Күйеуі өлген соң әйелі маскүнемге айналды...

Oinet.kz 13-02-2022 2336

Осы қатігез, тасбауыр адам қайдан шығады? Жанашырлықты білмейтін «темір» жандар да бала күнінде мейірімді, жұмсақ жүректі, пәк сезімді болды емес пе? Ендеше, олардың сезімдерін қатайтып, безбүйрек еткен кім?

Screenshot_7.jpg

Отбасындағы жалпы қарым - қатынас, үйдегілердің бір - біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, отбасындағы ата - аналардың ажырасып кетуі, ортада қалған балалардың психологиясының өзгеруіне әкеліп соғады.  Соның салдарынан анасыз немесе әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Ал ата - анасы ішімдікке салынып, бір - бірімен жанжалдасып, адамның көңіліне дақ түсіретіндей сөздермен бір - бірін балағаттау, осындай кикілжің отбасындағы ұрыстардың кесірінен өз балаларын да ұрып - соғу немесе баланың әрбір сөзіне жеки жауап беру де баланың қатігезденуіне жол ашады.  Кейде осы үйдегі ұрыс - керістің салдарынан көрші - қолаңдармен де керілдесіп қалу, сөйтіп олармен де жанжалдасып, айқай - шу көтеруі, сол өздері тұрған жердегі адамдардың да тыныштығын алуы, ол үйге деген өзгелердің де пікірін өзгертіп, балаларын олардың  балаларынан аулақ ұстауынан сол үйдегі өсіп жатқан бала тұйық, жасқаншақ болып өседі. Өсіп келе жатқан бала мұны тез және өзіне жақын қабылдайды. Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн. Мсыал ретінде алатын болсақ, ата - ана арақ пен темекінің көптеген зияндығын біле тұра, баланың құлағына соны құя тұра, балалардың көзінше өздері арақ ішіп, үсті - үстіне темекі тартса, одан ешқандай жақсы тәрбие ала алмайтыны анық нәрсе. Мұндай жағдайда бала басқа өмірді аңсайды, не болмаса теріс беріліп отырған тәрбиеге тез бой алдырады. 

Ал егер осы теріс жолға бала мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өскені дей беріңіз. Мұндай жағдайларды қазір күнделікті өмірден көп көріп жүрміз. Айрандай ұйып отырған бір отбасыны білуші едім. Тағдыр тәлкекке салып, күйеуі өмірден өткенде жесір қалған әйелдің балалары үлкені 10 жаста, кішісі жеті жаста еді. Қайғыны көтере алмаған келіншек бір жылдың ішінде ішімдікке салынып, маскүнемге айналды. Ал жұпыны ортада өскен үлкен ұлы Мақсат есейе келе  өз-өзіне мүлдем ұқсамай кетті. Кішкентайы Мақат ағатайлап алдыңнан жүгіріп шығып, бауырыңы тығыла кетуші еді. Мейірімділігі сондай жорғалап кетіп бара жатқан құмырсқаны да ренжітпейтін еді. Маскүнем ананың тәрбиесінің нәтижесінде ол кейіннен ұрлыққа, қарақшылыққа барып, адам өлімі үшін темір торға қамалып, баяғы пәк көңіліне дақ түсіріп алды. Егер анасы балаларына әкелерінің жоқтығын білдіртпей, дұрыс тәрбие бере білгенде Мақсат жақсы, адал  жігіт болушы еді.       

Бала тәрбиесі игілікті іс деп саналады. Бала - табиғатынан өте құмарпаз, әуесқой және айналаны тынымсыз зерттеуші. Әр бала басынан сипағанды, жылы сөйлегенді, аялап еркелеткенді, ертегі мен әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы - баланың бойындағы ересектерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеттер. Бұл қасиеттер тек балаға тән. Сонымен қатар осы қасиеттерді баланың ата - анасы жастайынан ескеріп тәрбие бергені дұрыс. Бұл ескерілмей қалған жағдайда балалық шағынан шыққан жағымсыз қылықтар мен іс - әрекеті есейгенде ата - анасына таяқ болып  тиеді, баланың болашағы болмайды. 

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демей ме   дана халқымыз. Сондықтан бар қаһарымызды баланың көзінше төкпей, тиісінше перзентке жағымды эмоцияларды сыйлай білсек екен. Себебі жағымды эмоцияларды, сыйластыққа толы қарым-қатынасты көріп өскен бала – мейірімді, адал болып жетіледі. Оның үстіне жағымды эмоциялар   кішкентай балалардың есте сақтау қабілетін арттырады екен. Ендеше, балаларға сыйлар жағымды эмоцияларымыз, естеліктеріміз көп болса кәнекей.

Хамит Мақұлбеков,

Жамбыл облысы

Күйеуім тура той үстінде тастап кетті...
Сыған әйелдің айтқаны айнымай келді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу