Шетелде төлем жасау үшін қандай карта қолайлы екенін білесіз бе?
Шетелге саяхатқа шығудың алдында кез келген турист төлем жасау жайлы ойланатыны анық. Шетелде төлем жасау үшін қазақстандықтар VISA және MasterCard карталарының арасында жиі таңдау жасайды. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын халықаралық төлем жүйелері. Алайда бұл карталардың өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Сіз үшін қай жүйе тиімді болатынын бірге анықтап көрелік.
VISA – американдық төлем жүйесі. Доллар қолданатын тұтынушылар үшін бұл карта әлдеқайда тиімді болып келеді. Соған сәйкес, айырбастау доллар арқылы жүзеге асатын АҚШ, Австралия, Канада, Тайланд сынды елдерге саяхаттайтын болсаңыз дәл осы картаны қолданғаныңыз абзал.
MasterCard – еуропалық төлем жүйесі. Негізгі валютасы – евро. Еуропаға барғанда қаражатыңызды үнемдегіңіз келсе, MasterCard карталарын қолданған жөн. Егер, АҚШ аумағында картаның бұл түрін қолданатын болсаңыз, теңге-евро-доллар схемасы бойынша айырбастау жүзеге асып, сіз ақшаңыздан айырылып қалуыңыз ықтимал.
Екі төлем жүйесінің бірнеше ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Олар:
Visa картасы 200-ге жуық елді қамтыса, Mastercard арқылы 210 мемлекетте төлем жасай аласыз.
Әлемдік деңгейде Visa карталары 28% танымалдылыққа ие болса, Mastercard-тың таралуы ауқымы – 20%.
Қазақстанда Visa кең таралғанымен, банктердің көбі MasterCard арқылы қызмет көрсетеді. Өйткені, MasterCard картасын алу оңай.
MasterCard картасымен төлеу Visa картасымен салыстырғанда анағұрлым тиімді.
Екі жүйе де интернетте төлем жасауға болады. Қауіпсіздік тұрғысынан Visa мен Mastercard-тың деңгейі бірдей.
Естеріңізге сала кетейік, шетелде жүргенде басқа банк қолданғаныңыз үшін алынатын комиссия да қалтаңызды қағуы мүмкін. Сондықтан біз қазақстандықтарға тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін АҚШ-та және доллар қолданатын басқа елдерде VISA карталарын, ал Еуропада MasterCard карталарын пайдалануды ұсынамыз.