Дәрігер балмұздақтың ең қауіпті түрін атады
09-06-2023
Балмұздақ, фастфуд пен газдалған сусын қант диабетіне шалдықтырады. Бұл туралы Астанада өткен «Қазақстандағы қант диабеті туралы» баспасөз мәслихатында жоғары санатты эндокринолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Таубалдиева айтты.
– 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 300 мыңға жуық адам қант диабетіне шалдыққан. Олардың 290 мыңнан астамы ересектер болса, 2 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы бүкіл әлемде қант диабеті жоғары қарқынмен тарап жатыр. Бұл аурудан өлім-жітім көрсеткіші де жоғары. Өткен жылы әлемде осы аурудан көз жұмғандар саны 5 миллионға жеткен. Бұл АИТБ, сүт безі қатерлі ісігі мен безгектен қайтыс болғандардан көп, – дейді 32 жылдық тәжірибесі бар Жанат Таубалдиева.
Маман қант диабетінің жасаруы мен кең тарауының себептерін де атады: қазір адамдар аз қимылдап, көп тамақ жейді.
– Бүгінгі адамдар жаяу жүрмеудің амалын тауып, 5 минуттық жерге көлікпен барады. Оның үстіне тойып тамақ жеп алады. Өкінішке қарай, қазір барлық жерде фастфуд сатылады. Бұның барлығы диабетке шалдықтырады, – дейді дәрігер.
Таубалдиеваның айтуынша, 1-ші типті диабет генетикалық ауру болса, 2-ші типті диабеттің алдын алуға болады. Ол үшін адамдар көбірек қимылдап, жоғары колориялы, майлы әрі ұннан жасалған тағамды азырақ жеуі керек.
Жоғары санатты дәрігер, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы балалардың бас эндокринолог маманы Гүлмира Әбдуақасованың айтуынша, диабетке шалдықпас үшін газдалған сусындарды ішуге, балмұздақ, кәмпит, қант сияқты тәтті тағамдар мен бауырсақ сынды майлы, қуырылған тамақтарды жеуге болмайды. Дәрігер көкөніс пен ақуызды көбірек жеуге кеңес берді.
Жанат Таубалдиева «дұрыс тамақтанбағандықтан қазақстандық балалар семіріп бара жатыр» дейді. Сол себепті ата-аналарды балаларының жеген тағамдарын бақылауға шақырды. Сондай-ақ, компьютер, планшет пен смартфонға жолатпай, далада ойнатып, спортқа бағыттау керектігін айтты.
Мұрағаттан, 2017 ж