Жұрттың наласы жеңгемді түбі түрмеге тығып тынды
Ата-анам көп балалы болуды қанша тілесе де Жаратқан иеміз тек екі баласының ғана қызығын көруді жазыпты. Анам он құрсақ көтерген, бірақ балаларының бәрі жастайынан шетіней беріпті. Көрер жарығы бар ағам екеуміз ғана екенбіз. Оған да ата-анам шүкіршілік етті.
Анам менен көрі ұл дей ме ағамды артық көретін. Бар жылы жұмсақты соның аузына тосып, жақсы киімді соған әперетін. Мен қызғанбайтынмын. Анамның ұлына деген шексіз махаббатына түсіністікпен қарадым. Мен де ағамды ерекше сыйлайтынмын. Менің санамдағы санаулы періште адамдардың бірі еді. Өйткені жаны арамдықтан ада, адамдарға тек жақсылық тілейтін, қолынан келгенше елдің бәріне көмектесіп жүретін. Сөйлеген сөзіне дейін адами қасиетке тұнып тұратын. Бала кезінде ұйықтағанда көзін жартылай ашып ұйықтаушы еді. Әжем жарықтық «Нұрмекеннің әйелі сұлу болады...» деп айтып отырушы еді. Мен де жалғыз ағамның жары әдемі, ақылды болса екен деп тілейтінмін. Бірақ менің бұл тілегім қабыл болмапты. Керісінше кескен томардай, келте ойлайтын, көркеуде жанмен бас қосты. Беташар өтіп көрші қолаң тарай бастаған. Жақын тұратын Ұлжас апам «беті қалың екен келіннің, бетін тіліп жіберсең қан шықпайды-ау, ақырын берсін әйтеуір» деп айтып бара жатқан әңгімесін естіп қалдым. Көпті көрген, артық сөзі жоқ, жақсы көретін көрші апаның осы сөзі көңілімде кілкіп тұрып алды. Расында көп өтпей-ақ Ұлжас апамның айтқаны айдай келіп беті қалың жеңгем көп өнерінің шетін шығара бастады. Ең алғаш ағамның қайынжұрты есік көрсетуге шақырған. Қасымызда ағайын інім бар, төртеуіміз бардық. Тұрмысымыз бақуатты-тын. Әкем табыскер, ауылдағы бай тұратындардың қатарынанбыз. Жеңгемнің жұртының жұпыны тұрмысын көргенде көңілім қоңылтақсып қалғаны рас. Түнде қонақтар тараған соң тар бөлмеге төсек салып берді. Мақтасы ауып кеткен, ақ жамылғысы жоқ сасып кеткен көрпені көргенде аузы жылдам інім «масқара мына көрпеге жатамыз ба, ужас» дегенде жерге кіріп кетердей ұялғаным-ай.
Мәселенің бәрі бай-кедейлікте емес қой, кедейдің қызы деп ешуақытта бетіне басқан емеспіз. Бірақ жеңгем нағыз кедейдің кербезі болып шықты. Обал-сауап дегенді мүлде білмейді. Төгіп-шашып тамақ істеп, қалғанын итке тастай салатын. Апта аралатып сойылып жатқан қой, жылқының ішек-қарнын дәретханаға тастағанын талай көрдік. Көрші қолаң «обал емес пе, келініңе айтсаңшы» дегенде де анам бірауыз қатты сөйлеген емес. «Тұрмысқа кетесің ғой» деп маған бір сандық киім жинап жүретін. Бір күні сол киімдерімді ұрлап, төркініне сіңлілеріне апарып беріпті. «Мұнысы несі, қойсын да ұрлығын» дегенімде анам «ойбай сөйлеме, жалғыз келініне күн бермей жатыр» деп жұрт күлер. Ұрлығын қояр, айтпашы, саған басқасын алып беремін ғой» деп аузымды жапты. Бірақ ұрлығын қойған жеңгем болмады үдетпесе. Қанша жасырып жапқанымызбен жеңгемнің ұры екенін көрші-қолаң біліп болды. Пиала, қасық шәйнек ұрлап келетіні былай тұрсын, есігінің алдында қалып кеткен сабын, шампуніне дейін ұрлап кететін болды. Тойға барса аяқкиім ұрлайды, ақша, алтынды айтпағанның өзінде. Ауыл үйге әбден масқара болдық. Қанша айтқанмен қолының сұғанағы бар адам қоя алмайды екен ғой. Ұрлық істемесе ауырып қала ма бірдеңе...
Уақыт сағатым келіп тұрмысқа шықтым. Жолдасымның ата-анасы қарапайым жандар-тын. Артық ауыс дүниесі жоқ. Бір жылдан соң бізді еншімізді беріп бөлек шығарды. Пәтер жалдап тұрдық. Алғашқы жылдары қатты қиналдық. Анам тірнектеп жиғанын әкеп береді. Жағдайымыз болмай кеткен соң төркініме барып біраз тұрдық. Ағамның балаларымен менің балаларым ойыншыққа таласып ұрсып қалса жеңгем араға түсіп балаларымды ұрып тастайды. Анамның үндеме деуімен-ақ әбден зығырданым қайнағанын қайтейін. Ақыры бір күні бомба болып жарылдым. Күйеуімнің қалтасына түсіп ақшасын ұрлап алғанында шыдай алмадым. Бар айыбын бетіне айттым. Арамызға сызат түсті. «Жарымағандар, өздері қаңғып жүріп, кінә таққанын қайтейін...» деп айтқан сөздері сүйегімнен өтті. Ағам момын араға түсуге де жарамады. Құрысын деп жалдаған пәтерімізге қайттық. Мына күйімізге әкем күйінген болуы керек, біраз малын сатып ертесі келіп тұр. Жылап жібердім. Жеңгемнің бүкіл көрсеткен қорлығы көз жасыммен тамып жатты. Осы ақшаға баспана сатып алдық. Әкем бар ықыласымен берген екен де ақшаны, бағымызға қарай осы үй бізге құт болды. Артынша жолдасымды ақшамен жақсы жұмысқа тұрғызып берді әкем. Балаларым қара қанат болған соң өзім де жұмысқа шықтым. Тұрмысымыз түзеле бастады. Күйеуімнің жұмысынан бөлек түсетін қосымша табысы да әжептеуір. Ақылдаса келе дүкен аштық. Нағыз ақшаның кені екен. Тапқан-таянғанымыздың басын жиып екі қабатты үй салдық. Арада көп уақыт өтпей-ақ дәулеттілердің қатарына қосылдық. Бұл кезде әкемнің дәулеті ортайған. Турасын айтқанда жеңгем бар дәулетін талан-таражға түсіріп, төркініне тасып құртты. Тағы да сол Ұлжас апам айтпақшы «жарымаған төркінін жарытам» деп-ақ діңкеледі.
Бірақ одан бүйірі шыққан олар болмады. Үйдегі бар асылды тасыды, қорадағы малды құртты. Ақырында таситын түк таппай қалды. Осылайша бақуатты отбасының ойранын шығарып, берекесін кетірді. Бірақ «төркінге сенгеннің төбесі тесік» дегенді түсінбей-ақ қойды ғой. Бұл кезде ағамның баласының алды үйленіп, қыздары шетінен тұрмысқа шыға бастаған. Әкемнің дәулеті бар кезде салған үйі ескірген. Құдалар келгенде ұят болмасын деп әкемнің баяғы бергендерін қайтарайын деп шештім. Ауылдағы үйді сүріп тастап орнына даңғарадай екі қабатты етіп үй салып бердік. Іші-сырты жұтынып тұр. Жеңгеме ішім жылымаса да бәрі де ағам үшін, әке-шешем үшін. Балаларын үйлендіргенде ауырлық тағы да маған түседі. Бар жасау-жабдығы, киіті, қалыңмалын мен көтеремін. Анамның басу айтуымен бәрі де ағам үшін деп кетіп жатты. Сонда да тілін тыйған жеңгем болмады бірақ. Пішту деп ернін сылп еткізіп бәрібір менімен өштесуін қоймады. Болсын, болмасын сыртымнан нешетүрлі өсекті қарша боратып, лажы болса қара күйені баттастырып жаққысы келіп тұратын. Сонда да үндемедім. Бәрі бауырым үшін болатын. Содан күндердің күнінде ауылдағы бір үйге ұрлыққа түсіп, сандықтағы алтындарын ұрлаймын деп жеңгем ұсталып кетті. Көз жасын көлдетіп келген анамды аяп, қаншама шығынға батып жеңгемді шығарып алдық. Шайпау сөздері әбден көңілімды қалдырса да «сауап бопты» деп табалай алмадым бірақ. Ағам үшін, балалары үшін бәрін кешірдім. Темір тордан шыққан соң да айылын жиған жеңгем жоқ. Баяғы көр көкірегін керіп жүргені сол. Сонда да үндемедім. Содан күндердің күнінде көршінің әйелімен жұлысамын деп әлгінің көзін шығарып жіберіпті. Бір көзі соқыр боп қалғасын ол да аясын ба, жеңгемінің барар жері бәрібір баяғы темір тор болды. Бұл жолы құтқарып қалу мүмкін болмады. Пәлен жылды арқалап кете барды. Жұрттың наласы, қарғысы бәрібір қоймайды білем. Жеңгемді құртқан жұрттың наласы сияқты. Ағамды аяймын бірақ...
Айғанша, Атырау