Болашақтың медициналық киімі қандай болады?

Oinet.kz 23-12-2019 1992

Біраз жылдан бері «ақылды» деген термин жаңа технологиялар саласында да қолданыла бастады. Мәселен, қазір «ақылды қала» деген тіркесті жиі еститін болдық. Денсаулық сақтау саласы да қалыспай тұр. Медициналық техника тұрақты түрде жаңарып отырғандықтан, заманауи аппараттардың түр-түрі шығуда.  

Енді «ақылды киім» деген де ұғым пайда болды. Бүгінгі таңда арнайы униформаны киюді қажет ететін мамандықтар аз емес. Заманауи технологиялар мен материалдар арқылы осы униформа түрлі мамандық иелерінің қауіпсіз әрі ыңғайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған. Әдетте бұл өрт сөндірушілер мен әскерилердің киіміне тән технологиялар. Әйткенмен, болашақта мұндай тенденция медиктердің киімдеріне де әсер ететін секілді. 

Screenshot_22.jpg

Жалпы, медициналық униформаның тарихына көз жүгіртсек, сонау 20-ғасырдың орта тұсына дейін дәрігерлер мен мейірбикелердің басым бөлігі арнайы киім кимеген екен. Киімнің сәнді де ыңғайлы болуы қазір әрқайсымыз үшін түсінікті. Қазіргі таңда медициналық киімнің үлгілерін әзірлегенде дизайнерлік талаптар да сақталып отырады.  Алайда, алғашқы медициналық киім үлгілері бұл талаптарға толық сай болды деп айту қиын. Сонау Ежелгі Рим дәуірінде емшілер былғарыдан жасалған ұзын киімдерін киіп алып, эпидемияға ұшыраған аймақтарды аралайтын. Орта ғасырлардағы Еуропа елдерінің емшілері құстың тұмсығына ұқсаған маска тағып,   қара киімге оранып алатын. 

20-ғасырдың орта тұсында хирургиялық операциялық бөлмелерде жұмыс істейтін дәрігерлер мен мейірбикелер  ақ түсті киімнен бас тарта бастады. Жарқыраған ақ түсті киім операция барысында  кедергі келтіріп, көздің тез шаршауына әсер ететін. Оның үстіне, қанның кішкентай да болса дағы бірден көзге түсетін. Сондықтан, хирургиядағылар жасыл және көк түсті киімді таңдады. 

Қазіргі таңда медиктерге арналған униформаның түрлі дизайнын таңдауға болады. Заманауи талап бойынша, олар кір мен қанды сіңірмейтін қасиеті бар арнайы матадан тігіліп, оңай жуылатын, дезинфекциялауға шыдамды болуы тиіс.  Сонымен қатар, дизайнерлер медициналық киімнің жаңа фасондарын да үнемі ұсынып отырады. 

Сонау 20-ғасырдың бастапқы кезеңіне дейінгі тұста арнайы медициналық киімдерді негізінен операциялық залдағы хирургтар мен мейірбикелер  ғана киетін. Ол замандарда хирургтың мықтылығын оның киіміндегі қанды дақтар  білдіретін. Тіпті  хирургиялық құралдарды стерильдеу деген де болмайтын. Джозеф Листер карбол қышқылын медициналық жабдықтарды сетрильдеуге қолдануға болатынын анықтаған соң, дәрігерлер де арнайы маска, стерильді киім мен резиналық перчаткаларды кие бастады. Қазіргі үлгідегі хирургиялық униформа шамамен 70-ші жылдарда қалыптасты.  

«Ақылды киімнің» пайдасы

 Диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдері қолданысқа енген сайын медицинаға «ақылды киімнің» ауадай қажеттігі де айқындалып келе жатқандай.  Сонда «ақылды киім» деген не? Ол медиктерге қалайша жәрдем бермек? 

Мамандар болашақта медициналық киім электроника мен нанотехнологиялардың жетістіктерін қолдана отырып жасалатынын алға тартады. Қазір бұл адам сенгісіз қиял болып көрінгенімен, бұл бағыттағы бастапқы қадамдар жасалуда.  Дегенмен, әзірше ол медиктердің өзіне емес, пациенттерге арналған киім екенін атап өту қажет. 

«Ақылды медициналық киімнің» қазіргі таңда үш түрі бар екен: профилактикалық электрондық киім, диагностика және бақылауға арналған «ақылды киім» және емдік киім. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, профилактикалық электрондық киім пациенттің жағдайын қадағалап, ауруды сезіну синдромдарын, індеттің созылмалы кезеңге өтіп кетуін болдырмауға мүмкіндік береді. Диагностикалық «ақылды киім» болса пациентті үнемі бақылауда ұстап, оның ағзасындағы өзгерістерді қадағалап отырады.  Мұндай модельдер арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіліп, смартфондармен байланыста болады. Емдік киім болса пациенттің денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосады. Ол киімнің ішіне дәрі-дәрмегі бар арнайы микрокапсулалар тігіледі. Әлбетте, дәл қазіргі таңда «ақылды киім» кең  қолданысқа енген жоқ, тек бастапқы үлгілері сынақтан өтуде.  Әйткенмен, бірнеше жылдан соң ол медициналық ұйымдарда тарала бастайтынына күмән жоқ. 

 Бұл бағыттағы соңғы әзірленімдердің бірі – электрлі іш киім екен. Мамандардың айтуынша, бұл апталап, айлап төсектен тұра алмайтын пациенттер үшін өте қажетті дүние.  Қимылсыз жата бергендіктен оның денесі ойылып, циркуляцияның жоқтығынан  ашық жара пайда болуы мүмкін.  Ғалымдардың есебінше, жыл сайын АҚШ-та осылайша қимылсыз жатып, денесінің ойылуы мен осы себепті қосымша инфекциялардың кесірінен 60 мыңға жуық адам жан тапсырады екен. Электрлі іш киім бұл проблеманы шешетін көрінеді. Канадалық зертетуіш Шон Дукеловтың айтуынша, осы киім арқылы пациенттің денесі әр 10 минут сайын кішігірім электрлі разряд алып отырады. Бұл пациент өз аяғымен жүріп келгендей әсер береді екен. Ток қимылсыз жатқан науқастың бұлшықеттерін жұмыс істетіп, денесінде жарақаттың болуына жол бермейді екен. 

«Күлкілі маска» пациенттің көңілін аулайды
Көктайғақтан қалай сақтану керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу