Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бұл көршілес Өзбекстанда болған оқиға. Өмірде болған, естіген оқиғамды айтып отырмын.
Көрнекі фото. Фотоның материалға қатысы жоқ
Екі жас неке қиып, үйленеді. Олар кейбір отбасылар секілді араларында бала болмай, бірнеше жыл күтпейді, өз уақытында әйелі бір қыз босанады. Одан кейін тағы бір қыз дүниеге келеді. Ақымақ күйеуі “қыз туа бердің” деген сылтаумен, әйелін екі қызымен бірге көшеге қуып шығады. Әуел баста ұл болады деп, өзін қатты сендіріп қойған-ау.
Содан әйел байғұс қайтсін, бірін жетектеп, бірін құшағына қысып, екі қызын алып, басы ауған жаққа кете барады. Басында өз жұрты аз-кем көмектескен болар, бірақ қыздары еңбектей бастағаннан-ақ, ол екі қызының қамын ойлап, жұмыс істеуге кіріседі. Жұмыс таңдауға шама жоқ. Табылғанын істейді. Не көрмеді дейсіз? Ауыр болса да, қандай жұмыс болса да, балаларының қамы үшін, бәріне көнді. Үмітінің ақталғаны болар, қыздары мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына тегін түсті. Екеуі де дәрігерлік мамандықты таңдады. Оқуын аяқтаған соң, ауруханаға жұмысқа тұрып, өз саласының үздігі ретінде көзге түсе бастады. Қызметтері де жоғарылай берді. Біреуі бас дәрігерлікке дейін көтеріледі.
Ал, ақымақ әке болса, басқа біреуге үйленеді. Бірақ ол бейбаққа ұл сүю бұйырмапты. Екіншісінің де тапқаны өңшең қыз. Төрт рет құрсақ көтеріп, төртеуінде де қыз босанады.
Екі қыздың анасы көп қиыншылық көрді дедік. Көп уақыт көше сыпырушы болып жұмыс істеді. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде, уақыты келіп үкіметтен үй алады. Қыздарын адал, арлы болуға тәрбиеледі.
Екі қыз бойжеткенше, қатыгез әкелері де бірқалыпта тұрсын ба? Ол да қартаяды. Бір күні кенеттен жүрек талмасына ұшырап, ауруханаға түседі. Мұны естіген бұрынғы әйелі, әлгі дәрігер болды деген екі қызына о кісінің өз әкелері екенін ескертеді. «Сен бізді тастап кеткенсің» деген сөз айтпай, қыздары әлгі кісіге жақсылап қарайды. Сол кездегі әкелерінің өкінішін айтсаңызшы. Еңіреп жылап, қыздарынан әлі күнге дейін кешірім сұрайды дейді.
Иә, пенде бұл өмірде ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін білмей жатады. Қыз деген жанашыр халық. “Жақсылықты қыздан көресің” деген үлкен кісілердің сөзі тегін емес-ау...