«Қалай табысты табуға болады?» деушілерге керек кеңестер

Oinet.kz 04-06-2019 1698

Screenshot_9.jpg

Нарықтық қатынастар мал табуға, табысты болуға деген құлшынысты арттыра түсті. Бизнестің мүмкіндігі де бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Көңіліңіз қалағанның бәрі бар. Тек ақысын төлесеңіз болды. Бұл болмыс табыс табуға деген ынта-жігерді күшейтті. Сонымен «табысты қалай арттыруға болады?» деген сауал күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. 

Әркім өз еңбегі, пайым-парасаты мен ынта-жігеріне қарай табыс табады. «Мені басшылық дұрыс бағаламайды, жалақымды өсірмейді» деген әңгімені құлағымыз шалып қалады. Шындығына келгенде, еңбек нарығында жалақы жасаған қызметіңізге, қосқан үлесіңізге қарай төленеді. 

Нарық сізді жақсы да көрмейді, жаман да көрмейді. Нарық сіз қанша тұрсаңыз, сізге сол ақыны төлейді. Айта кететін нәрсе – әңгіме сіздің қандай серіктес, қандай әке, қандай жар екеніңіз жайлы емес. Әңгіме – сіздің экономикалық бағаңыз жайлы. Сонымен сіздің бүгінгі жалақыңыз немесе табысыңыз  сіздің кешегі қабылдаған шешімдеріңіздің айна-қатесіз көрінісі. Барлығы – өз қолыңызда, барлығы – Сіздің өз билігіңізде. Жағдайды қалай өзгертуге болады? Төменде көрсетілген қағидалар  жылдар бойы қалыптасқан қағидалар, сол қағидаларды басшылыққа ала отырып, Сіз өз өміріңізді өзгертіп, табысыңызды арттыра аласыз. 

Күшіңіз бен әлеуетіңізді көрсетіңіз

Ақша мен мүмкіндік Сізге керек болғандықтан келмейді. Ақша мен мүмкіндік Сіздің қабілетіңіздің арқасында келеді. Сіз бастығыңызға барып «әйелім бала туды, пәтерімізді кеңейтуіміз керек, көлікті жаңалау керек, айлығымды өсір» десеңіз, бастығыңыз сізден құтылудың, сізді жұмыстан босатудың жолдарын іздей бастайды. Ал Сіз жалақыңыздың көтерілуін қаласаңыз, бастығыңызға Сіз мекемеге қандай пайда әкеле алатыныңызды, жалақыңызды арттыруға лайықты қандай қабілетіңіз бен ерекшеліктеріңіз бар екенін айтыңыз. Бұл кездесуге мұқият дайындалыңыз, артықшылықтарыңызды көрсете біліңіз, екіленбеңіз, батыл болыңыз, бастықтар қашанда табандылар мен күштілермен санасқан.

Құқығыңызға емес, міндетіңізге қызығушылық танытыңыз. 

Құқықтарын ұдайы алға тартқан адам үлкен табысқа жете алмайды. Өзіңізден: «Мен өз кәсіпорным үшін не жасай аламын?» деп сұраңыз. Міндет емес, тек құқықтарын талап еткен қоғам қирауға жақын тұрады. АҚШ президенті Джон Кеннедидің: «Мемлекет сіз үшін не істей алады деп емес, мен мемлекет үшін не істей аламын деп ойланыңыз» деген. Бұл қағидатта Сіздің мүддеңізге қызмет ететін эгоизм бар: Сіз осы тұрғыда ойлап, осы тұрғыда әрекет ететін болсаңыз, өсесіз әрі көп табыс табасыз. Сіздің бойыңызды қуаныш кернейтін болады, Сіз өз құқығыңызды талап етіп отырған жоқсыз. Сіз басқалардан артық жұмыс істеп, өз мекемеңіз бен қоғамға пайда әкеліп отырсыз. Осылай, сіз табысыңызды арттырасыз, бастығыңыз бұны ескермесе де, Сіз кәсіби тұрғыдан өсіп отырасыз. Ал кәсібилер қазір таптырмайтын адамдарға айналып келеді. 

Жұмысты тез істеңіз 

Қай жұмысты болсын тез атқарыңыз. Менің атам бір ауылдасына әзілдеп, «Сүлеймен, сен шайла тіккенше, мен үй тұрғызамын» дейді екен. Ол кісі ұзақ жылдар колхозды басқарып, елдің сыйлы азаматтарының бірі болыпты. Әрине, жұмысты тез істеген адам қателік жібереді, бірақ ол қателік жібере отырып, шыңдала түседі. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді» демеуші ме еді. 

Таптырмайтын қызметкерге айналыңыз! 

Өз өкілеттік шеңберіңізге, яғни тікелей міндетіңіз болып табылмайтын жұмыстарды өз жауапкершілігіңізге ала біліңіз. Әрбір фирмада немесе мекемеде «незаменимый» адамдар болады. Олар жұмысқа келмей қалса, біраз нәрсе тұралап қалады. Жаңа тапсырмаларды орындауға белсене кірісіңіз. Жауапкершілік пен ықпалыңызды арттыра беріңіз. Ал енді Сіз өзіңіз фирма бастығы болсаңыз, өз міндеттеріңізді басқаларға тапсыра білуді үйреніңіз. Басқа қызметкер атқара алатын жұмысты ешқашан өзіңіз істемеңіз, оның орнына фирманы дамытудың басқа мүмкіндіктерін қарастырыңыз, стратегиялық идеяларыңызды қайта қарап, екшеп шығыңыз. 

Кәсіби деңгейді асырыңыз

Теледидардан сериал көргенше, өз салаңызға тиісті әдебиетті ақтарыңыз. Бұл сіз үшін пайдалы болады. Күніне бір, екі сағат өз мамандығыңызға байланысты әдебиет оқысаңыз, көп өтпей мекеменің ең мықты кәсіби маманына айналасыз. 

Өзіңізді нағыз шебер ретінде таныта біліңіз 

Жұрттың бәрінің қолынан келетін нәрсені істесеңіз – сіздің бағаңыз шөлдегі құмнан артық болмайды. Шөлдегі құмның бағасы – көк тиын. Негізгі нәрсе – жұрттан артық болу емес, жұрттан басқа болу. Еврейлер әдетте сирек мамандықтарды таңдайды. Сіздің мамандығыңыз қанша кем кездесетін болса, сіздің табысыңыз да сонша жоғары болады. 

Үнемі ізденісте болыңыз 

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. «Момынның бүгінгі күні кешегі күніне ұқсамасын» дейді. Яғни, өзгерсін, айналасын өзгертсін, жаңалыққа ұмтылсын дегені ғой. Әрбір шешіміңіз бен әрбір қадамыңызға, өз тауарыңыз бен қызметіңізге тұтынушының тұрғысынан қараңыз. Есіңізде болсын, өзіңіз өзгермесеңіз—ештеңе өзгермейді. «Қызметімді тағы қалай өзгерте аламын, клиентіме тағы не керек, қосымша тағы не ұсына аламын?» деген ой мен ізденісте болыңыз. 

Кәсіпкер өз байлығын арттырып отыруы керек 

Бізде әдетте кәсіппен шұғылданатын, фирма ашқан адам қаржысын фирмаға құяды. Шетелде бұл  қате шешім болып есептеледі. Осылай фирма ашқан адамдар фирмадағы байлық пен мүліктен басқа өз байлығын қалыптастырмайды. Осылай, сіз өз ауқаттылығыңызды фирманың жетістігіне тәуелді етіп қоясыз. Фирманы қарызға алған қаржыға дамытыңыз. Батыста фирманы «басқаның ақшасы және басқа адамдардың еңбегімен дамыту» қағидасын ұстанады. Фирма банкрот болса да, кәсіпкердің отбасының өмірі құлдырап кетпейді. Кәсіпкер фирмадағы ақшасын алып, өз атынан жеке жолмен инвестиция жасап отыруы керек. Ал фирманы банктен алған несиеге қаржыландыру дұрыс деп есептеледі. 

Ия, құрметті оқырман, сіздерге табысты арттырудың жоғарыдағы жолдары жайлы мәлімет беруді жөн көрдік. Бұл ұстанымдар кәдеге жарап жатса  құба-құп. 

Screenshot_1.jpg

Ағаштардың адамдарды емдей алатын қасиеті бар
Неге кешке мүлдем қарыз ақша беруге болмайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу