыс тамақтанбауы және оны білмеуі қиын жағдайларға соқтырады. Ал, дамыған елдерде дұрыс тамақтану бүгінде қажеттілік қана емес, сәнге де айналған...
Кімнің болса да артық салмақ қосуды дұрыс көрмесі анық. Әрине, қатаң диета ұстау, тек түрлі дәрумендерге бай азық-түліктерді тамаққа пайдалану кез келген адам үшін оңай әрі қолжетімді болмауы мүмкін. Дегенмен, ерік-жігер мен төзімділік қажет нәтижеге жеткізетінін бәріміз білеміз. Салауатты тамақтану – тамақ рационын, тамақтану тәртібін, тамақтану ережесін дұрыс сақтау деген сөз. Адамның денсаулығы салауатты тамақтануға көп байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, шамамен сырқаттың 80 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбаудан болады. Сондай-ақ экологиялық ортаның бұзылуы, организмге қажет компоненттердің жеткіліксіз түсуі, дұрыс тамақтанбау, сапасы төмен азықтар... Нәтижесінде біздің денсаулығымыз бен күшіміз толық жойылады. Организмнің көбінесе, ондағы пайда болатын және оған тамақпен, сумен, ауамен және дәрі-дәрмек заттарымен баратын зиянды заттарды шығаруды қамтамасыз етуге күші жеткіліксіз. Сау адам жейтін асына жиі зейінсіз қарайды. Ал, ауырып, күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздей бастайды, сонымен, тамақ сияқты сенімді және тұрақты емдеу құралы туралы ұмытады. Ал, Гиппократтың өзі былай деген: «Біздің барлық емдеу құралдарымыз азық-түлік заттары болуы керек». Сондықтан диетолог маман ретінде оқырмандарға дұрыс тамақтану турасында бірер ақпарат беріп өткім келеді:
Бір немесе екі стақан суды әрбір тамақтану алдында ішіңіз. Тамақтану кезінде су ішпеңіз және ауқаттанып болған соң да 40 минуттай сұйықтық ішпеген абзал. Судың күндік мөлшері 1,5-2 литрден аспасын. Қажетті мөлшерде су ішіп жүру қалыпты өмір сүруге көмектеседі. Күніне 1,5 литр су ішу сіз үшін тұрақты ереже болсын. Бұл мөлшерге шай мен түрлі шырындарды қоспаңыз. Адамның денесінің 55-70 пайызы судан тұратынын есептесек, ол барлық алмасу, қышқылдану, термо реттеу және басқа да процестерге қатысады.
Аптасына бір рет ашығыңыз және міндетті спорттық жаттығулармен шұғылданыңыз. Дене шынықтырулар, жаяу жүру, баспалдақпен бірнеше рет көтеріліп түсу, тағы басқа салмақ түсірмейтін түрлерімен айналысыңыз.
Каллориясы жоғары тағамды түскі сағат 12-ге дейін жеуге болады. Рациондағы барлық гарнир түрін көкөніске алмастыру қажет. Мәселен шұжықтар, сосискалардан бас тартыңыз. Бұл тағамдардың тек дене бітіміңізге ғана емес, денсаулығыңызға да берер пайдасы жоқ. Тамақты 2,5-3 сағат сайын аз ғана бөліктен жеп тұрыңыз. Тағы бір маңызды мәселе – ұйқыға жатардан үш-төрт сағат бұрын тамақтану қажет.
Таңертеңгілік ас міндетті түрде ішілуі тиіс. Ұннан жасалған тағамдарды шектеп, тәттілерді мүмкіндігінше тұтынбаған маңыздырақ. Тәттінің орнын жеміс-жидекпен алмастырыңыз. Асты асықпай шайнаңыз. Жалпы тамақтануға көбірек уақыт бөліңіз. Миға тойғанымыз жайлы белгі жеткенше, біз тойып та, артық жеп те үлгереміз. Сондықтан барынша ақырын, асықпай тамақтаныңыз.
Тамақ жегенде теледидар қарау әдетінен арылыңыз. Ми фильмді түсінуден босамай, қандай мөлшерде не жегеніңізді байқамай қаласыз. Артық жеп қоймау үшін асыңызды кішкентай тәрелкеге салып жеуге болады.
Рационыңызға өңделмеген дәнді дақылдарды қосу арқылы салмақты қадағалауға болады. Ботқалар, астық дәндерінен нан, мюсли, қоңыр күріш сынды тағамдардың құрамында көптеген дәрумендер мен пайдалы заттар болады. Ағзаңыз осындай тамақ үшін сізге риза болып, іштің қабынуы, артық салмақ, тері кемшіліктері, асқорытудағы қиындықтардан аман қалады.
Дұрыс тамақтану бойынша ұсынымдарды сақтау организмнің әр түрлі қоршаған ортаға төзімділігін жоғарылатудың және халықтың ішінде бірқатар жұқпалы емес созылмалы ауруларды азайтудың негізі болып табылады.
Гүлдана САЙЛАУБЕКҚЫЗЫ,
Облыстық клиникалық ауруханасының диетолог-гастроэнтеролог дәрігері