Штаб мүшелері Мақтааралдықтармен кездесті
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Жуырда Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Базарбайұлы бастаған штаб мүшелері Мақтаарал ауданында болып, халықпен бірнеше кездесу өткізді.
Кездесулер барысында Мемлекет басшысының Жолдауында экономикада жаңа өндірістерді қосу үшін көп энергия қажет екенін, мұндай жоғары сұранысты атом энергетикасы ғана шешуге мүмкіндік беретінін айтқанын жеткізді.
- Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстанда Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанда өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болатынын айтқан еді.
Жалпы референдум дегеніміз не? Соған тоқталып өтсек. Референдум – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демократиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Арнайы даярлық қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады. Референдумның негізгі екі түрі бар: Резолютивті Референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа Референдумда ғана күші жойылады. Консультативті Референдум белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі.
Мұндай Референдумның қорытындысы өкімет үшін міндетті болмайды. Халықаралық құқықтық мәселе бойынша Референдум өткізу 20 ғасырдың соңғы жиырма жылы ішінде өріс алды. Мысалы Еуропа Кеңесіне мүше болу-болмау мәселесі бойынша Франция, Дания, Норвегия, Швеция, Ирландия елдерінде Референдум өткізілді. Қазақстанда Референдум өткізу туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімш.-аум. құрылыс пен шекара мәселесі Референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.
Ал осы жолғы референдумда елімізге «Атом электр стасаларын салу қажет пе жоқ па?» деген сауал талқыланбақ. Демократиялық және халыққа құлақ салатын үкімет саясатын ұстанатын ел ретінде бұл референдумды өткізу орынды. Себебі биліктің қайнар көзі – халық. Ел игілігі үшін талқыланатын қандай да бір мәселеге халық тікелей араласып, еліміздің бірлігін нығайтуға үлес қосса дейміз, - деді Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Базарбайұлы.
Сондай-ақ штап мүшелері электр энергиясы сияқты қат дүниені сырттан тасымалдайтын Қазақстанға АЭС-ы керектігі жиырма жылдың бедерінде айтылып жүргенін сөз етті. Осы өзекті мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында нақтыланды. Атом электр станциясы – Атом энергиясы арқылы электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын.
АЭС жұмысының негізінде атомдар көп жылу бөліп, ұсақ бөлшектерге бөлінетін процесс жатыр. Бұл жылу буға айналатын суды жылыту үшін қолданылады. Бу турбиналарды айналдырады, ал турбиналар өз кезегінде электр энергиясын өндіреді. Қазіргі уақытта әлемнің 32 елінде (Австралия мен Антарктикадан басқа) жалпы қуаты шамамен 390 ГВт болатын 440-қа жуық ядролық энергетикалық реактор жұмыс істейді. (Әлемдік электр энергиясының 9%). Атом электр станцияларының ең көп саны АҚШ-та – 94, Қытайда – 56, Францияда – 56, Ресейде – 36, Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда – 12, Ұлыбританияда – 9, Испанияда – 7, ал Пәкістанда 6. Әлемнің ең дамыған елдерінде (АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания) әлемдік атом қуатының 70 пайызы орналасқан. Бұл елдер өз экономикаларын одан әрі дамытудың негізі ретінде атом энергетикасына да сүйенеді. 2023 жылы 25 дамыған ел атом қуатын 2050 жылға дейін 3 есеге арттыру туралы келісімге қол қойды. Атом энергиясының дамуы Азияда белсенді жүріп жатыр, соның ішінде Қытайда 30 жаңа реактор салынуда, Үндістанда тағы 7, Бангладеште 2 реактор салынуда.
Штаб мүшелері жиын барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен 6 қазанда Атом электр станциясын салу жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізу белгіленгенін және таңдау әркімнің еркі екенін атап өтті.
Кездесулер қорытындысына Халық қалаулысы тұрғындарды Референдумға қатысып, өздерінің азаматтық позицияларын танытуға шақырды.