Референдумнан кейін саяси, сайлау процесінің динамикасы мен мазмұнына қатысты түзетулер жасалды

Oinet.kz 19-05-2024 161

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының бесінші бағдарын «Заң және тәртіп» деп алып, сот және құқық салаларын реформалау туралы ойымен бөліскен еді. Оның маңызына терең тоқталған Президент Әділет министрлігіне заң шығару қызметінің сапасын арттыруды тапсырған болатын. 

 Screenshot_35.jpg

– Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру кезінде маңызды болып табылатын конституциялық, саяси қайта құруларға бастама берген референдум өтті. Бұл референдум Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші референдум болды. Жалпы еліміздің қолданыстағы негізгі заңы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған болатын. Оны қабылдаудың алдында қазақстандықтардың Конституция жобасын кеңінен талқылауы болды. Конституцияның қазіргі нұсқасын қабылдау үшін көптеген шет елдердің тәжірибесі зерттелді. Әрине, өткен уақыт ішінде Негізгі Заңға түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Қазіргі шындық, Конституцияға жаһандық өзгерістерсіз мүмкін болмады, өйткені бәрі Конституцияға байланысты және ол уақыт талаптарына сәйкес келуі керек.

2022 жылы референдум 5 маусымда өтті және оған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шығарылды. Референдумға дейін ел азаматтары ұсынылған түзетулерді талқылап, «Сіз Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген дауыс беру барысында жарияланған сауалнамаға референдумға келгендердің әрқайсысы нақты жауап бере алды. Жалпыхалықтық референдум өткізілгеннен кейін де еліміздің Негізгі заңына енген түзетулер күшіне енді.

Референдумнан кейін саяси, сайлау процестерінің динамикасы мен мазмұнына қатысты түзетулер жасалды. Электораттың саяси белсенділігіне партияны тіркеу шегінің төмендеуі, Президенттің барлық партиялардан тең қашықтығы әсер етеді. Бұл дегеніміз, жоғары бәсекелестік және таңдаудың кең мүмкіндігінің болуына байланысты заңға өзгеріс енгізуге ниеттестердің көп екенінде білдіреді.  

Маңызды және уақтылы түзетулердің бірі құқық қорғау саласына әсер ететіндер болып табылады. Азаматтардың өз құқықтарын қорғауға көбірек мүмкіндіктері болатыны және парасатылық жағынан өсулері де ерекше назар аудартады. Бұл туралы Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, өлім жазасына толық тыйым салу туралы мәселелер қарастырылады. 

Президенттің айтуынша, Парламент жан-жақты зерделеп қабылдаған әрбір заңнамалық бастаманың гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастады. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Бас прокуратураның  да құқық қорғау функциясы күшейтілді.  Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болады.

Президенттің айтуынша, еліміздің басты байлығы – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар. «Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет»,  – деді Мемлекет басшысы.

Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы. Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді.

Ел Конституциясы барлық тең құқықтар мен мүмкіндіктер береді, бірақ азаматтар жауапкершілікті, адал орындалуы тиіс міндеттерді ұмытпауы керек. Заң үстемдігінің, адам құқықтарының сақталуының, әрбір қазақстандықтың жауапкершілікті, елдегі бейбітшілік пен келісімді дұрыс түсінуінің арқасында ғана біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдыға қойылған барлық міндеттерін жүзеге асыра аламыз, «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз. Олай болса қолданыстағы заңдарды білу, сақтау еліміздің азаматтарының басты борышы, құқықтық міндеті. Солай еткенде ғана азаматтардың бүгінгі құқығын қорғап, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпай өркениетті ел боламыз. 

Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау жоспарлануда
Округ әкімі сайлауына 25 жастан асқан азамат қатыса алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу