Инсультті анықтаудың қарапайым 4 жолы
Алғашқы көмек беру үшін инсульттің қандай белгілері барын білу маңызды.
Әдетте, инсульттің белгілеріне комаға дейінгі ойлау қабілетінің бұзылуы, ұйқышылдық (болмаса қызынуды сезіну), қысқа мерзімді естен тану жатады. Кейде бас айналу, бас ауруы, жүрек айнуы немесе лоқсу, кеңістік пен уақытты тұспалдауды жоғалту байқалады.
Вегетативті белгілері де байқалуы мүмкін: терлеу, жүректің жиі соғуы, ауыз қуысының құрғауы.
Инсульттің басқа белгілері де пайда болуы мүмкін: аяқ не қолдың әлсіреуі немесе сезімталдықтың төмендеуі, ерін болмаса бет мүшелерінің жансыздануы, тепе-теңдік пен қозғалыс үйлесімділігінің, көз көрудің бұзылуы, афазия (сөйлеудің бұзылуы).
Инсультті анықтаудың қарапайым 4 жолы бар:
-адамнан күлуін өтініңіз (ол айтқанды орындай алмайды);
-қарапайым сөйлемді айтуын сұраңыз (сөйлеген сөзі түсініксіз);
-екі қолын көтеруді сұраңыз (қолдарын көтере алмайды болмаса жартылай ғана көтереді);
-тілін шығаруды өтініңіз (егер тілі қисайған немесе қайырылған болса, ол да инсульттің белгісі).
Аурудың ең алғашқы минутында немесе сағатында көрсетілген медициналық көмек ең нәтижелі болып табылады. Себебі, ол емдеудің қаншалықты сәтті өтетінін анықтайды. Мидағы қан айналымы бұзылған сәттегі алғашқы 3 сағат (көп дегенде 6 сағат) «терапевтік уақыт» деп аталады. Өйткеніі, бұл кездері мидағы өзгерістердің бетін бері қайтаруға болады.
Міндетті түрде жедел жәрдемді шақыру, әрі аурудың белгілері жайлы нақты, толық мәлімет беру керек, сол кезде арнайы неврологиялық бригаданы жібереді.
Науқасқа дәрігер келгенге дейінгі көмек көрсетілуі тиіс. Бұл мидың одан әрі зақымдануына жол бермеуге септеседі. Ең алдымен, науқасты басы мен иығы көтеріліңкі болатындай етіп (бұрышы 30 градусты құрауы тиіс) жатқызу керек. Науқас үйде ауырып қалса, басы мен иығына жастық қойыңыз. Егер ұстама көшеде орын алса, бүктелген кеудешені пайдалануға болады. Науқасты басқа орынға ауыстырмаңыз (мәселен төсекке жатқызу), бұл қауіпті.
Науқасты қажетті таза ауамен қамтамасыз етіңіз. Ол үшін белдік пен көйлектің жағасын ағытыңыз немесе қалың киімін шешіңіз. Ғимаратта болсаңыз, терезе мен желкөзді (форточка) ашыңыз. Бөлмеден артық адамдар шығып, ішінде көмектесе алатындар ғана қалуы тиіс. Егер ұстама далада болса, адамдардың өз жұмыстарымен жан-жаққа кетуін сұраңыз.
Лоқсу кезінде науқастың басын абайлап шетке бұрыңыз. Тұншығып қалмас үшін ауыз қуысын құсықтан тазалаңыз. Егер көп мөлшерде сілекей ағатын болса, басын ақырын ғана шетке бұрыңыз.
Науқасқа қантамырларын ұлғайтатын дәрілерді, әсіресе ішімдік беруге болмайды. Себебі, оларды қабылдаған соң мидың басқа бөліктеріндегі қантамырлар ұлғайып, зақымданған қан тамырларына қан дұрыстап жетпейді, осылайша инсульттің соңы ауырлап кетуі мүмкін.
Инсульт кезінде алғашқы жәрдемді дұрыс беру арқылы адамның өмірін сақтап, инсульт салдарын азайтуға болады. Сондықтан әр азамат инсульттің белгілерін біліп, дәрігер келгенге дейін көмек көрсете алуы тиіс.