Босаға аттамай жатып жесірге айналдым

Oinet.kz 03-02-2022 6179

Мен анамның жалғыз қызымын, әкем менің 7 жасымда өмірден қайтыпты. Ол іссапармен жол жүріп кеткенде ұшақ апатынан қаза тапқан екен. Кішкентайымнан әкемді өте жақсы көретінмін. Әкемнің мені мойнына мінгізіп еркелеткені, үйіп-төгіп ойыншықтар әкелгені еміс-еміс есімде. Мектепте достарымның әкесін көргенімде қасымда әкемнің жоқтығына қатты қынжылатынмын. 

Screenshot_1.jpg

Анам да әкемді қатты жақсы көрген екен. Қазірге дейін анамның әпке, сіңілілері менің анамның әкеме деген махаббатының қандай күшті болғанын, менің ата-анамның бірі-бірі қалай сыйлағанын әлі жыр қылып айтып отырады. Әкем жас кезінде анама ғашық болып, ауласын торуылдап жүреді екен. Бір күні нағашы апам қызын айналшықтап жүрген жігітті шақырып алып,әдейі қайтер екен деп: «Балам, саған қызымды бермеймін, жақсы жұмысың жоқ, табысың да аз, мен сені жақсы білемін. Мен қызымды бай жігітке тұрмысқа беремін» депті. Сол күннің ертеңінде әкем мамам тұратын үйдің алдына жайылмалы төсек алып келіп, әлгі төсекті жазып жатып алған көрінеді. Мұны көрген нағашы әжем: «Әй, баламысың деген, мен әншейін әзілдедім ғой, қызым келіссе, саған оны берем ғой» деп әбден күлген екен. Сөйтіп анам мен әкем отбасын құрыпты. Көп ұзамай мен дүниеге келіппін. Осындай татулығы жарасқан отбасында тудым, бірақ ең өкініштісі, әкемнің анамды ерте тастап кеткені.

Мен кішкентай кезімде бауырларым көп болса ғой деп армандайтынмын. Мен өзімнің киімдерімді, ойыншықтарымды кейін бауырларыма беремін деп тығып жүреді екем. Алайда Алла маған туған бауырлары бермеді. Ал анам әкем қайтқан соң екінші қайтып тұрмысқа шықпады. Әкем қайтыс болғанда небәрі 33 жаста екен. Ол мені қатарымнан қалдырмай өсірді, тынбай еңбек етті.

Менің әкем өте сымбатты, келбетті адам болған. Әкемнің көзін көргендердің бәрі мені әкем ұқсатады. Мектепте оқып жүргенімде талай рет сұлулық байқауларына қатыстым. Өзім тұратын Семей қаласының бірінші аруы атандым.

Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде де талай байқауларға, концерттік кештерге қатысып тұратынмын. Қаламызға келген өнер иелерінің концерттерін ұйымдастыруға атсалысатынбыз. Бірде Семей қаласында мерекелік концертпен қазақ өнеріде өте танымал эстрада әншілерінің бірі келетін болды. Есімі елге танымал жігіт болған соң оның атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп отырмын. Ол қаламызға келіп үлкен концерт қойды. Сол кезде біз онымен өте жақсы жақын танысып, араласып кеттік. Одан кейін де телефон арқылы араласып, сөйлесіп тұрдық. Ол қалаға бірде тағы бір мәрте біздің қалаға атбасын бұрып, маған өзінің екінші әйелі болуға ұсыныс жасады. Маған үй де алып беретінін, барлық жағдайымды жасайтынын айтты. Мына сөзді естігенде кірерге тесік таппадым. Мен оған оның бұл ұсынысын ешқашан қабыл алмайтынымды, ешқашан екінші әйел бола алмайтынымды, оны сүймейтінімді айттым. Бірақ ол мені біразға дейін мазалап жүрді. Мені адам ретінде емес, сұлу қыз, көңілдес ретінде қабылдаған жігіттен көңілім қалды. Ол маған тіпті жай ғана дос ретінде араласып тұрайық деп өтінді. Бірақ мен еекеуміздің арамыздағы байланысты үзіп тастауға тырыстым. Осындай жағдайда жүргенімде мен Арлан есімді жігітпен таныстым. Арлан мені сыртымнан көріп, ұнатып жүреді екен. Оның жағдайы жақсы, бай-қуатты отбасында өскен жігіт екені көрініп тұрды. Бірақ оның қарапайымдылығы, сыпайылығы, мейірімділігі мені бірден баурап алды. Ол үйінде жалғыз ұл екен. Өзінен үлкен ағасы оқыс жағдайда қайтыс болыпты, ал өзінен кейін екі қарындасы бар. Біз Арлан екеуміз 1 жылдай өте жақсы дос болдық. Киноға бірге барамыз, барлық мерекелерді бірге өткіземіз, қысқасын айтқанда аз уақыттың ішінде бір-бірімізге әбден бауыр басып кеттік. Танысқанымызға бір жыл толған күні ол маған тұрмысқы шығу туралы ұсыныс жасады. Мен қуана-қуана келістім. Екеуміз бір-біріміздің ата-анамызбен таныстық. Олар алдағы екі айдың ішінде той қамын ойласып, тойды өткізетіндерін айтты. Бірде Арлан маған үлкен тосынсый жасады. Ол мені бір жерге қыдыруға апаратынын айтты. Мен саябаққа, не мейрамханаға баратын болармыз деп ойладым. Ол мені құрылысы бітпеген үйге ертіп келді. Салынып жатқан үлкен, әдемі үйді көрсетіп, болашақта мына үйде екеуміз және біздің балаларымыз тұрады деді. Менің қуанышымда шек болмады.

Тойға жақындаған сайын қуаныштан жүрегім толқып жүрді. Алайда Арланның жүзінен үнемі бір алаңдаушылық сезіліп тұратын. Бірдеңеге алаңдап, мазасы болмай жүргенін сездім. Бірақ ол маған ашып ештеңе айтпайды. Менің қасымда болған кезінде телефоны шырылдаса шығып кетіп сөйлеседі. Менен бірдеңе жасыратындай болып көрінді. Мен қоярда қоймай жүріп оны алаңдататын жағдайды сұрадым, ол маған біразға дейін ештеңе айтпады, бірақ мен оның букмекерлік кеңсеге көп ақша қарыз болып қалғанын білдім. Ол мені де, ата-анасын да алаңдатпау үшін ештеңе айтпаған секілді. Мұндай тығырықтан шығу үшін жағдайды ата-анасына айту керектігін айтып, оны әкесінен ақша сұрауға әрең көндірдім. Бір-екі күн өткеннен кейін ол маған қарызынан құтылғанын айтып хабарласты. Екеуміз келесі күні кездесін болып келісіп, телефонмен қоштастық. Алайда келесі күні мен сүйіктімнің қайтыс болғанын естідім. Оның жансыз денесі қала шетіндегі қаңғыраған бос үйлердің бірінен табылыпты. Мән-жайды тергеу барысында Арлан өзін өзі өлтірген, асылып қалған деп істі жауып тастады. Бірақ Арланның туыстары да, мен де оның өзіне өзі қол жұмсағанына сене алмаймыз.

Арлан қыршынынан қиылды, ол тіпті соңында баласы қалғанын да білмей кете барды. Мен өзімнің жүкті екенімді Арланның жетісі өткеннен кейін білдім. Аяғымның ауыр екенін анама айтқанымда ол ешқандай ойланбастан нәрестені дүниеге әкелесің деді. Арланның анасына хабарласып, жүкті екенімді айттым. Ол кісінің қуанышында шек болмады. Баланы өсіріп, жеткізуге барын салатынын, көмектесетінін айтып, ағыл-тегіл жылады.

Міне, дәл қазір мен Арланнан қалған кіп-кішкентай періштемді құшақтап отырмын. Әкесінен аумай қалған қызым қырқынан да шықты. Ендігі менің бар арманым қызыма бақытты балалық шақ сыйлау, өнегелі тәрбие беру.

Динара, Семей

alashainasy.kz

Жеңгеміз дүниеқоңыздығының кесірінен бар абыройынан айырылды
Әжең доқтырға барып келеді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу