Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Алып қашудың құрбаны болған Жанат өмірінің дәл осы арнаға ауысатынын сезбеген еді… Болашағынан үміт күткен ару уақыт келе Азаматты сүйіп кететініне сенімді болатын... Азамат – отбасындағы алты баланың екіншісі. Ол жылдары әр балаға жеке-жеке той жасамайтын. Ағасы Асан шаңырақ көтермекші болғанда ата-анасының «бір оқпен екі қоян атамыз» дегеніне көніп, 2-3 айдың ішінде Азамат та үйленуге мәжбүр болды.
Әскерден жаңа келген жігіттің кездесіп жүрген қызы да жоқ. Жан-жақтағы ағайын-туыстың барлығы Азаматқа лайық қызды іздеуге қауырт кірісті. Алыстағы бір жолдасының қарындасы Жанатты жігіттің теңі деп шешіп, екеуін таныстырды. Бір-екі кездесуден кейін тамыздың тамылжыған күнінде Жанатты алып қашып, келін етіп түсірді.
Бәрі жаман емес. Жанат өзінің келіндік борышын атқарып, туған-туысқа жағуға бар ынтасымен кіріскен. Ата-анасынан еншісін алып кеткен жас отбасы пәтер жалдап, ауылдастарына сол үйдің моншасын жағып, тиын-тебен тауып, біреуден кейін,
Күндер соңынан күндер, жылдар соңынан жылдар жылжып өте берді. Алматыда тұратын туысқан ағасы Азаматты жұмысқа шақырған болатын. Екі қолға бір күрек тауып, тиянақтылығымен көзге ілікті. Табысы да жақсы.
Сырт көзге бұл отбасында барлығы дұрыс сияқты көрінетін. Бірте-бірте олардың да сыры ашыла бастады. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген рас екен. Жанаттың мінезі өзгеріп, туған-туысқа сыйластық дегенді мүлдем жоғалтты. Оның бар ойы – жастық шақта иелік ете алмаған махаббатты аңсау еді. Еңбекқор әйел болғанымен, үйде олпы-солпы болып, өзіне күтім жасауды білмейтін. Еркек жанарымен сүймеуші ме еді? Уақыт өте Азаматтың көзі қасындағы қыз-қырқынға түсе бастады. Күйеуінің жүрісін байқаса да, іштей тынып жүре берді.Отбасындағы қарым-қатынас шытынады. Көңілі түзге кеткен Азамат әйеліне жирене қарап, тырнақ астынан кір іздей берді. Осының бәріне куә болып жүрген қос құлыны әке мен ананың махаббатына зарығып, екі ортада солар зардап шеккен. Ал ерлі зайыптылар бұл уақытта бірін-бірі кінәлаудан арыға бара алмайтындай халге жеткен. Үйге келгенде алдынан күліп шығатын, жылуын шашатын адамның жоқтығынан еркегінің аяғы ол жаққа тартпайтын. Әйелі өз жағынан ешқандай қателікті көрмейді. Жарының басқа әйелмен көңіл жарастырғанын біле тұра, дер кезінде отбасын аман алып қалуға ешқандай шара қолданбай, бес-алты жыл өтіп, жағдай әбден ушыққан сәтте ортаға ағайындарды, одан қалса балаларын салды. Не керек, ағайын мен балалардың еш көмегі тимеді. Ақыр соңында екі жан ажырасып, екі жолға кетіп тынды. Азамат өзгемен бақытты да баянды өмір сүруде. Көлік, пәтер, дүние жинағандарымен қоймай, тағы бір сәбидің әкесі атанды. Жанат өзінің қателіктерін енді түсіне бастағандай. Күйеуінің көңілін тауып, күліп қарсы алып, асты-үстіне түсу керектігін тым кеш түсінді.
Махаббатсыз әлем – қаңыраған үй сияқты. Онсыз тұтанған от лаулап емес, бықсып ұзақ жанады. Не жылуы жоқ, не айналасына сүйкімі жоқ, жер әлемді жағымсыз иісімен жаулайды. Асығыстықпен үйленуге мәжбүр болған екеудің тағдыры да жалынсыз от еді. Сол себепті уақыттарын да бақыттарын да жоғалтты…
Дәл қазір Жанат алып қашудың құрбаны болғанына налиды. «Егер сүйгеніме қосылсам, бар қателігіне көз жұма қарар ма едім» деген ой да мазалайды… Азаматқа қояр міні де жоқ сияқты. Себебі ол да сүймеген жанға қосылып, өз өмірін бүлікке салған мыңдаған қазақ жігіттерінің бірі болды.
Жанаттың өз өмірін еш бүкпесіз жариялаудағы мақсаты да біреу – ол артындағы сіңлілеріне алып қашудың құрбаны болып, барлығына көніп, өз өмірлеріне балта шаппауды ғана тілейді.
Шапағат Қуатбекова