Ана мен бала өлімі

Oinet.kz 04-12-2017 991

Оңтүстік Қазақстанда соңғы он жылда нәресте өлімі 2,8 есеге, ана өлімі 4,5 есеге азайды. Осындай оң көрсеткішке қол жеткізген Қазақстан медицинасынан еуропалықтардың да үйренері көп екен. Бұл туралы Оңтүстікке арнайы келген литвалықтардың өздері айтып берді. 

Денсаулық сақтау басқармасы облыста ана мен бала өлімін азайту мақсатында медицина мамандарының біліктілігін арттыру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша бірқатар халықаралық жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – облыстың перинаталогия қызметі мамандарын Литва денсаулық ғылымдары универитетінің перинаталдық клиникаларында оқытудан басталған. Өз кезегінде литвалық дәрігерлер өңірдің перинаталдық орталықтарында болып, жаңа тиімді технологиялар мен неонаталдық күтім тәжірибелерін енгізуге көмектесуде. 

Screenshot_15.jpg

Жақында Оңтүстікке ат басын тіреген литвалық мамандар Түркістан қаласындағы №3 және Шымкент шаһарындағы №4 облыстық перинаталдық орталықтарында отандық дәрігерлерге «Акушерлік және неонтаталды тиімді көмек көрсету» бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Литваның халықаралық дәрежедегі босандыру және балалар дәрігерлері – акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, акушер, неонатолог, неонаталдық мейіргерден құрылған топ Каунас қаласынан арнайы келді. Бес күнде облыстың 32 маманы мамандандырылған акушерлік көмек, шұғыл жағдайларда шақалақтарға жедел жәрдем, арнайы реанимациялық көмек, жүкті әйелдер мен нәрестелерге көрсетілетін қызмет сапасын күшейту тақырыбында дәріс тыңдап, іс-тәжірибеде үйренді. 

Қонақтардың айтуынша, халқының саны Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен шамалас Литва мемлекетінде демографиялық өсім өте баяу, жылына 3000 сәби өмірге келеді. Ал, еліміздің әрбір бесінші сәбиі туылатын өңірдің №4 перинаталды орталықта бұл көрсеткіш бір жылда 8 мыңға жуықтайды. Бірақ, мұның 10 пайызын шала туған нәрестелер құрайды. Осының жартысына жуығының салмағы 1000 грамға да жетпейді. «Мұндай жағдайлар Литвада жаңа туған нәрестелер арасында өте сирек кездеседі. Десек те медицинасы озық Еуропа елі мамандарының шала туғандарды емдеу, өмірге бейімдеу жақсы жолға қойылған Оңтүстіктен үйренері жетерлік» дейді олар. 

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевпен кездесу барысында литвалықтар өз білгендерін алдағы уақытта да қазақстандық әріптестеріне үйретуге, тәжірибе алмасуға әзір екенін жеткізді.  

Паркинсон ауруы тұқым қуалау арқылы беріледі
Бауыр ауырса не істеу керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу