Малы көбейген сайын ағамның мінезі өзгеріп барады

Oinet.kz 28-11-2022 6820

Алты-жеті жыл бұрын ағам қаладағы тірліктен шаршап, ауылға аттанған. Кеткен мақсаты сонда барып, мал өсіріп, өсімін сатып, ақша етіп қаладан үй алу болатын. Обалы бар ма, ағама мал бітті. Бара салысымен ескі қораны сүріп тастап, жылы етіп қора салды. Құдайдың көмектескені болар, келер жылы ешкілер егізден, қойлар тегіс қоздап, сиырлар қысыр қалған жоқ. Сатып алған жылқылар да өсімсіз болмады. Әкем өмірден өткелі үйде мал азайып қалған еді.

Screenshot_20.jpg

Анамның қасына ағамның барғанына інілері мен әпкелері болып біз қуандық. Шаруаны тегіс өзі атқарып, малды қарап өмір кешіп жатты. Содан бері өткен төрт-бес жылда қораға мал сыймайын деді. Бұрынғы екі-үш ірі қараның саны артып, қой-ешкілердің басы да көбейген. Қораға сиыр сыймайын деген соң қосымша салуға тура келді. Ауылға барғанымда санасам бала кезімізде жиырмадан аспайтын қой-ешкіміз үш жүзге жуықтапты. Сиырлардың саны отыздан кем емес. Әрі үйде 2-3 үйір жылқының да барын ескерсек біздің үй ауылдағы орта дәулетті деген отбасыдан әлдеқайда бай тұрады деуге болады. Осыдан кейін малды сатып, ақша етіп, қаладан үй алуға салайық десек ағамның малды сатқызатын түрі жоқ. Оған әрине, біз таласып, жаға жыртысқан жоқпыз. Жасы отыздан асқан ол әлі үйленген жоқ. Тым болмаса «үйленсенші» деген жақындардың кеңесін құлағына қыстырмайды.

Ала жаздай інілерім ауылға барып малдың жем-шөбін дайындауға қолғабыс етеді. Байқағанымыз, ағам малдың көптігіне малданып, көңілі сондай толады. Бірақ оларды одан сайын көбейтпесе, сатуға еш құлқы жоқ. Тек жуырда өзіне аса қажет болған соң аз-маз малды сатып ресейлік көлікті сатып алды. Онысы ауыл ішінде жүріп-тұруына керек қой. Ал қыстық соғымды есептемегенде қаладағы біздерге ет беріп жіберу үшін тоқты-торымды сою қажет болса жаны шығып кете жаздайды. Амалын тауып не буаз, не арық деп жолатпайды. Басында біз мұнысын шын көретінбіз. Дегенмен онысы малсақтығы емес, малын қатты жақсы көргендегі түрі екен. Осы жерде оның сондай дүниеқоңыз болып бара жатқанын байқадым. Алпысты алқымдап қалған анам көбіне ағама қарсы ештеңе демейді. Ұрыс болмаса да ағам тырысып алып, мал дегенде бізді мүлде маңайлатар емес. Бұрын көңілді, қолы ашық ағам біраз мал бітіп еді мінезі өзгеріп, қызғаншақ, тырысқақ боп барады.

Қазір қалада пәтерде тұрамыз. Мал сатып, несиеге үй рәсімдеу үшін бастапқы жарнасын төлеуге ақша керек десек Нұрлан үзілді-кесілді қарсы. Сондай деймін, мұнша малды ненің құрметіне өсіріп жатқаны бізге түсініксіз. Анама айтсам, ол кісі кейін жөнге келер деп ушықтырмай қоя салады. Інілері болса оған оны айтуға батпайды. Ал мен болсам осыны жаймен айтып ағама ұғындыра алмай келемін. Ол болса қойды тағы да көбейтін, сиырды бір табын етіп ұстаймын деп алдына мақсат қойып алған. Мақсаты дұрыс. Бізді қынжылатыны тамаққа ет қажеттілігі үшін қой сойдырмайтыны. Бұдан кейін үй үшін мал сатудан үмітімізді үзе бастадық.

Қазір көктем уақыты. Елдің бәрі малмен алысып әбігер болып жатыр. Қыстың ұзаққа созылуы, шөптің таусылуы елді әбіргерге салып жатыр. Мал үшін қысқы жем-шөпті молынан түсірген ол қиналып жүр демейміз. Бірақ көктемгі төл оны әбіржітіп жіберді. Демалыста ауылға малға көмектесейін деп барғам. О, тоба-ай! Бұрын бос тұратын қосада ине шаншар орын жоқ. Мал қарасы өте көп. Оны жайғау бір адамға оңай да емес. Қосымша жұмыскер алу керектігін айтсам ағам тағы да арсылдай ұрсып шыға келді. Үндей алмадым. Не деймін оған?!

Қазір ой үстінде жүрмін. Ауылдағы көрші-қолаңның әңгімесі біздің үй туралы ғана. «Марқұм Серікбектің ұлы Қайрат бас-аяғы 4-5 жылда мыңғырған мал жинады. Биыл үйленетін шығар» десе енді бірі «Биыл қаладан үй алып, шетелдік көлік алмақ екен» деп күңкілдейді. Қандай жақсы болжам! Бірақ солай болса біз қуанар едік. Ал ағам... Ағам біздің маңайлатқызар емес...

Сағымбек Серікбекұлы, Көкшетау қаласы

alashainasy.kz

Жұрттың наласы жеңгемді түбі түрмеге тығып тынды
Енем мен қайындарым ештеңе білмесе де, «бедеу қатын» деп тілдеп отырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу