Жүзім шаруашылығын талқылады

Oinet.kz 24-07-2019 1009

жүзім.jpg

 Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауыл округіндегі «Ер-Те Агро» шаруа қожалығында жүзім шаруашылығын дамытуға арналған республикалық семинар-кеңес өтті.

  Шараға Украина елінің алдыңғы қатарлы «Виноград-Одесса» тұқымбағының басшысы Андрей Гайдай, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Аман Маханбетов және Алматы облысы мен Түркістан өңірінің барлық аудандарынан жүзім шаруашылығымен айналысып жүрген 50-ден астам шаруа қожалық төрағалары қатысты. 

Семинардың мақсаты – жүзімнің асханалық сорттарының күтіп-бапталуы жолдарын талқылап, тірегіш қадаларды дұрыс орналастыру, қырқу-көму шараларының тиімділігін арттыру. Осы мақсатты көздеген «Ер-Те Агро» серіктестігінің құрылтайшысы Ербол Ералиев семинар қатысушыларына жүзім егудің тиімділігі мен қиындықтарын, оның күтіп-баптау жолдарын тәппіштеп түсіндіріп берді. Осы тұрғыда семинарға қатысушылар өздеріне қажетті ақпараттармен толық қамтылып, сауалдарына нақты жауаптар алды.

Жетісай өңірі жүзім шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өлке. Сондықтан егістік жерлерді әртараптандыру мақсатында жүзім егу ісінен жүрексінбеу керек. Керісінше, жүзім шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, әлемдік сұранысқа ие жүзім сорттарын өсіруге мүмкіндік мол,- деді «Ер-Те Агро» серіктестігінің құрылтайшысы Ербол Ералиев.

 Айта кетейік, жетісайлық «Ер-Те Агро» шаруа қожалығы осыдан 2 жыл бұрын Украинаның Одесса қаласынан жүзімнің 9 жаңа түрін сатып алып келіп, 40 гектар аумаққа отырғызған болатын. Бұл жүзімдердің бір ерекшелігі – күздің күндері топыраққа көмілмей-ақ өнім бере алады. Әр гектардан 20 тоннаға дейін өнім алуға болады. Сондай-ақ, бұл қожалық жүзім шаруашылығын дамытуда соңғы технологияларды кеңінен қолдануды жолға қойған. Сонымен қатар, жүзімге қажетті барлық тіреуіштер мен өзге де керек-жарақтар қожалықтың өзінде әзірленеді. Бұл өз кезегінде өнімнің құны мен сапасына кепіл бола алады. 

Семинар барысында қатысушылар қожалықтың жүзім алқабын аралап көріп, өздеріне қажетті ақпараттармен толығымен қамтылды. Сондай-ақ, қатысушыларға арнайы сертификат тапсырылды. 


Диқандар егін оруды бастады
Баға көтерілмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу