«Әйелі жоқ үй...»: Фатима Жүнісова

Oinet.kz 04-02-2022 4745

Жасыл шатырлы үйдiң егесі Жүсiп ұзын бойлы, кең иықты, келбеттi кiсi. Жасы 70-тi алқымдап қалған ол ешқашан жар құшпаған, бала сүймеген. Осындай өзi сұлу жүздi, өзі әншi, серi кiсiнiң неге өмiр бойы үйленбей келе жатқанын үлкен кiсiлер болмаса, жастар жағы бiле бермейдi. Iнiсiнiң бiр қызын кiшкентайынан бауырына басып өсірді. Оның әкесi де, шешесi де бір өзі болатын.

Screenshot_3.jpg

Қыз бала емес пе, Назгүл кiшкене күнiнен көкесiнiң кiреукелi көңiлiне алаңдап өстi. Көкесi әлденеге күлiмсiреп, әндете бастаса бұл елжiрей бастайтын. Кішкене кезінде көкесi мұның шашына дейiн жуып, тарап, өрiп, ақ бантигiн желбiретiп мектепке жiберуші еді. Ол кездерi көп қыздың қолы жете бермейтiн аппақ колготкиге дейiн аудан орталығынан әкеп беретiн. Назгүл кiшкентай болса да өз шешесi мен көкесiн жиi салыстыратын. Бiр нәрсе сұрай қалса, дұрыстап жауап берудi де бiлмейтiн, мінезі шәлкестеу шешесi мұны таяқтай жөнелетiн. Салдыр-салақ анасы қайынағасының үйi тұрмақ, өз үйiн де дұрыстап жинай алмайтын едi. Есiктен төрге дейiн шашылып жататын өз үйiнен гөрi Назгүл көкесiнiң үйiн артық көредi. Көкесiнiң үйi қашанда тап-таза. Әйелi жоқ үй демесеңiз, көкесi iстiң көзiн таба бiледi. Назгүлдiң үстi-басы тап-таза, тамағы тоқ, көкесiнiң ықпалымен мектептегі сабағын да кiлең беске оқыды. 

Бойжете бастаған Назгүлдi «Көкем неге үйленбеген?» - деген сауал жиі мазалайтын. Осындай қамқор, мейiрiмдi көкесiнiң жалғыз жүргенiне, өзінің ұл-қызы болмағанына iштей күйiнетiн де едi. Бiрде көкесiнiң ескi альбомын қызықтап қарағаны бар. Сол кезде қап-қара шашын екi бұрым етiп өрген, көздерi мойылдай қара, сұлу бiр қыздың суретiне көзi түстi. Назгүл әлгi бейтаныс қыздың суретiне ұзақ үңiлдi. «Әдемiсiн-ай! Бұл қыз көкеме кiм болды екен? Кімнен сұраса екен? Назгүлдің көз алдынан әлгі альбомдағы қыз кетпей тұрып алды. Қыздың суретін біреуге көрсетіп, кім екенін сұрап білгісі келгенімен ыңғайын таппады. Арада екі күн өтті.

Үшінші күні кешкі тамақтан соң Назгүл ескi альбомды тағы да қарағансып отырды да: «Көке, мына қыз кiм? Өзі сондай сұлу екен»деп сұрады. Көкесi суретке жалт қарап, өңi бiртүрлi болып, жай ғана «Ауылдас қарындасым Айғаным ғой. Жас кезiнде естелiкке берген болатын» - дедi. Назгүл бұдан әрi қазбалап сұрауға батпады. Алайда қыз жүрегi әлдебiр құпияны сезгендей болып, Айғанымның суретiне тағы бiр қарады да альбомды жапты. Ертеңiне «Сурет жайлы бекер сұраппын ғой, көкеме қиын болды-ау»,- деп қатты өкiндi. Себебi сол күнi көкесi таңға дейiн ұйықтай алмай дөңбекшiп, күрсiнiп шықты...

Жүсіп сол түні таңға дейін көз ілген жоқ. Қызы Айғанымның суретін көрсеткен кезде-ақ жүрегінің түбіне пəлен жыл қатып қалған шері лықсып кеп тамағына тығылған. Жап-жас Назгүліне не айта алсын? Бұрындары жастау кезінде іштегі қайғы-шерін əнмен сыртқа шығаратын. Жалғыз өзі отырып домбырамен халық əндерін шырқағанда қосыла алмай арманда қалған ғашығы сол баяғы жас күніндегідей көз алдына келетін. Аяғын еркелей басып, сыңғырлай күліп, қолаң шашының ұшынан ұстап өзіне наздана қарап тұратын Айғанымның бейнесі де əн аяқтала бере зим-зия жоғалатын.

Ғұмырында тек соны сүйіпті, бір сол үшін жиырмадан енді асқан шағында азап тартыпты. Өкініш өзегін өртегенімен жастық шағы қайта келе ме? Қайта оралса, əкесі мен анасының сөзіне құлақ асып, ал деген Баршынын алып, ұл-қыз сүйіп, отырар ма еді? Адамның тағдыры анасының құрсағында жатқанда-ақ жазылып қойса, мұның əйелсіз, ұрпақ сүймей өтуі пешенесіне жазылғаны да. Құдай басқа салды, бұл көнді. Көнбегенде қайда барады?

Талай рет елден жыраққа, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалғысы келген. Жүрегі құрғыр Айғанымды қимайтын. Оның аман- саулығын біліп, сырттай болса да көріп жүргісі келді. Оның үстіне інісін де жалғыз қалдырғысы келмейтін. 

Анасы қайтқалы үлкен үйдің берекесі кеткендей болды. Үй уақтылы жиналмай, кір апталап жуылмай үйіліп жатады. Бейшара анасы осы келінінің жаман қылықтарын жасырып келген екен-ау. Қалай дүниеден көшті, келіннің де арты ашылды. Анасы барда үйінен қонақ арылмайтын еді. Қырқынан кейін-ақ келіннің қабағына қарағандар келуді сирете бастады. Енесі барда қайынаға деп сыйлағансып жүретін келіні келе-келе бар өнерін шығара бастады. Бір кесе кеспе көженің өзін төгіп-шашып зорға беретін болды. Кей күндері тамақ істемей бүрісіп жатып қалады. Ондай күндері інісі екеуі қазан көтеріп ,балаларды тамақтандырып,төсектеріне жатқызатын. Əйелінің жаман қылықтарына төзбеген күні інісі оны сабап та алушы еді. Жүсіп араға түсіп жүріп екеуін айыратын. Інісін сабырға шақырып "Шыдамды болсайшы. Əйеліңде ақыл болса анамыз барда-ақ елге сыйлы келіндердің қатарына қосылар еді ғой. Сен мұны ұрып жеңе алмайсың. Төрт балаңның анасы ғой, сабыр сақта. Құдай мен сияқты жалғыз қалғаннан сақтасын. Енді балаларың үшін бəріне көз жұма қара. Кешірімді бол" деуші еді. Інісіне ақыл айтқанымен, өзі туған үйіне анасының жылына дейін шыдады. Соқа басының сыйып жүргені тек анасының арқасы екен. Қабағы кіржиіп, ашуланса балаларын таяқтың астына алатын келінімен алыстан сыйласпаса болмайтынын анық түсінген соң бөлек шыққысы келді. Əке-шешесі көзі тірісінде үлкен үйдің жанынан шағын үй көтеріп, төбесін жаптырып қойып еді. Басқа шифр табылмай сол үйдің шатыры жасыл шифрмен жабылған болатын. Көп өтпей-ақ сол ерекшелеу үйдің иесі Жүсіп атанды. Бөлек шығарында інісі мен келіне:

- Сендерден бір-ақ тілегім бар. Менің атыма Назгүлді жаздырып беріңдер. Өзім мəпелеп өсіремін, Алла бұйыртса оқытып, өзім қолымнан ұзатамын. Туғалы өзім қарап келемін ғой."-деді. 

- Аға, сіз не десеңіз сол болады. Назгүл сіздің қызыңыз. Алайда жалғыз өзіңіз ол үйде не істейсіз? Əлде үйленбек ойыңыз бар ма? 

Інісінің соңғы сөзін естігенде Жүсіп ашудан қып-қызыл болып кетті. "Сенің есің дұрыс па? Маған кім тиеді? Əлде ағаңды кекетіп-мұқатып тұрсың ба? Басқа білмесе де менің жайымды жалғыз бауырым сен білуші едің ғой... 

Жақып үндемей төмен қарады. Ағасын қатты ренжітіп алғанына өлердей өкініп қалды. Жазылмаған жарасын тырнап жіберіпті-ау ағасының... Мұншалық ақымақ болар ма?

- Аға, ақымақ ініңізді кешіріңізші. Кешіріңізші...

Осы кезде есік ашылып, кішкентай Назгүл томпаңдап ішке кіріп:

- Көке, көке, жүріңіз, далаға шығайықшы. Мені атқа мінгізіңізші,- деді.

Жүсіп Назгүлді тік көтеріп алған күйі сыртқа беттеді. Інісіне бұрылып та қарамады.

Сол күні ол өзі мен Назгүлдің бар киімін, кейбір аса қажетті заттарды алды да бөлек шығып кетті. Екі үйдің ортасын тек ағаш шарбақ бөліп тұр. Назгүл екі үйдің еркесі,екі ортада ойнап жүреді. Бірақ көкемнің қызымын деп, Жүсіптің жүрегін жібітіп, одан бір елі ажырамайтын болды.

Жұрт та қызық қой. Жүсіптің жалғыз өзінің бөлек шығып кеткенін біраз əңгіме етіп, сан-саққа жүгірте бастады... 

Жүсіп бөлек шыққан күннің ертеңіне-ақ ауылдың сөзге үйір əйелдері "бұл бекер емес, оңаша үйде жалғыз еркек не істемек? Оның тамағын кім істейді, кірін кім жуады? Күйеуі қайтыс болған Жібекпен байланысы бар-ау. Əнеукүні атарбасымен оның үйіне шөп əкеп бергенін біреулер көріпті. Енді Жібек те Жүсіптің үйін тазалап, тамағын істеп тұратын шығар" деп сырттай тон пішті. Біраз уақытқа дейін аңдығандары Жүсіптің үйі болды. Тіпті бірнəрсе сұрағансып үйіне кіріп шыққандары да бар. Ертесіне-ақ Жүсіптің үйі туралы əңгіме ауыл ішіне желдей тарады.

- Ойбай, несін айтасыңдар, Жүсіптің үйіне Гүлсім барса тамақты өзі істеп жатыр екен. Үйінің іші тап-таза дейді. Ыдыс-аяғына дейін жалтырап тұр екен. Əйелі жоқ үйге мүлдем ұқсамайтын көрінеді. Соған қарағанда оның үйін түнде біреу келіп жинап, кірін жуып береді-ау. Əлде баяғы ғашығы ма екен? Кім білсін? Сол үшін жастай қор болып, жалғыз қалған жоқ па? Бəлкім, аяп көмектесіп жүрген болар...

Бұл əңгіме көп өтпей Жүсіптің де құлағына жеткен. Естіп, күлген де қойған. Кімнің аузына барып қақпақ қойсын? Үсті-басын таза ұстауды, үй жинауды бала кезінен біледі емес пе? Үйдің үлкені болған соң анасына көмектесіп, тірліктің бір жағын алып жүруші еді ғой. Інісі екеуі үйдің, даланың жұмысы демей-ақ атқара беретін. Қарындасы жастай шетінеп кеткен соң інісі екеуі қалды. Үйде қыз бала жоқ. Əкесі мен шешесі ала жаздай егіннің басында. Қауын-қарбыз егеді. Үйге қарауды Жүсіпке тапсыратын. Сонда бəріне үлгеруші еді. Сабағын да жақсы оқып, мал-жанға да қарап, ата-анасын қуантып жүретін. Мектепті бітірген соң əскерге кетті.

Əскерде жүргенде сүйген қыздарынан хат алып жататын құрдастарына қатты қызығатын. Өзі əскерге дейін ешкімге ғашық та болмапты. Тек көршінің кекілді қызын сырттай ұнатып жүруші еді. Əскерден келген соң көңілімді білдіремін деп армандайтын. Бір күні інісінен хат алып, əлгі көрші қыздың көрші ауылға күйеуге шығып кеткенін оқып, көп күндер мұңайып жүргені бар. Екі жыл екі күндей болмай өте шығып, ауылға сымға тартқандай таралып келгенде кластас қыздары танымай қалып еді. Өзі сымбатты, өзі əнші Жүсіп 

кімге көз салып, жүрек сөзін айтар екен деп іштей бəрі де дəмеленетін.

Жүсіп Айғаныммен ойда жоқта танысты. Бірде ауыл шетіндегі тоғайға барып, атын тұсап жіберіп, көк майса құрақта екі қолын жайып жіберіп шалқасынан түсіп "Сəулем-ай" деп бар дауысымен əндетіп жатқан. Бір кезде дəл төбесінен төніп тұрған жап-жас сұлу қызды көріп, орнынан тұра алмай тыпырлады да қалды. Зорға дегенде оң қолымен жерді қармап тұрды. Дəл жанында бұрын көрмеген бейтаныс бейне. Қарақат көзі жəудіреп тұр. Жүсіп тілін жұтып қойғандай болып, жас сұлудың жүзіне қарап көп тұрды...

Жүсіп əлі де қарап тұра берер ме еді, үнсіздікті қыздың сыңғырлай шыққан дауысы бұзды.

- Əкемнің атын іздеп жүр едім. Шідерін үзіп кетіпті. Көзіңізге түспеді ме?

- Жоқ, жоқ,- деді Жүсіп тұтықпасы бар адамға ұқсап зорға сөйлеп. Ол өз жүрегінің торға түскен торғайдай тыпырлап тұрғанын анық сезді. Есіл дерті мына тоғайға ешқашан көрмеген сұлу перизаттың қайдан келе қалғанын білу. Бір кезде батылданып қызға

- Менің есімім Жүсіп. Мына ауылдың баласымын. Əскерден жақында келдім. Сен қайда тұрасың? Біздің ауылдан бұрын көрмеген сияқтымын,- деді.

-Мен мына бөлімшеде тұрамын. Есімім Айғаным. Басқа ауылдан көшіп келгенбіз. Əкемнің жұмысына байланысты. Малдарымыз жерсінбей жүр ме жиі жоғала беретін болды. Жарайды, əкемнің атын табуым керек тезірек,- деген қыз кетуге ыңғайланды. Жүсіптің қызды жібергісі жоқ.

- Жүр, бірге қарайық. Тоған жоқта жүрген болар,- деп жол бастай жөнелді. Айтса айтқандай, дəу төбел ат тоған жақта жайылып жүр екен. Айғаным бұған рахметін айтып, атын жетелеп үйіне қайтты. Жүсіп біраз жерге дейін еріп барды, ойы қыздың үйінің қай маңайда екенін көру еді.

Қыздың аппақ ашық маңдайы, қос өрім етіп өрген ұзын шашы, əсіресе жəудірей қараған мөлдір қара көздері Жүсіптің есінен күндіз-түні шықпайтын болды. Түнге қарай қызды əке-шешесі үйінен шығармайтынын біледі. Өзі бір үйдің əлпештеген жалғыз қызы екен. Айғанымды тағы бір рет көрсем деген аңсар, жүрегін қозғаған алапат бір сезім Жүсіпке ұйқы бермейтін болған. Оны белгісіз бір күш Айғанымды алғаш көрген жерге, тоғайға жетелей беретін. Күн сайын тоғай жақты бір шарлап қайту әдетіне айналды. Жүсіп өзінің Айғанымға ғашық болып қалғанын ұқты. Қараптан-қарап отырып, күйзеліп ешнəрсеге зауқы соқпай қалды. Есіл-дерті Айғанымды бір көріп,тілдесу.

Бұл кезде жас қызды да махаббат жалыны шарпып жатқан еді. Көз алдынан көгалда шалқасынан жатып,əн айтып айтқан Жүсіп кетпей қалған. Өзі сымбатты, өзі əнші жігітті ұнатып қалғанын сол күні-ақ сезген. Қайта көрсем ғой, тілдессем ғой деген ой Айғанымға маза бермейтін болды. Екі жастың тілеуі арада апта өткенде орындалғандай болды. Тағы да сол, əкесінің аты шідерін үзіп, тоғайға қашып кетіпті. Аттың жоқ екенін көргенде Айғаным қатты қуанды. Жүрегі дүрсілдей соғып, атты іздеген болып тоғайдың ішіне ене берген. Ол бүгін Жүсіпті көретініне сенімді еді.

Ал Жүсіп болса дəл сол күні бозторғайдың шырылымен бірге оянған еді. Көзін ашқаны сол, Айғанымның бейнесі келіп тұра қалды.

Ойша қызбен тілдесіп,төсегінде бір сағаттай жатты. Қиялы неткен жүйрік? Айғанымды үйіне келін етіп түсіргенін, апасының қолына кəмпит ұстап жүгіріп қуанып жүргенін, достарының келіншегінің сұлу жүзіне таң қала қарап қалғанына дейін көз алдына елестете бастады. Апасы таңғы шəйға шақырғанда Жүсіп қиялымен ат үстіндегі Айғанымды қуып жетіп, бетінен сүймекке ұмтылып жатыр еді...

Таңғы шəй үстінде əкесі бұған соңғы уақытта шаруаға қырсыз болып жүргенін ескертті. Жақын күндері қауынның да пісіп қалатынын, жұмыстың көбейетін айтып тоқтаған əкесінің сөзі Жүсіпке баяғыдай əсер ете қоймады. Ол əлі Айғанымды ойлап отыр еді. Орнынан тұрып, үйіндегі майда-шүйде жұмыстарын тез бітірді де тоғайға қарай құстай ұшты. Айғаным алғаш көрген жерде мұңая жан-жағына көз тастап отыр екен.

Екі ғашық көзбен ұғысты. Тоғайда кездескен екеуі бір-біріне ұзақ қарап тұрып қалды. Бұл жолы Жүсіп батылдық танытып, өзінің ғашықтық хəлін жеткізді. Айғанымға ынтызар екенін, қыз қаласа өмірлік жар ететінін ұқтырды. Айғаным ұялып, қызара төмен қарады.Тек сүйріктей саусақтарымен шынар ағашын сипалай берген.

Жүсіп қыздың қолының үстіне қолын қойып:

- Сөзім - сөз! Сертім - серт, Айғаным! Сенен өзгені жар етпеймін!,- деді. Қыз жігіттің көзіне тік қарады. Шын жүрегімен айтып тұрғанына сенді. Кенет өзінің жоқ іздеп жүргені еске түсіп, тоған жаққа жүгіре жөнелді. Айғаным атын тапса да тоғайдан кеткісі келмей, Жүсіпті қимай көп тұрды.

Екі жас ертең кездесетін болып, уəделесіп тараған.

Ертесіне Айғаным да, Жүсіп те тоғайға ат мініп келді. Екеуінің ойы ел көзіне түспей алысқа барып сырласу. Жүрегі жалындаған екі жасқа, құстың сайрағаны да, жапырақтың сыбдыр қаққаны да, судың сылдырай аққаны да қуаныш.

Ғашығының сыңғырлай шыққан үніне елтіген Жүсіпте ес жоқ. Дәл сол кезде Айғаным жердің шетіне кетейік десек те еріп кетуге даяр еді.

Бір кезде анам іздеп қалар деген Айғаным кетуге ыңғайланды. Жүсіптің ойы қыздың аппақ бетінен бір өбу. Ақыры шыдамай бұрыла берген Айғанымның бетінен бір сүйіп алды. Қып-қызыл болып ұялып кеткен қыз бетін алақанымен сипалап тұрды да есіне әлдене түскендей:

- Осы сіздің руыңыз қандай?-деді. Менің руым....шалқып отырған Жүсіп өз руын мақтанышпен, әндете созып айтты. Ал Айғанымның көзі шарасынан шығардай болып:

- Сіз,сіз маған аға болады екенсіз ғой, аға деп кейін шегіне берді....

Ғашықтық Жүсiптiң есiн алды, Айғанымның өз руласы екенiн бiлсе де одан бас тарта алмады. Оған деген сезiмi күннен-күнге өршiп, жанына жай таптырмай қойды. Айғанымға "біз әлдеқашан жеті ата түгілі, он төрт атадан асып кеткен екенбіз. Көр де тұр, әкемді көндіремін. Сенің әкеңнің алдынан өтеді. Біз қосыламыз",- деп сендірді. Айғаным да Жүсіпке ғашық еді, ол қасында тұрса да, жоқ болса да егіліп жылай беретін. 

Жүсіп екеуін айырып жіберетіндей қарақат көзі жәудіреп, іштей қайғы жұтатын. Көп кешікпей-ақ екі ғашықтың тоғайда оңаша кездесіп жүргенін естiген Айғанымның ағалары Жүсiпке «қарындасымыздан аулақ жүр, әйтпесе мерт боласың»,- деп ескерттi. 

Жүсiптiң әке-шешесiнiң ол кезде көзi тiрi.

Ұлының рулас қызбен кездесіп жүргенін естіген күні-ақ әкесі егіс басынан түтігіп жеткен болатын. Есіктен кірген бойда-ақ алаңсыз отырған Жүсіпті жон арқасынан қамшымен тартып-тартып жіберіп:

- Иттің ғана баласы, сен не бүлдіріп жүрсің? Қыз құрып қалғандай рулас қарындасыңа қырындап жүргенің қалай? Тоқтат жүрісіңді. Мені елге қарабет етейін демесең. Біздің ру бір-бірімен ешқашан қыз алыспайды. Осымен сөз бітті. Жоғалт көзіңді!,- деген әкесі.

Жүсіп әкесін жақсы білемін деуші еді. Әкесінің қатты ашуланғанын, қаһарланып кеткенін көргені осы. Әкесіне еш сөз қайтара алмай, жүрегі өртене үйінен шықты. Анасы сыртта жылап тұр екен. Мұны көріп:

- Балам-ай, бірнәрсеге ұрынып қалмашы. Ұмытшы ол қызды. Қыз көп қой. Анау Дүйсен көкеңнің қызы Баршын да бойжетіп отыр. Әп-әдемі. Мақұл десең, құда түсейік,- деп бауырына басты.

-Апа-ау, мені түсінші. Маған Айғаныммнан басқа ешкім керек емес. Жеті атадан кейін қыз алысуға болады екен ғой. Мен сұрастырып білдім. Боз бие сояды екен. Ал біз тіпті он төрт атадан әлдеқашан асып кетіппіз. Бізге үйленуге рұхсат берсін, айтшы әкеме. Айғанымның әкесіне барсын,- деді Жүсіп.

- Бос сөзді қой! Айғанымды ала алмайсың. Енді ашуына тие берсең, әкең сені ұрып өлтіріп қояды. Болмаса ел арасы бүлінеді. Бізді жерге қаратпа балам. Айғаным да бір үйдің бетіне қараған жалғыз қызы екен. Сүйекке таңба түсіресіңдер. Қанша жақсы көрсеңдер де ақылға келіңдер,- деп анасы Жүсіпті алған бетінен қайтармаққа бекінді.

Не керек, сол түні әке-шешесі ұлдарын ортаға алып, уәдесiн алды. 

«Қойдым. Ұмытамын Айғанымды. Тек ертең соңғы рет оған жолығып, бәрін түсіндірейін. Мені кінәламасын»,- деді Жүсіп. Айғанымды соңғы рет көріп, қоштасамын деген Жүсіп одан бас тарта алмады. Ғашықтық дертiне шалдыққан екi жас тоғайда кездесiп, бiрге қашып кетпекшi болып жоспар құрды. Бұл хабар Айғанымның әкесiнiң iнiлерiне де жетедi. Ашу-ыза кернеген олар екi ғашықты күшпен айырады да, Жүсiптi бас-көз демей тепкiнiң астына алады. Әсiресе «сенi желпiлдетiп жүрген мына жерiң ғой, бiржола сағыңды сындырайық» деп, әбден құтырып, көздері қанталаған жігіттер екi жұмыртқасын езiп тастайды...

Жүсiп есiн ауруханада бiр-ақ жинаған. Қайта-қайта операция жасалынып, өзi әупiрiмдеп зорға тiрi қалған еді-ау.. Кейiннен дәрiгерлер болған жайды айтып, өкiнiш бiлдiредi. Жүсiп ешкiмге көз жасын көрсетпей еңiреп жылады. «Ендi Айғанымсыз өмiр сүрудiң керегi қанша? Оның үстiне еркек болмасам»,- деп өкiрген...

 «Уақыт - ұлы емшi» екен, содан берi қаншама жыл өттi. Бұл әлi тiрi жүр. Айғаным бүгiнде ұл-қыз өсiрiп, немере сүйiп отыр. Жүсiптiң қиын жағдайға ұшырағанына сол кездері Айғаным да қатты қиналған. Өзiн әкесi ерiксiз ұзатқанда жүрегi қан жылаған. Жұрттан Жүсiптiң халiн естiп, көкiрегi шерге толып егiлетiн. Жүсiптiң ешкiммен сөйлеспей, томаға-тұйық болып, төсекке таңылып жатып қалғанын естiген соң Айғаным өзiнiң бiр суретiн, орамалын, хатын Жүсiпке берiп жiберген. Сонда ғана жүрегiнде жылылық оянған Жүсiп: «Айғаным менi ұмытпаған екен ғой» деп беті бері қарап, тәуiр бола бастайды. 

...Әлгi альбомдағы Назгүлдiң қайта-қайта қарап жүргенi Айғанымның сол суретi. Орамалды да, хатты да Жүсiп жасырын жерге тығып қойған. Айғанымнан басқаны ол сүйген де емес. Кейде iшi толып ән де айтады. Ғашықтық жайлы әндер айтқанда Жүсiптiң дауысында дiрiл пайда болады. Iштегi сағыныш, мұң бәрi әнмен бiрге сыртқа шығады. Мұндайда жұрт « Е, қайтсiн ендi... Жүсiп Зылихасын iздеп жатыр ғой»,- дейдi. Ал шындығында Жүсiп Айғанымын iздейдi. Сүйгенi әлдеқашан бiреудiң жары болып кетсе де сол баяғы жiгiт кездегiдей оны аңсап, көргiсi келедi. Бiрақ Жүсiп қанша қиналса да Айғаным бар жерге аяқ басқан емес. Хабарын тек сырттай естидi, қайғысына күйiнедi, қуанышқа сүйiнедi. Жас кезде мұншалық білінбеген екен. Жасына жас қосылған сайын өзiнiң рулас қарындасына ғашық болғаны, сол үшiн сүйегiне таңба түсiп, таяқ жегенi жанын жегiдей жейтiн болды.

Өзi де ел ағасы жасқа келсе де үлкендер отырған жерде батып сөз айта алмай, шегiншектей беретiн. Соңғы уақытта ауылдың үлкендерi Жүсiптiң жастық шағында жiберген қателiгiн бетiне баспай, жалғыз қалған еркектiң өмiрiне аяушылықпен қарайтын. Ол отырған жерде баяғы әңгiмелердi қозғамайтын. Жүсiп сонда да өзiн қоярға жер таппай кетушi едi. Содан болар, көбiне үйден шыққысы келмей, шақырған жерге де сирек барып жүрді.

Жүсiптiң осылай қиналып жүргенін Айғанымның қарт әкесi де көретін. Жүсiптiң өмiр бойы қызын ғана сүйiп, жалғыз қалғаны жанына да батушы еді. Қайтыс боларының алдында қарт көп ойланды. Құпияны ашқан жөн бе, жоқ па? Көп ойланған қария ақыры Жүсiптi шақыртқан. Айғанымның әкесi нашарлап, дем жетпей қиналып жатыр екен. Мұны көргенде тамағы қарлығып, үзiп-үзiп зорға сөйледi. «Жақын отыр шырағым. Ажал алқымыңнан алғанда пенде байғұс бiреуге жасаған қиянатын ойлап, аласұрады екен. Бiз де саған қиянат жасадық, өмiрiңдi өксiттiк. Шындықты сол кезде айтқанда сен Айғанымға қосылар едiң. Себебi Айғаным сенiң рулас қарындасың емес. Ол менiң қарындасымның қызы. Әйелiм ұзақ уақыт бала көтермей жүрген соң, қарындасымның аяғы ауыр кезiнде қасында болып, Айғанымды туа салып бауырына басып едi. Бұл құпияны әйелiм екеумiз және Айғанымның әке-шешесi, төрт-ақ адам бiлiп едiк. Елден көшіп кетіп, осында қоныс аударып келген себебіміз де сол еді.

Сен қызыма ынтызар болғанда балалық қой, әлi-ақ ұмытып кетер деп едiм. Ақыры мынадай жағдайға душар болдық. Ендi өлер шағымда екеуiңдi қоспағаныма өкiнiп барамын. Кеш менi, кеш менi қарағым!» Қарттың даусы үзiлiп кеткендей болды. «Кештiм ата, кештiм»,- деген Жүсiптiң даусы тарғылданып шықты. Iшi алай-дүлей, өртенiп жатқандай. Сыртқа шығып «Аһ» деп күрсiнгенде көкiрегi қарс айрылғандай болуы. Ащы өкiнiш өзегiн өртеп, тоғайға қарай жүгiрдi. Арада қырық жыл өтсе де Айғаныммен кездескен жерiн ұмытқан емес. Тура сол жерге барып ағыл-тегiл жылады «Жасым келгенде қарындасыма ғашық болған қарабет болып, еңсемдi көтере алмай жүр едiм. Бүгiнгi естiгенiм өтiрiк пе, шын ба? Қарындасым болмасаң, қосылуымызға да болады екен-ау. Бiздi айырған, менi мәңгiлiк мүгедек еткен адамдарға не дейiн? Лағнет айтайын ба?» Осылай деген Жүсiп теңселiп кеттi. Ол үйiне қас қарая бiр-ақ қайтты. Ауылға жақындай бергенде «Ой, бауырымдаған» азалы дауысты естiдi. «Айғанымның әкесi бақиға аттанған екен-ау. Қой, барып көңiл айтайын»,- деген Жүсiп қаралы үйге бармаққа кері бұрылды. Оның бар ойы – Айғанымды көру едi. Әлдеқашан бәйбiше болған Айғаным мұның жүрегiнде мәңгiлiк жас қалпында қалған. Әкесiн жоқтап, аңырап отырған Айғаныммен бұл да көрiстi. Айғанымды көргенде Жүсiптiң жүрегi езiлiп кеткендей болды. Қолы жетпей қалған ғашығының әжiм торлаған жүзiне қарап, еңкiлдеп жылады. «Өзiн қорлыққа душар еткен адамның қазасы үшiн Жүсiп неге соншалық жылап жатыр» деп жұрт қатты таңданған. 

Олар Жүсiптiң жүрегiнiң өкiнiштен тiлiм-тiлiм болып жатқанын қайдан бiлсiн? 

Тек бір адамды ғана сүйіп, ғұмыр бойы жалғыз өту мұның маңдайына жазылған екен ғой. Жұрт не десе де ақ босағасын Айғаным аттамағаннан кейiн басқа адамға бұл үйде орын да жоқ.

"Әйелі жоқ үйдің" егесі Жүсіп жалғыздықтан қорықпайды. Жалғыздық оның жан досына айналғалы қашан? Жалғыз жатады, жалғыз тұрады. Жүсіптің жалғыз қалуына кім кінәлі,кім?...

Фатима Жүнісова

«Әйел құпиясы» газетінің Бас редакторы

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Ешкімнің бетіне қарай алмаймын...
Құдай оған қосқанша, неге атып тастамады деп қорланып, зарланам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу